суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
447.4
icon
477.55
icon
4.76
Алматы:
icon
14oC
Астана:
icon
15oC
1xadv
×

Қостанайда ІТ-технологиялар кабинеті ашылды

Қостанай қаласындағы Техникалық шығармашылық мектебінде ІТ-технологиялар кабинеті ашылды. Бұл мақсатта 8,5 миллион теңге жұмсалды. Қаржы жергілікті меценаттардың қалтасынан шыққан. Ал облыс орталығындағы тұңғыш ІТ-мектеп интернатына 180 миллион теңге қарастырылған, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Шенеуніктердің айтуынша, құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады. Сондай-ақ, облыс басшысы жыл басында әр аудан, қала әкімдеріне білім беру саласын цифрландыру бойынша, ІТ-технологияларға бет бұру бағытында нақты міндеттер жүктеген болатын.

Қостанайдағы Техникалық шығармашылық мектебі - жұмыс нәтижесімен мақтана алатын ұжым. Тәлім алушы өрендері небір республикалық, халықаралық додаларда дестері басым түсіп, қанжығалары бірнеше дүркін майланып қайтқан. Мектептегі сабақтарынан соң технологияның қызығына ынтыққан балдырғандардың барлығы осы тұстан табылады. Тіпті, алдыңғы лек түлектері бұл салада өз кәсіптерін де ашып үлгерген. Ал жергілікті меценаттарының жомарттығына мектеп ұжымының алғысы шексіз. Себебі, ІТ-технология кабинеті – келешекке бастайтын жарқын жоба.

ІТ-кабинеттің ашылу салтанатына Қостанай қаласы әкімінің кеңесшісі Рүстем Қарқынов келді.

Техникалық шығармашылық мектебінің директоры  Темірхан Керібаев келген меймандарға ұжымының жеткен жетістіктері хақында баяндап берді:

«Біздің мектеп автомодельдеу ісі бойынша көшбасшылықты 15 жыл қатарынан уысынан шығарған емес. Мәселен, автомодельдеу спорт түрі ретінде қалыптасқанына  40 жылдың жүзі болса, өңірдегі бұл саланың тізгінін ұстап келе жатқаныма 25 жыл толыпты. Жетістіктеріміз жаман емес. Бқл ретте Қазақстан Республикасының он дүркін чемпионы екенімізді еске сала кеткенді жөн санаймын. Қуанышбай Айқадамов, Иван Мычко сынды түлектеріміз облыс жастарының Алтын кітабына енгізілген. Жуырдағы Қазақстан чемпионаты аясындағы политехникалық олимпиаданың барлық бірінші, екінші және үшінші орындардың жүлдесін біздің өрендер еншілеп қайтқан еді».

Сондай-ақ, жиылған қауым мектеп оқушыларының құлтемір құрастырудағы жетістіктеріне де қанықты. Тәлім алушылардың бірі Роман Вечер LEGO-крнструкторынан не түрлі роботтарды құрастыруға ынтық.

ІТ-технология кабинеті аядай ғана жерде шоғырланған, жинақы. Жаңа мүмкіндіктерге ие болып, заман талабына сай тәлімдеріне одан әрі жетілдіре алу көкжиегіне жеткен оқушылардың жанарынан қуаныш ұшқынын байқау қиын емес.

«Біздің мектептің бағдарламасына 2014 жылы роботтық техника бағытын енгізген едік. Ал 2017 жылдан бастап бұл пәнді 7 жастан 10 жасқа дейінгі балалар үшін оқыта бастадық. Бүгінде құлтемір құрастыруға баулыйтын бес топ жемісті жұмыс істейді. Барлығында 60 өрен білімдерін жетілдіреді», — дейді Қостанайдағы Техникалық шығармашылық мектебінің оқытушысы Андрей Карпуть. 

Техникалық шығармашылық мектептің оқушылары үш жылдың ішінде республикалық олимпиадаларда жалпы командалық есепте 33 жүлделі орын еншілеген.

«Оқытушымның нұсқауымен «Электроник» конструкторын құрастырдым. Көп уақытым кетті. Әрине, өзің қызығып істегеннен кейін, қиындығын байқамайсың да. Келешекте еліме еңбегім тиетін инженер болуды қалаймын», — дейді Техникалық шығармашылық мектебінің ең жас оқушысы Мирон Харламов.

Техникалық мектептің оқушылары 3D-модельдеу шеберлігін де бір кісідей меңгерген. Мұғалімдердің айтунша, 3D-модельдеуге әркімнің тісі бата бермейді. Неге десеңіздер, шығармашылық қиял бір бөлек, сондай-ақ ағылшын тілін жетік меңгеру талап етіледі.

Ал ІТ-технологиялар кабинетінің ашылуы мұғалімдер мен жеткіншектердің алдында жаңа белестің ашылыуымен пара-пар.

«Техникалық шығармашылық мектебі үшін ІТ-технологиялар кабинетіне жергілікті кәсіпорындардың тарапынан түрлі жабдықтар мен кеңселік жиһаздар сатып алынды. Бұл өз кезегінде мектептің материалды-техникалық базасын ілгерілетіп, роботтық техника саласындағы жетістіктерін ұлғайта түседі деп ойлаймын. Ал, қай салада болмасын жағдай жасалса, күтілетін нәтиже де қомақты екені мәлім», — деді кәсіпорын директоры Бақытжан Распаев.

Қостанай қаласы әкімінің кеңесшісі Рүстем Қарқынов пен Техникалық шығармашылық мектебінің директоры Темірхан Керібаев демеушілік білдіріп, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы «Көркее бер, Қостанай» жобасы бойынша ІТ-технологиялар кабинетін жабдықтауға атсалысқан барша меенаттарға алғыстарын білдірді. Айта кету керек, ІТ-технологиялар кабинетіне 8,5 миллион теңге жұмсалды.

Жуырда ғана Қостанай облысындағы білім беру саласын цифрландыруға қатысты жұмыстарды пысықтау бойынша облыс әкәмінің қатысуымен жиын өткен еді. Естеріңізге сала кетсек, келесі оқу жылында Қостанайда тұңғыш «ІТ-мектеп-лицей-интернат» ашылады. Аталмыш заманауи мектепке оқушыларды іріктеу бойынша арнайы тестілеу жұмыстары аудандардағы мектептерде басталып кеткен. Бұл жөнінде Қостанай облыстық Білім басқармасының басшысы Бәтмиа Даумова мәлімдеді. Мамандар оқушыларды «ІТ-мектепке» іріктеуде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесіне иек артады. Ал, ілкімді технологиялар мектебінің құрылысы білім беру саласын цифрландырудың жол картасына енген жоба. Белгілі болғандай ақпараттық технологиялар мектебі Қостанай қаласындағы Садовая көшесіндегі интернаттың базасында орналасады, ал негізгі оқыту орталығы қайта құрылатын дарынды балаларға арналған «Озат» мектебінде шоғырланады. Жаңа оқу ордасында екі ІТ-зертхана, 3D-модельдеуге негізделген роботтық техника кабинеті, виртуалды кітапхана және екі заманауи информатика кабинеті болады. Білім беру басқармасы басшысының сөзінше, қажетті жабдықтарды сатып алу жүріп жатыр. ІТ-мектептің құрылысына 180 миллион теңгедей қарастырылған, ал жұмысын үстіміздегі жылдың тамыз айында бастайды.

«ІТ-мектепке үш жетінші және үш сегізінші сынып оқушыларын қабылдайтын боламыз. Біздің ұсынысымыз бойынша, аудан мектептерінде тестілеу жұмыстары басталып кеткен. Аудандар үшін квота қарастырылмаған. Қай елді мекеннен жаңа мектепке қабылданатын оқушылардың аз-көптігі жас дарындардың білім деңгейіне тікелей байланысты. Іріктеу барысында Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесіне сүйенеміз. Егер, басқа мамандандырылған мектептерге оқушылар қабылданарда пәндері бойынша, тек «төрттік» пен «бестік» бағалар болуы талап етілсе, Назарбаев мектептеріне түсетін өрендердің «үштік» бағалары кездескенімен, олардың логикалық ойлау қабілеті, ІТ-технологияларға икемділігі қаперге алынады. Сондай-ақ, ІТ-мектепке балаларды қабылдау кезінде 60 пайыз оқушылардың ауылдық, аудандық мектептерден болуына екпін қоямыз. Қазіргі уақытта арнайы делегация құрамы дайындалды. Алдағы уақытта олар ІТ-мектеп-лицейінің тәжірибесімен танысу үшін, Қазан қаласына іс-сапарға шағады», — деді Қостанай облыстық Білім басқармасының басшысы Бәтима Даумова. 

Айта кету керек, жуырда ғана Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ІТ-мектептер мен кабинеттердің ашылуы бойынша аудан, қала басшыларына тапсырма берген болатын.

«Биыл орта білім беру саласын цифрландыруға екпін қою керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, облыс орталығында тұңғыш ІТ-мектеп-интернат ашамыз. Ал, аудан, ауыл мектептерінде, тым болмағанда, ІТ-кабинеттерді жабдықтау керек. Ол үшін, бюджет қаржысынан бөлек, жеке инвестицияларды тартуды жандандыру керек», — деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Нұрқанат НҮСІПХАН

Қостанай

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0