ҚР Премьер Министрі Кәрім Мәсімов Павлодар облысына жасаған жұмыс сарапында облыс әкіміне өңірдегі сумен қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.
Елімізде ауылдардың 51.5 пайызы орталық сумен қамтамасыз ету жүйесіне қосылған болса, Павлодар облысында бұл көрсеткіш 19.2 пайызды құрайды. Ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз ету тақырыбында өткен жиын барысында Павлодар облысында ауылдық аймақтардың 78 пайызы ғана ауыз сумен қамтылғаны анықталған.
«Тұрғындарды сапалы ауыз сумен жабдықтау – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан жүйелі жұмыс жасау керек», — деді премьер-министр.
Аймақ басшысы Болат Бақауов өз баяндамасы барысында «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясында сумен қамту құрылғысына 3.1 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Нәтижесінде ауыз суға шамамен 38.5 мың тұрғын қол жеткізген.
«Бұл көрсеткіштің төмен болуының бірнеше себебі бар, — деді облыс әкімі. — Біріншіден, 2011-2012 жылдары облыстағы 39 ауылға жерасты су қорының сараптамасы кеш берілді. Екіншіден, сумен қамту көздері қорының болмауы жобалық-сметалық құжаттарды әзірелеуді қаржыландыруға кедергі тигізді. Бұдан басқа, 2014 жылы 63 жобаны әзірлеуге облыстық бюджеттен 498 миллион теңге бөлінген. Ұлттық экономика Министрлігінің құрылыс істері жөніндегі комитетке жалпы сомасы 20,7 миллиард теңгеге 37 дайын жоба бойынша өтініш берілген. Дегенмен, қазіргі таңда Министрлік 2019 жылға дейін 5,6 млрд теңгеге 17 жобаны ғана қолдады. Қалған 20 жоба бойынша мемлекеттік сараптама мерізімі аяқталуда».
Өңірбасшысы Премьер-Министрден үш жылға республикалық бюджеттен 15,1 миллиард теңге бөлінуі үшін өтінішті толық қолдауды сұрады. Аймақ басшысының болжамы бойынша бұл сумен қамтамасыз ету бойынша көрсеткішті 29 пайызға дейін арттырып, 47 мың адамды сапалы сумен қатмамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов «Пахарь» ШҚ ЖШС агроқалашығында болды. Мұнда жұмыс 99 пайызға аяқталып, ендігі суармалы арналарды аяқтау ғана қалған. Бүгінде аталмыш агроқалашықта жекеменшік иелігіндегі аумағы 9.2 мың гектар суармалы алқап бар. Өткен жылы 6.28 мың гектар алқап қолданысқа берілген. Егіс алаңдарын суаратын 18 машина қосымша сегіз теникамен толығатын болады. Сондай-ақ шамамен бір айдан кейін етті тұқымды ангус сиырлары бұзаулай бастайды. 2015 жылы 1.2 мың бас іріқара Австралия елінен әкелінген.
Железин ауданындағы «Пахарь» ШҚ ЖШС-нің бас директоры Руслан Аушевтың айтуынша, жылдың аяғына қарай сүт–тауарлы ферма іске қосылады. Қазанайындамұнда 1.2 мың бас голштин тұқымды ірі қара әкелінбек. Жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалып, әрқайсысы 12 пәтерден тұратын қосқабатты төрт үй ұсынылған.
«Еңбек етіп жатқан жандар мұнда тегін тұрады, бар болғаны электр жарығы үшін төлемақы береді. Бұдан басқа, олар жеңілдік бойынша ет, көкөніс сияқты жергілікті өнімдерден ала алады. Алдағы уақытта сүт өнімдері де ұсынылатын болады. Қазіргі таңда барлығы 120 адам жұмыс істейді. Дегенмен, болашақта штатты 160 адамға дейін кеңейту жоспарда бар», – дейді Руслан Аушев.
Еске сала кетейік, құрылысы 2011 жылы басталған агроқалашықтағы жұмыс биылғы жылдың соңында толық аяқталады. Жобаның жалпы құны 12 миллиард теңгені құрайды.