Келер жылы Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жаңа заң жобасын ұсынады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауапты министрлік өкілі мәлім етті.
Осы орайда мамандар «Діни қызмет және діни бірлестіктер» заңын қатаңдатуды көздеп отыр. Дін істері комитетінің өкілі Бақытжан Күлекеевтің айтуынша, қолданыстағы заң жобасы 2011 жылы қабылданған. Осыған сәйкес, ресми тіркеуден өткен бірлестіктерге ғана діни қызметпен айналысуға рұқсат беріледі. Ал заңсыз насихат жүргізгендер жауапқа тартылады. Осы орайда статистикаға сүйенсек, елімізде он сегіз ағым бойынша үш мыңнан астам ұйым тіркелген болатын.
«Келер жылы заңнаманы жетілдіруді жоспарлап отырмыз. Қандай өзгерістер мен толықтыру енгізілетіні әлі нақты емес. Өйткені қазір заң жобасы қаралып жатыр», — дейді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің комитет төрағасының орынбасары Бақытжан Күлекеев.
Осы ретте айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысы діни бірлестіктер мен ұйымдар ең көп тіркелген өңірлердің бірі болып есептеледі. Бұл көрсеткіш жағынан Оңтүстік Қазақстан облысының алдына тек Алматы қаласы ғана түсе алады екен.
Дәстүрлі емес осынау ағымдардың жолын кесу мақсатында облыста «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» деп аталатын мемлекеттік коммуналдық мекеме жұмыс істеуде. Оның құрамындағы теолог-ғалымдар имам-молдалармен және құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесе өңірдегі оқу орындарының бәрінде түсіндіру және алдын алу шараларын өткізіп келеді.