пятница, 22 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
1oC
Астана:
icon
-2oC
×

Климаттағы өзгеріс: Биылғы шілде неліктен тарихтағы ең ыстық айға айналды?

Ғалымдардың сөзінше, адамзат соңғы рет осыған ұқсас аптап ыстықты 120 мың жыл бұрын бастан кешкен екен, деп жазады inbusiness.kz.

Фото: Pexels.com
Фото: Pexels.com

Ғалымдар ауа-райын бақылау тарихында шілденің ең жылы ай атанатынына сенімді. Адамзат соңғы рет 120 мың жылда алғаш рет мұндай аптапқа куә. Оның ыстық болғаны сонша, зерттеушілер 2019 жылғы рекордтың жаңаратынына күмән келтірмей отыр

Осыған байланысты БҰҰ басшысы Антониу Гутерриш планетаның «жаһандық қайнау дәуіріне» аяқ басқанын айтса, АҚШ президенті Джо Байден климаттың өзгеруін «экзистенциалды қауіп» деп атап, «оның әсерін енді ешкім жоққа шығара алмайтынын» мәлімдеді.

«Коперник» климаттың өзгеруі жөніндегі қызметінің мәліметінше, әлемдегі ең жылы күн 6-шы шілдеде тіркелген екен. Сонымен қатар ең ыстық 23 күн де жетінші айда байқалыпты.

Басқа талдаулар осыған ұқсас қорытындыға келіп отыр.

«Бұл ең жылы шілде ғана емес, жаһандық орташа температура бойынша ең жылы ай болды. Планетамыздағы мұндай жағдайды табу үшін ондаған мың жылдарға кері қайтуымыз керек», - дейді Лейпциг университетінің докторы Карстен Хаустайн.

Айта кетсек, зерттеушілер дүниежүзілік ауа температурасын бүкіл әлем бойынша орналасқан метеостанциялардың көрсеткіштерін жинау арқылы анықтайды. Бұған не себеп?

Зерттеушілердің сөзінше, күннің мөлшерден тыс жылынуына адамдардың қазбалы отынды өндіру әрекеттерінен атомосфераға тарап жатқан улы қалдықтар себепші.

«Шілдеде миллиондаған адамға әсер еткен экстремалды ауа-райы, өкінішке орай, климаттың өзгеруінің қатал шындығы. Ауаға тарап жатқан парниктік газды азайту қажеттілігі бұрынғыдан да өзекті болып тұр», - дейді дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы профессор Петтери Таалас.

Биыл сынап бағанасының ерекше жоғарылауына улы газбен бірге Эль-Ниньо феномені де себепші. 2-7 жылда бір қайталанатын бұл құбылыс кезінде Тынық мұхиттың шығыс бөлігі жылынып, атмосфераға жылу бөлінеді. Бұның нәтижесінде 2023 немесе 2024 ең жылы жыл атануы мүмкін.

Сонымен қатар жаһандық температураға ықпал ететін басқа да факторлар болуы мүмкін.

2022 жылы Тонгодағы суасты жанартауының атқылауы атмосферадағы су буының мөлшерін көбейтіп, планетаны көмірқышқыл газы сияқты қыздыра түскен.

Бұл Париж келісімі үшін нені білдіреді?

2015 жылы климат бойынша Париж келісіміне 200-ге жуық мемлекет қол қойды. Олар жаһандық температураны индустриалдық кезеңге дейінгі деңгейінен (адамдар қазба отынды кең ауқымды жағуды бастағанға дейінгі кездегі мөлшерінен) 1,5 градустан артық асырмауға келісті.

Дегенмен кейбір ғалымдардың ойынша, биылғы шілденің шіліңгірі алаңдатарлық жағдайға жетсе де, халықаралық климаттық келісімдердің бұзылғанын білдірмейді.

«Бұл Париж климаттық келісімінің мақсаты - температрураны 1,5 градустан асырмау міндетінен ауытқуды аңғартпаса керек», - дейді Лондон корольдік колледжінің климат жөніндегі ғалымы доктор Фридерик Отто ВВС-ге берген сұхбатында.

Айта кетсек, жаһандық температураны тиісті деңгейінен 1,5 градустан асырмау климаттың өзгеруінен туындайтын ең қауіпті зардаптардың алдын-алу үшін қажет болып отыр.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 2
Сочувствую 0
Возмутительно 0