среда, 8 мая 2024 г.
icon
439.43
icon
473.31
icon
4.82
Алматы:
icon
25oC
Астана:
icon
21oC
1xadv
×

Батыс Қазақстан облысында «серпіндіктерге» артылар сенім зор

Еңбек ресурстары басым еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқытып, жұмысқа орналастыруды мақсат тұтқан «Серпін» бағдарламасы аясында қазір Батыс Қазақстан облысында 1309 жас білім алуда, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстаудан келген жігіттер мен қыздар Ақ Жайық өңіріндегі 2 ЖОО мен 8 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқып жатыр. Олар негізінен университет қабырғасында жүр. Мәселен, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың студенттерінің 458-і «серпіндіктер». Соның үштен бірі таяу күндері диплом алады. Жоғары білімді маман атанатындардың ішінде Тұрсынай  Қажығали да бар.

«Мен талай шайырлар мен жыраулардың мекені болған Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданынанмын. «Серпін-2050» бағдарламасы туралы оқуға құжат тапсырарда білдім. Ол кезде бұл бағдарлама менің болашағымның алтын көпірі болатынын әсте ойлаған жоқ едім. Орал өңіріндегі бес жылға жуық уақтым көзді ашып-жұмғанша өте шықты.  Тек сабақ оқып қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысуға тырыстым. Бұл білім ордасында біз үшін барлық жағдай жасалды. Білімді де білікті профессор-оқытушылар құрамы сабақ берді. Жаңа технологиямен жабдықталған аудиториялар мен зертханалар студенттердің игілігі үшін жұмыс жасауда. Университеттің №2 жаңа жатақханасы тек «серпіндік» студенттерге берілді. Мұның бәрі біздер үшін жасалған қамқорлықтың бір бөлігі ғана. Еліміздегі осындай беделді университеттің студенті болғаныма  өте  қуаныштымын. Енді алған білімімді осы Ақ Жайық өңірінің қарыштап дамуына арнасам деп жүрмін», — дейді ол.

Техникалық және кәсіптік колледждерде оқып жатқан 213 жас балық шаруашылығы, ветеринария, құрылысшы, мұнай және газды  өңдеу технологы, электрик сынды мамандықтарды  меңгеруде.

БҚО жастар саясаты басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, студент жастардың әлеуетін көтеру, достық қарым-қатынасты нығайту бағытында жыл сайын өтетін «Аламан» облыстық фестивалінде «серпіндіктер» арасында шығармашылық байқау (дәстүрлі ән, эстрадалық ән, ұлттық би), пікірталас ойыны, бейнероликтер сайысы және спорттық жарыстар  өткізіліп тұрады. Бұл шаралардың да өзге өңірлерден келген жастардың жаңа ортаға тез бейімделуіне қосар үлесі зор.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0