Ақ Жайық өңірінде деструктивті діни ұйымдар өкілдерімен психологиялық тұрғыда жұмыс істеу шараларына жете мән беріле бастады, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Соған орай биыл БҚО дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығымен «Деструктивті діни ұйымдардың мүшелерімен жұмыс істеудің психологиялық аспектілері» тақырыбында семинар-тренингтер өткізілді. Оған «Менталдық денсаулық және аддиктология» ғылыми-зерттеу практикалық талдау орталығының жетекші мамандары, психология ғылымдарының халықаралық академиясының мүшелері, PhD докторлары, психология ғылымдарының докторлары Кұралай Алина мен Наталья Фесенко Павлодар облысынан арнайы шақырылды.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, бұл шараның мақсаты – уәкілетті, құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлерінің, ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің көпшілікпен, соның ішінде деструктивті діни ұйымдардың адептілерімен психологиялық тұрғыда жұмыс істеудің аспектілеріне жеке тоқталу, адамның іс-әрекетіне әсер етуде қолданылатын қазіргі заманғы психотехникалық әдістерімен таныстыру. Қазіргі таңда К.Алина мен Н.Фесенколар діни экстремизм мен терроризмнің таралуына қарсы іс-әрекет саласында үлкен практикалық тәжірибе жинап, осы бағытта әдістемелік материалдар дайындап, деструктивті діни ағымдардан жапа шеккен азаматтарға психологиялық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, ғалымдармен Павлодар облысының конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығында радикалды діни ұйымдар мен ағымдардың ықпалына түскен жандардың, олардың отбасы мүшелерінің деструкция деңгейін анықтау бойынша психо-филологиялық зерттеулер жасалды.
Семинар барысында жиналғандарға «Діни аддиктің және арбаушының әлеуметтік-психологиялық портреті», «Діни сезім, аддикция, фанатизм», «Әйелдер жамағаты феномені», «Гендерлік және отбасылық аспектілер» және тағы да басқа тақырыптарда толыққанды мәліметтер берілді.
«Бұрын жастар би кештеріне қашып кететін болса, қазір түсініксіз жерлерге, жат ағымдарға баратын болды. Олар өздерін Алланың құлы болып жүрміз деп ойлайды. Сөйте тұра, ата-анасын тыңдамай, мүлдем мойындамай кетеді. Азан шақырып қойған есімдерін өзгертеді. «Жұмақ - ананың табанының астында» десек те, олар «Енді сіздердің балаларың емеспін» деп ата-анасынан теріс айналады. Біз түрмеде отырған жастармен сөйлестік, олардан «Осы жерден шыққан соң, кез келген елге барыңыз десе, қай елді таңдар едіңіз?» деп сұрадық. Сонда олардың біразынан «Норвегияға барар едік» деген жауап алдық. Өйткені ол елде балалар, мүгедектер, эмигранттар жұмыс жасамайды екен. Сонда олардың жұмыстан, қиындықтан қашып жүргені байқалады. «Өмірге не үшін келдің?» деген сұраққа жауап жоқ. Олардың кейбірі төрт әйелден алады (бәйбіше, тоқал, аққолтық, нақсүйер). Біз олардан «Жұмысың жоқ, төрт әйелді неге алдың?» деп сұрасақ, «Біріншісі асырар, мүмкін екіншісі асырар... деп алдық» дейді. Олар «Бес уақыт намаз оқыдым, маған Құдай береді, менің жұмысым осы» деп ойлайды. Көпшілігі тек 5 сүрені жатқа біледі. Білімдері тайыз. Сондықтан ата-аналар баласына «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап табуына көмектесулері керек. Ол үшін кішкентай кезінен «Сен кімсің? Әкең кім? Атаң кім?» деген сұрақтар балаға қойылуы қажет. Бұрын аталарымыз баланың ата тегін, жеті атасын санасына құйып өсіріп, дұрыс жасаған. Екіншіден, баланы ерте жастан еңбеккке баулыған абзал. Қазір біз сабаққа барып келген балаға жұмысқа барып келгендей қараймыз. Баламыз мектеп бітірген соң, жоғары оқу орынына түсу үшін жүгіреміз, оны бітіргесін жұмысқа орналастырамыз деп жүгіреміз. Біз тауып берген жұмыс балаға ұнамайды. Осыдан келіп әртүрлі мәселелер туындайды. Сөйтіп, өзіміз баланы жалқаулыққа тәрбиелейміз. Сондықтан да ата-аналар баланың дегенін жасай бермегені жөн. Семинар барысында осындай мәселелерге де назар аударылды. БАҚ өкілдерімен болған тренингте қоғамда рухани-ағартушылық бағытта жұмыс жүргізудің жайы сөз болды», — дейді Құралай Алина.
Ұйымдастырушылар да, семинарға қатысушылар да және өкілетті мемлекеттік құрылым мамандары да мұндай шараның мәні мен маңызы әрі қоғамға берер пайдасы көп екенін айтуда. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар облыста келер жылдары жалғасын табатын болады.