пятница, 29 марта 2024 г.
icon
448.15
icon
483.46
icon
4.86
Алматы:
icon
10oC
Астана:
icon
4oC
1xadv
×

Атырау облысы Көрісу күнін қарсы алуда

Еліміздің батыс өңірлерінде жақсы сақталған «көрісу» деген салт бар. Оны өзге өңір тұрғындары көп біле бермейді. Ендеше, игі дәстүрді халық арасында көбірек насихаттау қажет. Міне, осы мақсатта жергілікті өлкетанушы Өтепберген Әлімгерейұлы бастаған Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалы мен «Достық үйі» бірлесіп, Сарайшық ауылында жастармен кездесу өткізді, деп хабарлайды NewTimes.kz тілішісі.

Қазақ елінің алғашқы астанасы саналатын көне Сарайшықтың орнын мекен еткен халық таң атысымен мешітке жиналды. Қытымыр қыстан аман-есен шығып, бір-бірімен қауышқан жандар қол алысып, төс соғыстырды. Ауылдың қазына қариялары бас қосып, өскелең ұрпақ алдында өсиетті әңгімелерін айтты. «Шешен-Ингуш» этномәдени бірлестігінің атынан сөз алған Зелимхан Зубариев көрісу мейрамының қадір-қасиетіне тоқталды.

«Бұл мерекенің тек қазақ үшін ғана емес, осы жерге әуелі ата-бабасы тағдырдың жазуымен қоныс аударып, кейін кеңінен тамыр жайған өзге ұлт өкілдері үшін де маңызы зор. Қазақстанның ежелгі тұрғындары малмен күнелтті. Сондықтан, күн жылынып, көктем келгенде алдымен «мал-жаның аман ба?» деп жөн сұрасқан. Мұның артында терең мағына жатыр. Өйткені, төрт түлік – сол кездегі күнкөрістің жалғыз көзі болатын. Яғни, бұл «мал аман болса, жан да аман» дегені еді», — деді аталған бірлестік төрағасы.

Ақсақалдардың ақ батасын алысымен, ауыл балалары асық ойнап, ләңгі тебісті. Қыз-келіншектер бауырсақ пісіріп, ет асты. Дастархан үстінде үлкендер табақ тартудың да қыр-сырымен бөлісті. Белгілі қаламгер Өтепберген Әлімгерейұлының айтуына қарағанда, «көрісу» деген сөз «жүздесу», «дидарласу» деген мағынаны береді. Бұл дәстүрдің нақ көктемгі маусымға тап келуі де тегін емес. «Наурыз айы болысымен, күн күлімдеп, жер жаңарады. Кейін, күн мен түн теңеледі. Осы уақыт ішінде бар өкпе-назды өткен күндердің еншісіне қалдырып, жаңадан өмір бастау керек. Олай болса, сонау Алтын орда дәуірінен бастау алатын көне салт ұмытылмауы тиіс, оны жас толықынның есіне салып отырған жөн» дейді ол.

Ғалымдардың айтуынша, бұл - қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі.

Қолда бар кейбір там-тұм деректер 14 наурыз Қазақстанның өзге өңірлерінде де Ұлыстың ұлы күні ретінде аталғандай әсер береді. Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады. Ал кемеңгер ақын Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март қазақша Жаңа жыл Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген», делінген.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0