Бала кезінен кең даланың тынысын бойына сіңіріп өскен Алтын Құттыбайқызы көлікке, соның ішінде тракторға қызықты. Қызығып қана қоймай, жастайынан техниканың құлағында ойнады. Сөйтіп, жер жыртып, шөп орып, көмір тасып, ерлермен қатар еңбек етті. «Бір трактор бір үйді асырайды» дейді ол күліп. Бүгінде жасы алпысты алқымдаған тракторшы ана сүйікті ісінен әлі де қол үзген емес, деп жазады Turkystan.kz.
Алтын Құттыбайқызы – Түркістан облысына қарасты Монтайтас ауылының тұрғыны. 80-жылдары Шымкентте пошта операторы мамандығы бойынша білім алған. Кейін Ташкенттегі техникумда білімін жетілдіріп, жұмыс істеді. Алайда жастайынан техникаға әуес болып өскен қыздың аңсары тракторға ауа береді. Сөйтіп, Қазығұрттағы училищенің үш айлық трактор жүргізу курсын оқып, жиырма жасында үлкен көліктің рөліне отырады. Осыдан кейін шаруашылықтың жұмысын дөңгелетіп алып кетеді.
«Бізге мектепте еңбек сабағынан трактор жүргізуді үйрететін. Кейін тағы оқыдым. Кәсібімді жақсы көремін. Басында байқағаным, алып техниканы тізгіндеп жүрген кісілердің көбі арық, кішкентай болады. Соған қарап, «Өздері кішкентай болып, үлкен көлікті қалай айдайды екен?» деп ойлайтынмын. Сөйтсем, маймен жүретін болған соң жүргізген кезде жеп-жеңіл болады екен. Қатты қызыққаным соншалық, тез үйреніп алдым. Тракторды айдаған кезде жұрттың бәрі таңғалды. Бірінші көлігім мен шөп шабатын машинамды 1985 жылы алдым», – дейді Алтын Құттыбайқызы.
Күн-түн демей еңбектеніп, совхоздың жерін жыртты. Ол уақытта тәртіп қатаң болатын. Білікті агроном мамандар жыртылған жерді сантиметрмен тексереді. Өйткені арық қалып кетсе, бидай орғанда комбайн сынады екен. Сонымен қатар жыртқан жердің тереңдігі 30-40 сантиметрден кем болмауы тиіс. Бұл талап орындалмаса, бидайды арамшөп басады. К-700-ді тізгіндеген Алтын Құттыбайқызы өзіне қойған талаптың үдесінен шығып, жұмысын жауапкершілікпен атқарды. Әрине, ол үшін сабырлық, мұқияттылық және шеберлік қажет.
«Трактормен атқаратын жұмыс көп болатын. Жүгері, су әкелеміз, теміржолдан көмір тасимыз. Көмірді Газ-53 көлігімен таситын. Бұл көлік тез апарады, бірақ бензині қымбат. Сол үшін жүргізушілері екі-үш мың теңге алады. Ал мен трактормен мың теңгеге апаратынмын. Арзан болғандықтан, бізге өтініш жасайтын адамдар көп болды. Негізі, мұндай жұмыстардың басы-қасында ер адамдар жүретіні белгілі. Жүгері тасуға барғанда басқа совхоздардан келген адамдар бізге кезек бермей, кіргізбей қоятын. Сонда «Өткізбесеңдер, қағып-соғып кіріп кетемін, жолдан былай тұрыңдар» деймін ғой күліп. Содан кейін «Ойбай, Алтын келе жатыр» деп шетке тұратын болды. Қасымда екі үлкен кісі бар еді. Олар да «Алтын, сен баршы» мені жіберетін болды. Кейде мінез де керек», – дейді.
Ауыр техниканы тізгіндеген бойжеткен ауылдасына тұрмысқа шығады. Өзімен бірге тракторын ала келген келіннің көлік жүргізуіне ата-енесі мен күйеуі қуанбаса, қарсы болған емес. Осылайша, ол ауыл арасында «тракторшы келін» атанады.
«Келін болып түскенде анамнан үйренгенім бойынша мәнті, палау пісірдім. Бір күні қамыр жайдым. Енем «Тамақ істей алады екенсің ғой. Қайдан білейін, тракторшы дегенге үй тірлігін істей алмайтын шығар деп ойлап едім» деп таңғалғаны бар. Содан кейін үйге қонақ келсе «Менің келінім тамақ та істей алады, қамыр да жая алады» деп мақтап отыратын болды. Өзім үйдің тұңғышымын. Жолдасым да үйінің бірінші перзенті. Әулеттегі үлкен келін болған соң уайымдаған болар», – дейді Алтын Құттыбайқызы.
Тракторшы келін үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелетіп алып кетеді. Алайда совхоз тарағаннан кейін бұрынғыдай таңертең кетіп, кешке келетін жұмыс болмай қалған еді. Бір қуанарлығы, сол кезде бір трактор Алтын апайдың жеке үлесіне тиген болатын. Өзі декреттік демалысқа шығып бара жатқанда қайынінісіне алып трактор тізгіндеуді үйретеді. Сол совхоз тарағанда алған көлік қазір де керегіне жарап тұр.
Сегіз баланы өмірге әкелген ана ауылдағы бидай қабылдайтын мекемеде 15 жылдай аспаз болып жұмыс істеген. «Тракторға күнде жұмыс шыға бермеген соң арнайы емтиханнан өтіп, аспаз болып жұмысқа орналастым. Бірақ сонда да трактордан қол үзбедім. Біреуге құм, біреуге су әкеліп беру керек болғанда көлігімді оталдырамын да, барып келемін. Бәріне үлгердік» деп еске алады өзі.
«Қасымда Ақмарал деген трактор айдайтын қыз болды. Оны көрші ауылдың жігіті алып қашқанда артынан трактормен қуып бардым. Артында соқасы бар. Топырақ жолмен шаңдатып барғанымда құрбым сол босағада қалатынын айтты. Содан кері қайттым. Кейін құрбымды трактор айдауға жібермей қойды», – дейді күліп.
Ол дала жұмыстарын атқара жүріп, ауыл тұрғындарының да өтінішін жерге тастаған емес. Бүгінде алып техниканың тіркемесіне қой, тай салып, оның жанына бір топ адамды отырғызып тойға барған қызық дәуренді сағына еске алады.
Алтын Құттыбайқызы кезінде аудандық мәслихатқа депутат болып, ауылдағы өзекті мәселелердің шешімін табуына үлес қосқан. Қазір немерелеріне қарап отырған бақытты әже олардың ел қамын ойлайтын үлкен азамат болуын армандайды. Оларды жеңіл машинасына отырғызып алып, бірін балабақшаға, енді бірін мектепке апарып жүр.
«Балаларым кішкентай кез. Жаңадан үй салып жатқанбыз. Күйеуім мен қайынінімді ертіп алып құм әкелуге кеттік. Қайтып келе жатсақ көшеде жүрген балалардың бәрі бізге қарап тұр екен. Үйге келген соң балаларым: «мама, бізді мазақтап жатыр. Енді трактор жүргізбеші» деді. «Айта берсін. Есесіне олардың мамасы көлік жүргізе алмайды. Ал сендердің аналарың кішкентай машина тұрмақ, үлкен трактор айдап жүр. Неге ұяласыңдар, қайта мақтаныңдар» дедім. Қазір алпысқа келсек те, трактор рөліне отыра беремін. Баяғы көлігім әлі де шөп орып, су тасуға жарап тұр. Арасында жеңіл көлік те жүргіземін. Жақында кішкентай қыздарым сыртымнан суретке түсіріп алыпты. Содан үйіне барып апасына «Біздің нағашы апамыз машина айдайды, ал сіз айдай аласыз ба?» деп мақтанып отыр екен», – деді Алтын Құттыбайқызы.