Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Жантерек елді мекенінен «Абердин-Ангус-Атырау» ЖШС арқылы 500 ірі қара малын бордақылайтын нысан салынуда.
Мұндай ауқымды жұмыстар асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнім өнімділігін арттыру бағытында іске асырылғалы отырған жұмыстардың бір парасы. Аудан әкімі Мақсот Мұқановтың айтуынша, бүгінде нысанның құжаттары жасақталу үстінде. Білгеніміздей, аталмыш өңірде қой және ірі қара малды бордақылаумен айналысатын барлығы 45 шаруашылық бар. «Қызылқоға Бастау» несие серіктестігі мал азығын дайындайтын жылжымалы сервистік дайындау орталығын ашуға қажетті техникалар мен ет және жүн өнімдерін өңдейтін цехтың құрал-жабдықтары толықтай алдынған. Аталған орталық жуырда ашылады. Сонымен қатар, аудан орталығы Миялы ауылынан коммуналдық меншіктегі бос тұрған ғимаратты кәдеге жаратып, шұбат, қымыз өндіретін цех ашу да жоспарланыпты.
Жалпы облыстың ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Мұнайлы астанада бүгінгі күні 12500 га жылыжай жұмыс жасап келеді. «Теңізшевройл» компаниясының қаражатымен Жылыой ауданында тағы бір жылыжай құрылысы басталды. Индер ауданында да жақын болашақта үлкен жылыжай кешені салынбақшы. «Тұрақтандыру қорына соңғы үш жылда 9 мың жарым тонна өз өнімдеріміз сатылып алынды. Өткен жылы Атырауда шығарылған ауылшаруашылығы өнімдері Ресей еліне экспортталды. Қазір өзімізді өзіміз сүтпен, етпен толық қамтып отырмыз. Атыраулық фабрикалар шығарған жұмыртқаларға да сұраныс жоғары», ― дейді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев. Мұның бәрі -ауылшаруашылығы саласындағы аршынды қадамдардың айғағы.
Аймақта мал басы көбейіп, егін шаруашылығы дамып келеді. Бес айда аталмыш салада өндірілген өнім көлемі 14 млрд 200 млн теңгеге жеткен. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 103 пайызға артық. Өткенге шолу жасар болсақ, 1992 жылы біздің аймақта қой-ешкі саны 1 млн 340 бас еді, қазір бұдан екі есе аз. Сала басшысы Сырым Рысқалиев бұл проблеманы біздегі ата кәсіпке деген қызығушылықтың төмендігімен байланыстырады. Және бұл саланы жандандыру ісінің күн тәртібінен түспеуі қажеттігін айтады. Иә, жасыратыны жоқ. Қазір мал бағып, егін салу десе, ат-тонын ала қашатын ұрпақ қалыптасты. Қайткен күнде де жастардың бұл салаға деген ынтасын арттыру – кезек күттірмейтін міндет. Өйткені, ата кәсіпті жатсынғандар жер қадірін де білмейді.
«Мал өсіремін деушілерге үкімет тарапынан үлкен қолдаулар бар. «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» деген мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруге тиіспіз. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тауар өндіруші несиелік корпорация арқылы ірі қара мал сатып ала алады. Республикалық кесте бойынша, біздің өңір 600 бас ірі қара, 4500 қой, 1800 жылқы алуы керек. Жыл басынан бері 469 бас сиыр малы сатып алынды, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Бұл бағдарламалардың артықшылығы, 14 пайызбен берілетін несиенің 7 пайызын мемлекет субсидиялайды. Алынатын мал бір-төрт жас аралығында және құны 195 мың теңгеден аспауы қажет, несие қайтарым уақыты - 10 жыл. Алғашқы үш жылына жеңілдетілген мерзім бар. Ауыл шаруашылығы саласында кәсіп бастауға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. Қазір тәртіпке сәйкес өндірілген ет, сүт, жұмыртқа, қымыз, шұбатты да субсидиялайды», ― дейді ол.
«Ексең егін, ішерсің тегін» демекші, өткен жылы өңірде 1500 га жерге картоп егілсе, биыл екі мың га болды. Күзде ең төменгі есеппен алғанда 25 мың тонна картоп алу жоспарланып отыр, сол кезде картоппен қамту 46 пайызға жетеді. Ал, жергілікті картоп, көкөніс, бақша дақылдарымен облыс халқы 151 пайызға қамтылып отыр. Басқарма басшысы егістіктің көлемін ғана ұлғайтып қоймай, жаңа технологиялар енгізу арқылы сапалы өнімге қол жеткізу басты назарға алынатынын айтады. «Бұл ретте тамшылатып суару әдісінің тиімділігі дәлелденген. 2014 жылы тамшылатып суару енгізілген егістік көлемі 413 гектар болса, қазір бұл көрсеткіш екі мыңға таяды. - Осы әдісті пайдалану арқылы өнімділік екі жарым есеге өсті», ― дейді С.Рысқалиев.
Бүгінде өнімділікті ұлғайту ісі қолға алынуда. Бұл бағытта картоп өнімін көбейту мақсатында әр гектар-ға 70 мың теңге қарастырылып отыр. Ол – үлкен қаражат. Тамшылатып суару пайдаланылған жағдайда көкөністің әр гектарына 60 мың теңге, дәстүрлі түрде болса, 25 мың теңгеден беріледі. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы минералды тыңайтқыштар алған соманың 50 пайызын мемлекет жауып беретінін айтты, бұл да болса біраз қолдау.
Әйтпақшы, зиянкестермен күресу үшін пайдаланылған уларды сатып алғаны үшін де елу пайызға дейінгі ақшасын мемлекет жабады. Егер оны жергілікті өндірушілерден алса – 50 пайыз, шетелден алынса – 30 пайыз. Су мәселесінде де 50 пайыз шығын өтеледі.
Сала басшысы айтса айтқандай, бүгінгі күні мал өсіріп, егін салып, пайда табамын дегендерге мемелекет тен үлкен қолдау бар. Дегенмен, ошаған арасында картоп өсіріп, оның жан-жағын қоршап, қоңыр күзде жұдырықтай өнімді жинап алатын аға буынның бұл бейнетті тірлігін жалғастыратын бүгінгілер азайып бара жатқан секілді.
Алина ЗИНЕЛ,
Атырау