пятница, 26 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
7oC
Астана:
icon
11oC
1xadv
×

БҚО-да жас фермерлер үлесі артып келеді

Ақ Жайық өңірінде тауарлы малдарды асыл түлікке алмастыру бағытындағы жұмыстар жыл өткен сайын қарқын алып келеді. Бұл іске жас фермерлер де өз үлестерін қосуда. Сондай жанның бірі - шыңғырлаулық Нұржан Лесов, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Ол таяуда Қостанай облысынан 60 бас абердин-ангус сиырын алып келді. Ең етті ірі қара тұқымы саналатын бұл зеңгі баба түлігі Ақ Жайық өңіріне де үйрене бастағанын айта кеткен жөн. БҚО-ға алғаш рет Жаңақала ауданының шаруалары әкелген абердин-ангустар бүгінде біраз ауданда бар.

Ардақ ауылының тумасы болып табылатын тепсе темір үзер жастағы Нұржан 2014 жылы «Жайдар» шаруа қожалығын құрып, 30 бас ірі қарамен жұмысын бастады. Бірақ тауарлы бағыттағы малдардың нарықтағы бәсіннің төмендігін көрген соң оларды тапсырып, шетелдік асыл түлікті әкеліп отыр.

«Тарихи деректер бойынша малдың бұл түрі ХІХ ғасырда Шотландияның Абердин және Ангус деп аталатын екі графствосында асылдандырылып, шығарылған. Ғалымдардың сараптауынша, абердин-ангус салмақ (таза ет) қосу,  ет сапасы мен дене пішінінің жұмырлығы бойынша әлемде бірінші орында. Оның сыртында ұсақталып кеткен өзге тұқымды малды асылдандыруға тиімді. Себебі абердин-ангус малы будандастырудың нәтижесінде гендік басымдығы жоғары болып шығады. Яғни, алынатын төлдің қанына шотландиялық малдың қасиеттері көптеп дариды екен. Осындай артықшылығы бар асыл тұқымды малды репродукциялау мақсатында қазіргі таңда АҚШ-та, Австралияда, Англияда, Канада, Жаңа Зеландияда және тағы басқа елдерде кеңінен тарап кеткен. Бұл асыл тұқымды сиырларының тағы бір ерекшелігі - бұзаулары анасынан кішкентай болып туылып, тез өседі. Қақаған аяз бен аптап ыстыққа шыдамды, әрі ауруға төзімді болып келеді екен. Міне, осындай ерекшеліктерін ескере келіп, 30 млн. теңгеге жуық қаржыма шотландиялық сиырларды алып отырған жайым бар. Егер біздің жерге жақсы жерсініп келіп жатса, бұл мал басын үш есеге дейін өсіргім келеді. Қазір ауылдағы екі жас жігітті жұмыспен қамтып отырсам, алдағы уақытта қызметкерлерімнің санын 10-ға жеткізбекшімін», — дейді ол.

Шыңғырлаулық жас фермердің бастамасын мал мамандары, ғалымдар қолдап отыр. Мәселен, Жәңгір хан БҚАТУ-дың доценті, ауыл шарушылығы ғылымдарының кандидаты Болатқали Төлебаевтің айтуынша, тауарлы мал ұстаудың болашағы жоқ. «Асыл тұқымды мал ұстаған жан ұтады,-дейді ғалым.-Біріншіден, асыл аналыққа мемлекет тарапынан төленетін демеуқаржы көп. Екіншіден, малды өзін ақтайтын бағаға өткізу үшін Ақтау, Атырауға апарып сату керек. Ол қосымша шығын. Ал асыл тұқымды малды өзге фермерлер іздеп келіп сатып алады. Ешқайда шығудың керегі жоқ. Қаншама қаржы, уақыт үнемделеді. Әрі бағасы қымбат. Нұржан өзінің осындай ісімен Елбасының ауыл шаруашылығы саласын дамыту, малды асылдандыру бағытындағы тапсырмасының жергілікті жерде орындалуына өз үлесін қосуда. Сол себепті өзге де жас фермерлер Нұржаннан үлгі алу керек деп ойлаймын».

Айта кетейік, Нұржан шаруашылықты ғана жүргізіп қоймай, ауылдағы игі істерге де ұйытқы болып жүр. Мәселен, кеше өткен Ұлы Жеңіс күні Ардақ ауылында дала қызықтарын ұйымдастыруға мұрындық болды. Ол ауылдағы абаттандыру, қайырымдылық істерінен де тыс қалып жатқан жоқ. Осылайша бұл азамат кенжелеп қалған ауылын өрге сүреп келеді.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0