четверг, 25 апреля 2024 г.
icon
443.85
icon
474.3
icon
4.8
Алматы:
icon
17oC
Астана:
icon
7oC
1xadv
×

БҚО-да жұмыссыз жастардың саны азаюда

Ақ Жайық өңірінде сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарының арасында аспаз, кондитер, наубайханашылар бар, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Мұндай кәсіп иелеріне деген қажеттілікті өтеуге Орал қаласындағы сервис және жаңа технологиялар колледжінің студенттері мен түлектері де өз үлестерін қосуда.

55 жылдық тарихы бұл оқу орнында 382 студент кәсіби білім алуда. Сондай-ақ жыл сайын мұнда облыстың түкпір-түкіпірінен елуге жуық жұмыссыз жастар келіп, қысқа мерзімді курстарды оқып, кәсіп меңгеруде. Білім ордасында сонымен қатар маркетинг, бақылаушы-кассир, сәндік-қолданбалы өнер және халық кәсіпшілігі, жүн мен былғарыдан көркемдік бұйымдарды дайындаушы, туризм мамандықтары да бар. Шалғай ауданнан келгендер жастар және аз қамтылған отбасылардың балалары ыстық тамақпен, жатақханамен  қамтамасыз етіледі. Студенттер Орал қаладағы «Наурыз», «Шаңырақ», «Ақжайық» мейрамханаларынан және «Жасмин», «Мирлан», «Фаина» кафелері мен «Балзия», «Пивень», «Скит», «Kazkon»  кондитерлік цехтары мен нан зауыттарында машықтан өтеді. Оқу орны мен аталмыш кәсіпорындар арасында әлеуметтік серіктестік орнатылған. Оқуды үздік бітіргендер  біліктілігі бойынша IV санатты маман болып шығады. Бір жыл жұмыс жасаған соң аспаздардың, кондитерлердің ең жоғарғы біліктілік - V санатты алуға мүмкіндігі бар.

Колледждегі 16 өндірістік оқыту шебері заманауи білім беру мақсатында шетелдерде өткізілетін шеберлік сағаттарына жүйелі қатысып тұрады. Оқытушылардың жоғары біліктілігіне және оқу орнының материалдық-техникалық тұрғыдан жақсы жабдықталуына байланысты болса керек осындағы шәкірттер түрлі облыстық, республикалық байқауларда үздік болып жүр. Мәселен, былтыр Астана қаласында өткен «World skills Kazakhstan»  республикалық байқауында Динара Сатыбалдиева «Наубайшы шеберлігі» аталымы бойынша жүлделі екінші орынды иеленген.

«Біздің колледж бен қаладағы өндіріс орындары арасында әлеуметтік-әріптестік жақсы жолға қойылған. Үшінші курста цехтарға машыққа жіберілгендердің дені өздерін кәсіби тұрғыда көрсетіп, бітірген соң жұмысқа орналасады. Жалпы далада қалып жатқан шәкірттеріміз жоқ. Студенттеріміз нарыққа барынша бейімделіп келеді. Колледж қабырғасында жүргенде, оқу бітірген соң тұрмысқа шығып, баламен отырғанда көбіне үйден тапсырыс алып, ақша табады. Мәселен, кондитерлеріміз негізінен торт жасауға тапсырыс қабылдайды. Ғаламтордан қарап соңғы үлгідегі торттарды жасайды. Олар бізге жиі хабарласып, мейрамдарда құттықтап тұрады. «Апай, бізге тәтті тамақтар пісіріп үйреткеніңіз үшін рақмет.  Отбасылық өмірде сізден үйренгеніміздің көп пайдасы тиюде. Қонақ келгенде дастарханды жайнатып қоямыз. Жұбайымыз да күн сайын әр түрлі тамақ пісіретінімізге үйреніп қалған. Жұмыстан шығып үйге жеткенше, телефонмен хабарласып не пісіргенімізді сұрайды да үйге асығып жетеді» дейді. Жастарымыздың тек кәсіпті меңгеріп қоймай, отбасындағы бәрекелі тірлікке де ұйытқы болып жүргеніне қуаныштымыз»,— дейді аталмыш колледждегі өндірістік-оқыту шебері Нұргүл Нұрғалиева.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0