Сарқыт – қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан дәстүрлердің бірі. Әйткенмен уақыт өте сарқыттың негізгі мәні ұмытылып, бүгінде басқа сипатқа ие болған. Stan.kz тілшісі сарқыт алудың мағынасы мен маңызын білу үшін этнограф Ғалия Қайдауылқызымен тілдесіп көрді.
Ғалия Қайдауылқызы сарқыт сыбағаның бір түрі екенін айтады. Бірақ қазір сарқыт салу дәстүрі жойылудың алдында тұр дейді.
«Сарқытты сыбағамен шатастыруға болмайды. Мысалы, дастарханда он адам отырса, жіліктелген етті осы адамдарға сыбағасын береді. Қонақ сыбағаны өзімен алып кете алады немесе асату жасап, етті кесіп үлестіріп береді. Бұл – көпті көрген, уызы жарыған адамның белгісі. Сыбағадан кейін желінген астан қонақтар сарқыт салып алады. Қазір желінбей қалған табақтан да сарқыт салып береді. Сарқытты әр адам өзі салып алуы мүмкін немесе үй иесі салып береді», — дейді ол.
Этнографтың сөзінше, сарқыт арқылы жиынға қатыса алмаған адамдар ризық-несібеден дәм татады.
«Егер он адам тағы он адамға сарқыт апарса, онда дастарханның несібесі жиырма адамға тиді деген сөз. Қазақта «Татқан да бір, тойған да бір» деген сөз бар. Сыбаға тойып жеу үшін, ал сарқыт ауыз тию үшін беріледі. Бірақ қазір дәстүр ұмытыла бастады. Бұрын сарқытты үлкен адам берді деп үйіне алып баратын, бүгінде қалған-құтқанды сарқыт деп біледі. Сарқыттың жолы үлкен», — деп қосты Ғалия Қайдауылқызы.
Маманның айтуынша, құдалық немесе өзге жиын кезінде үй иелері сарқытқа арнайы табақ дайындайды екен.
«Егер жақыныңның үйінде болсаң, сыбағаңмен қоса сарқытты өзің сала беруіне болады. Ал алыстан сыйласып жүрген адамның шаңырағында арнайы сарқытқа арнап табақ дайындалады, кейін қонақтарға бөліп береді», — деді этнограф.
Ғалия Қайдауылқызы өз сөзінде сарқыттың мәнін де түсіндіріп берді.
«Сарқыт «Осы жақсылық сіздерге де жұғысты болсын» деген ырыммен беріледі. Құран оқылып, батаға қатыса алмаған адамдар сарқыттан ауыз тисе, олар да батаға қатысқандай есеп болады. Қазір ел ішінде жүрсем өзгелерге бір бауырсақ болсын сарқыт алсын деймін. Мақсат дастарханды тазалап кету емес. Дастархан басында оқылған бата, айтылған жақсы тілектің барлығы қуат арқылы тағамға қонады. Сондықтан дастарханнан неғұрлым көп адам дәм татса, соғұрлым сауабы да көп болады. Бұл – менің жеке пікірім, өзімнің осындай пәлсапам бар», — деп түсіндірді этнограф.
Ғалия Қайдауылқызы қаралы болған үйден немесе астан сарқыт алмайтынын атап өтті. Оның пайымдауынша, дастарханға қойылған асты бөліп алу ырымға жаман.
«Қаралы болған үйдің қарасы тарқамай асты бөліп алудың ырымы жаман, сол жамандықты өзіңмен бөлісу секілді. Қаралы үйдің қарасы жұғады деп жатады. Бірақ асарын асап, жасарын жасаған, жасы келген кісі қайтыс болса, оның жылдық асын өткізеді. Мұндай үлкен аста арты той болсын деген ниетпен сарқыт алады. Құран оқылып, топырағы кепкен соң, қарасы басылғаннан кейін ғана сарқыт алады», — дейді этнограф.