вторник, 12 ноября 2024 г.
icon
491.71
icon
529.97
icon
5.05
Алматы:
icon
4oC
Астана:
icon
-15oC
×

Бірліктің бастауы Абу Ханифа мазхабы

Бүгінде кейбір фанаттар арасында кеңінен тараған «мазхабты ұстанбаймыз» деген түсінік бар. «Мазхаб дегеніміз ол – мектеп, жол. Ислам тарихында, пайғамбарымыздың заманында, Оның көзін көріп, иман келтірген мыңдаған сахаба болды. Кейінгі ғасырларда сол мыңдаған сахабаның жолын ұстанған ғалымдар пайда болды. Олар «сәләф ас-салих» деген атауға ие. Яғни алдыңғы өткендер. Олардың қатарына сахабалар, табиғиндер және табағатабиғиндер жатады.

Заман өте, өзгере келе жаңа буын пайда болды. Солардың бірі Ахмад ибн Ханбал, Имам Шафиғи, Имам Малики және Абу Ханифа деуге болады. Осы ғалымдардың пәтуаларымен 4 мазхаб жасалып шығарылды.

«Мазхабты ұстанбаймыз!», «Құранмен, суннамен ғана жүреміз» дейді біреулер. Оларға жауап ретінде: физиканы формуласы болмаса, математиканы көбейту кестесі болмаса, сол секілді химияны Менделеевтің кестесі болмаса түсінер ме едіңіз? Әрине, жоқ.

Исламды да ғалымдарсыз, мазхабсыз білу, түсіну мүмкін емес. Мысал ретінде ұшақта немесе поезда жолға шықтыңыз. Намазды қалай оқимыз? Қандай сахих хадисті қолданамыз. Пайғамбарымыздың с.а.с. заманында ұшақ, поездың болмағаны белгілі ғой. Дегенмен мұсылманбыз, енді парыздарымызды қалай орындаймыз. Мінеки тығырыққа тірейтін сұрақ осы шығар.

Бұл уақытта сіз қалаңыз, қаламаңыз ғалымдардың пәтуасына тоқталасыз. Абу Ханафи заманында да осы секілді шешімін таппаған проблемалар өте көп болған. Абу Ханифа мазхаб құру үшін пәтуалар шығарған жоқ. Пәтуалар жинала келе бір мектеп, жол, ақыр соңы мазхабқа ұласты.

Ендігі кезекте сәләфилер мойындағысы келмейтін бірнеше мәселеллерге тоқталсақ.

Намазда тұрғанда аяқтың ара-қашықтығы аяққа, белге салмақ салып, ауыртпалық түсірмеуі керек. Бұған байланысты Ата ибн Аби Рабаха былай дейді: Ибн Омар р.а. намазда тұрғанда аяқтарының арасын қатты да айшпайтын, бір-біріне тигізіп те тұрмай, екеуінің ортасында ұстайтын.

Ал намазда аяқтың арасын ашып тұратындар мына хадисіне сүйенеді: Әнәс ибн Мәликтің жеткізген хадисінде: «Пайғамбарымыз с.а.с.: «Саптарыңды түзеңдер. Мен сендерді ту сыртымнан көріп тұрамын», - деп айтты. Сонда арамыздағы бір кісі иығын жанындағы адамныңиығына, аяғын оның аяғына түйістірді ,-деген.

Ал Әбу Дәуіттің жеткізген хадисінде ән-Нұғман ибн Бәшир: Алла елшісі с.а.с. намаз бастарда адамдарға жүзімен қарап: «Саптарыңызды түзетіңіздер (деп үш қайта айтты да) Алланың атымен ант етейін, саптарыңызды түзетіңіздер олай болмаған жағдай Алла жүректеріңізді бір-бірңізге қайшы етіп қояды»,-деп қатаң ескертті. Сонда оны естіген арамыздағы бір кісі иығын жанындағы адамның иығына, тізесін оның тізесіне, тобығын оның тобығына түйістіргенін көрдім деген).

Аталмыш сахихтар жинағына кең көлемді түсіндірме жазған Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани мен Бәдруд Дин әл-Айни де өздерінің еңбектерінде жоғарыдағы келген хадисті былай түсіндіреді: Хадистегі келген «аяғын оның аяғына түйістірді»,-деген сөздің мәні – адамдардың сапты түзетіп, бос жерді толтыруын білдіреді,-деген.

Демек, Алла елшісінен с.а.с. жеткен сахих хадистерде намазда адамдардың иықтары, аяқтары, тобықтары бір-біріне тиіп тұрсын деп нақты айтылмаған. Керісінше, намазда сапты біркелкі етіп түзету, бос жерді толтырып, тығыз-тығыз тұру керектігін қатаң ескертіп айтқан біршама сахих хадистер бар. Солардың бірінде: Хадисті жеткізуші қос рауи Симәк ибн Харб пен ән-Нұғман ибн Бәшир: «Алла елшісіс.а.с. намазға тұрарда біздің саптарымызды біркелкі етіп түзететін. Ол саптарды садақ оқтарын түзеткендей болып көрінетін. Осылайша, біз оның осы әрекетін түсінгенімізге көз жеткізгенше жалғастыратын. Сосын бір күні ол намазға шығып, енді бастайын деп тәкбір алғалы тұрғанда бір кісінің кеудесі саптан ілгері шығып тұрғанын көріп: «Уа, Алланың құлдары, саптарыңызды түзетіңіздер, олай болмаған жағдайда Алла жүздеріңді   бір-бірлеріңе кері бұрып қояды»,- деп сақтандырған.

Хадистен байқағанымыздай, намаздың дұрыстығының кепілі – аяқтар мен тобықтардың бір-біріне тиіп тұруы емес, саптың садақ оғындай түзулігі. Алла елшісі с.а.с. намазда аяқтың түзу бір сапта біркелкі тұруына табандылықпен қадағалағандығын аталмыш хадистерден аңғаруға болады. Олай деуімізге жоғарыдағы сап түзулігінің маңызын айтқан  хадис пен басқа да сахих хадис мәтіндері қуаттай түсері сөзсіз.

Түйіндей келе, сахих хадистердегі «арамыздағы бір кісі аяғын қасындағы кісінің аяғына түйістіргенін көрдім» деген хадистің беткі мағынасы тобықтардың тиіп тұруын меңзегенмен, түпкі мағынасы саптың түзулігін, тығыздығын сақтауды білдіреді. Әрі олай аяқтың арасын жанындағы адамға қолайсыздық тудыратындай ашып тұруды төрт мазхабтың үлкен имамдары өздерінің еңбектерінде мәкруһ амалға санаған. Әбу Ханифа мазхабында да аяқтарды жанында тұрған кісінің аяғына жабыстырып тұруы мәкруһ делінген. Өйткені ол намазда қасындағы кісіге кедергі жасап, ойын бөлетіні белгілі. Ханафи мазхабының көртекті фақиһ ғалымы Ибн Абидин: «Намаздағы аяқтың арасы – қолдың саусағымен төрт саусақ мөлшерінде болу керек. Себебі ол намазды қорқынышпен, ықыласпен оқылуына жақынырақ»[1],-деп, намазда еркін тұру, басқаға кедергі жасамау, Алланың алдында кішіпейілдікпен тұру қажеттігін ескерген.

Ия, осылайша намазға сапқа тұрдық, енді құлағымызды қағып намазға кірісеміз. Осы жерде қолды қаншалықты көтереміз және қай жерге байлаймыз деген сұрақтар туындайтыны белгілі.

Ханафи мазхабы бойынша намазды бастағанда қолды құлақтың жұмсағының тұсына дейін көтеріп тәкбір тахрима алу  сүннет. Жалпы ханафи мазхабында намазды бастағанда бір рет тәкбір алынып, рукуғқа, сәждеге барғанда қолды көтеріп тәкбір алынбайды. Оған, мынадәлелкелтіріледі: Алқама фақиһ сахаба Абдулла ибн Масғұдтың: «Мен сендерге Алла елшісініңс.а.с. намазды қалай оқитыны нкөрсетейін бе»-  деді де намаз оқыды. Сөйтіп ол екі қолын бірақ рет көтерді, - деген. Бұл хадисті пайғамбарымыздың көптеген білімді сахабалары, Суфиянәс-Сәури сынды белді тәбиғин ғалымдар да жеткізген.

Сонымен қатар, Асим ибн Куләйб: «Мен екі жыл бойы Әлидің артындатұрып намаз оқыдым, сонда ол тек намазды бастағанда ғана қолын көтеріп тәкбір алатын»,-десе, Мужаһид: «Абдулла ибн Омарға екі жыл бойына ұйып намаз оқығаным да, ол намазды бастағанда  бір рет қана тәкбір алатын»,- деген. Демек, екі ғалымс ахабаның да істеген амалы жеткізген хадисіне қарама-қайшы келгендіктен, жеткізушінің хабарына қарағанда істеген амалы басым болады. Сол себепті, үкімде дәлел ретінде істеген амал жүреді.

Абдулла ибн Аббас р.а. : «Алла елшісінің с.а.с. көздерінің тірісінде жәннатпен сүйіншілеген он сахабаның бәрі де намазды бастағанда ғана екі қолын көтеріп тәкбір алатын»,- деп намазда тек бір рет қана қолды көтеріп, тәкбір алынатынын құптаған. Дегенмен де, намазда қолдарды әрбір тәкбір алғанда көтерудің қате екендігін айтудан аулақпыз. Ол жайында келген хадистер де жоқ емес. Мәселен, Абдулла ибн Омар р.а.:  Алла елшісінің с.а.с. намазға тұрғанда, екі қолын иықтарының деңгейіне дейін көтерді. Сосын ол рукуғқа барғанда дәл солай істеп, одан басын көтергенде:«Самияллаһу лиман хамидаһ»,- (Алла Өзіне мадақ айтқанның мақтауын естиді) депайтыпекіқолынкөтерді. Алайда ол сәждеге барғанда олай істемегенін көрдім, - деген. Осы мағыналас хадисті имам Әли ибн Әбу Талиб р.а. те жеткізген. Пайғамбарымыз с.а.с. бірде қолын тек намазды бастағанда ғана көтерсе, екінші жағдайда рукуғке барғанда және қайтқанда қолын көтеріп тәкбір алған. Мұның қай қайсысын істесе де сүннетті тәрк еткендік емес, керісінші бірін істемесе, екінші бір сүннетті жаңғыртқанмен бірдей. Белгілі бір жандардың біржақтылығымен айтқан уағыздарын, нақты себептерін ашпай түсіндірген дәрістерін тыңдап, өздері де бір жақты жолмен жүріп, одан басқасын жоққа шығарудың жөні жоқ. Хадистерде келген бір-біріне қарама-қайшы хабардың кез келгенін істеудің өзі сүннеттің аясынан шықпаудың көрінісі. Ендеше, жоғарыдағы аталмыш хадистерден байқағанымыздай, сахабалардың арасындағы жасы жағынан да, білімі жағынан да жоғары ғалым сахабалардың жеткізген риуаяттарына қайшы келетін екінші бір хадистегі «намазды бастағанда бір рет қана қол көтеріп тәкбір алғанын» аңғардық. Онымен қоса, көздері тірісінде жәннатпен сүйіншіленген сахабалар да дәл солай істеген. Олай болса, аталмыш сахабардың бұлай істеулерінің өзі де дәлелдік қуаттығын арттырмақ. Имам Әбу Ханифа да хадистерді дәлел ретінде алуда хадис жеткізушінің ілімі нәрі фиқһ іліміндегі біліктілігін негізгі талаптарға кіргізген. Ал қолды тек бір реткөтеру керектігін айтқан ғалым сахаба Абдулла ибн Масғұдр.а. басқа сахабаларға қарағанда фиқһілімі мен хадис ілімінде және жасерекшелігі жағынан да оқ бойына жоғары екендігін ұмытпағанымыз жөн.

Сәләфилердің дәлел ретінде келтіріп отырған Алла елшісі с.а.с. намазда қолын көкірегінің үстіне қойды деген мәндегі хадистері сахих не сахих еместігіне тоқталайық. Хадистің мәтіні мынандай:

Муаууал ибн Исмағил Суфияннан, ал ол Асым ибн Кулаибтан, ал ол әкесінен, ал ол Уайл ибн Хужрдан риуаят етті.

Ол былай деді: "Алла елшісімен бірге намаз оқыдым. Ол с.а.с. оң қолын сол қолына, оны көкірегінің үстіне қойды".

Бұл хадис Хузайманың сахихында келген. Хадисті риуаят етушілердің бірі  Муаууал ибн Исмағил жайлы Ибн Хажар өзінің "әт-Таһзиб" атты кітабында имам әл-Бұхаридың: "Мүнкарул-хадис" яғни, хадисі қабылданбайды дегенін келтірген. Ал хадистің майталман шебері имам әз-Заһаби: "Ол сүннетке берік, аса шыншыл. Алайда (хадис риуаят еткен кезде) көп қателеседі" десе, Ибн Сағд: "Ол сенімді (өтірік айтпайды). Бірақ көп қателеседі" деп бағалаған. Ал әд-Даруқутни болса: "Сенімді. Бірақ жаттау қабілеті нашар" деген.  Сондай-ақ Ибн әт-Түркмани, Абу Хатим, Әбу Зарға секілді хадис білгірлері де Муаууал ибн Исмағилдің көп қателесетіндігін айтқан.

Байқағанымыздай, "Алла елшісімен бірге намаз оқыдым.  Ол ( с.а.с.) оң қолын сол қолына, оны көкірегінің үстіне қойды".- деген хадис сахих емес. Өйткені хадисті бізге жеткізген Муаууал ибн Исмағил көп қателесетін  әрі жады нашар болғандықтан ондай адамның риуаяты негізге алынбайды.

Муәууал ибн Исмағил риуаятының негізгі мәтіні мазмұны Мұслимнің сахихында, Насаийдің сүнанында, Ахмадтың мүснадында, Тирмизиде, Ибн Мәәжада, әд-Даруқутнида және әл-Байһақида да бар. Бірақ олардың ешқайсысында "қолын көкірегінің үстіне қойды" делінбеген. Тек оң қолын сол қолының үстіне қойды" деумен шектелген.

Бұл жайлы Хафиз ибн Хажар әд-Дирая фи тахрижи ахадисил-һидаяда: «...Алла елшісімен бірге намаз оқыдым.  Ол с.а.с. оң қолын сол қолына әкеліп, көкірегінің үстіне қойды" деген хадис Ибн Хузаймада келген. Бірақ Муслимде бұл хадистің «көкірегінің үстіне қойды» деген жері жоқ»-деген.

Ендеше, Муәууал ибн Исмағилдің риуаятындағы "қолын көкірегінің үстіне қойды" деген жері "зияда" яғни, "артық". Жоғарыда хадис білгірлері Муәууал ибн Исмағилдің жадының нашар, көп қателесетіндігін айтқан болатын. Олай болса  бұл жерде Муәууал ибн Исмағил "қолын көкірегіне қойды" деген сөзді негізгі хадис мәтініне шатасып қосып отыр деуге әбден негіз бар. Хадис ілімінде  белгілі бір риуаят өзінен де жоғары дәрежедегі риуаяттарға қайшы келсе, ондай хадис  "шәәзз" деп аталады. Ал хадистің сахих болуы үшін "шәәзз" болмауы шарт.

Сондай-ақ, "Алла елшісі с.а.с. намазда қолын кеудесінің үстіне қойды" дегенге саятын риуаяттар Әбу Дәуідте және Бәйқаһида да келген. Бірақ екеуі де әлсіз. Әбу Дәуідтегі хадис "Мұрсал". Яғни, тізбегі Алла елшісіне с.а.с. жетпегендіктен толық емес. Сондай-ақ риуаят етушілердің ішіндегі Сулайман ибн Мұса туралы хадис білгірлері "өлер алдында көп шатастыратын" еді делінген. Ал Бәйһақидағы риуаятты жеткізушілердің бірі Сағид ибн Абдил-Жаббар жайлы имам әз-Заһаби: "Оның есімі де қандай адам екіндігі де белгісіз"  десе, әт-Туркумани: "Ләһул-Манакир" яғни, оның қабылданбайтын хадистері бар деген.

Насруддин Албани "пайғамбар намазының сипаты" атты кітабында Муәууал ибн Исмағилдің осы риуаятын келтіргеннен кейін бұл мағынадағы риуаяттардың бірін Тирмизи "хасан" деген дейді. Алайда Тирмизидің хасан деп бағалаған хадисінде "қолын көкірегіне қойды" деген сөз мүлде жоқ. Тирмизидегі  риуаят былай келген: "Алла елшісі бізге имам болушы еді. Оң қолын сол қолына қоятын". Керісінше Имам Тирмизи: "кейбір ғалымдар кіндіктің үстіне қояды десе, енді біреулері кіндіктің астына қояды деген. Мұның бәрі олардың көзқарасында бола береді" деген.

Екіншіден төрт мазхабтың ешбірінде намазда екі қол көкіректің дәл үстіне қойылады делінген нақты фәтуа жоқ. Ханафи мазхабында намазда екі қол кіндіктің астына байланады. Ал  мәлики мазхабында имам Мәликтан бұл мәселеге байланысты үш түрлі көзқарас риуаят етілген. Басымырақ көзқарас бойынша  парыз намаздарда екі қол екі жаққа бос жіберіледі де, нәпіл намазда көкірек пен кіндіктің ортасына байлауға рұқсат. Шафиғи мазхабында көкіректің астына байланады. Ал ханбали мазхабында екі қол кіндіктің астына, кіндіктің дәл үстіне және кіндіктің жоғарғы жағына қойылады деген үш түрлі фәтуа бар.

Ханафи ғалымдары намазда екі қолдың кіндіктің астына байланатындығына байланысты мына хадистерді дәлел ретінде келтірген:

Уакиғ Муса ибн Ъумайрдан, ал ол Ъалқама ибн Уайл ибн Хужрдан, ал ол әкесінен риуаят етті. Алла тағала олардың бәрінен разы болсын.! Әкесі былай деді: «Алла елшісі оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астына байлағанын көрдім»

Тирмизидің жинағына түсіндірме жазған  Шәйх Әбут-Таййб: «Бұл хадистің мәтіні де, жеткізу тізбегі де дұрыс. Бұл хадис дәлелге жарайды» деп аталмыш хадистің дәрежесіне жақсы баға берген. Хадистіңдәрежесі «сахих».

Уакиғдан Рабиғ, ал Рабиғдан Әбу Мағшар, ал ол Ибраһимнен риуаят етті.  Ол былай деді: «Ол (пайғамбарымыз) намазда оң қолын сол қолының үстіне кіндіктің астына қоятын.» Хадистіңдәрежесі «хасан».

Алиден р.а. риуаят етілді: «Қолды қолдың үстіне, оны кіндіктің астына қою намаздың сүннетінен». Ибн Қаййм өзінің «Бадаиъул-фауайд» деген кітабында: «Али р.а. былай деді: «Қолды қолдың үстіне, оны кіндіктің астына қою намаздың сүннетінен». Сондай-ақ Амр ибн Маліктен, ол Абил-Жаузадан, ал ол Ибн Аббастан да Алидің тәпсіріне (риуаятына) ұқсасы жеткен. Бірақ дұрысы Алидың риуаяты. - деген. Шынтуайтында, Алиден риуаят етілген бұл хадистің дәрежесіне қатысты ғалымдар түрліше пікір білдірген. Алайда хадисті әлсіз деп бағалағанның өзінде бұл хадистің басқа жолдармен жеткен риуаяттары мен жоғарыда келтірілген қолды кіндіктің астына қоюға қатысты келген өзге хасан, сахих хадистердің барлығын топтастырып, жалпылай қарағанда, Алиден жеткен бұл риуаяттың дәлелге жарайтындай қуаттана түсетіні анық.

Байқағанымыздай, намазда қолды кіндіктің астына байлаудың дұрыстығына қатысты  шариғи нақты дәйектер  жеткілікті. Басқа мазхабтарда бұл үкімді жарамсыз ететін ешбір қуатты дәлел жоқ. Сондай-ақ бұл үкім  ханафи мазхабында ғана емес, басқа мазхабтарда да көзқарас, фәтуа ретінде бар. Сондықтан қайсібір бауырларымыздың намаздарын тып-тыныш оқып жүрген жамағат арасына іріткі салып, «қолды кіндіктің астына байлаудың негізі жоқ немесе әлсіз» деп асығыс «фәтуа» бергендері, әрине, жөн емес.

Енді намазды біткен соң тасбих тарту мен Құран оқуға қатысты айтар болсақ:

Жалпы парыз намаздардан кейін зікір айтып, дұға жасау – сүннет. Алла елшісінің с.а.с. бұған қатысты сахих хадистері жеткілікті. Мысалы, Әбу Һурайрадан  р.а. жеткен Муслимдегі риуаятта Алла елшісі былай дейді: «Кімде-кім әрбір намаздан кейін 33  рет «сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу  әкбар» десе, бәрін қосқанда тоқсан тоғыз болады, ал жүзіншісінде «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир» деп айтса, теңіз толқынының көбігіндей күнәсі болса да кешіріледі.»  Басқа бір риуаятта: «Кімде-кім парыз намаздарының артынан аятул-курсиді оқитын болса, келесі намазға дейін Алланың қорғауында болады» - делінген. Сондай-ақ, басқа бір хадисте Ъуқба ибн Амр былай дейді: «Алла елші  әбір намаздан кейін «фалақ» пен «нас» сүрелерін оқуымды бұйырды.»

Жоғарыдағы риуаяттардан байқағанымыздай намаздан кейін зікір тартып, дұға тілеу Алла елшісінің с.а.с. маңызды сүннеті. Ал оның дәл намаздың парызынан кейін немесе  соңғы сүннеттен соң жасалатындығына байланысты мазхаб ғұламалары арасында екі түрлі көзқарас бар. Алла елшісінің с.а.с. зікір мен дұға жасауды білдірген кейбір хадистеріндегі «парыз намаздан кейін» деген сөзді негізге алған ханафиден өзге мазхабтарда зікір мен дұға парыз намаздан кейін дереу жасалады.

 Ал ханафи мазхабының ғұламалары Муслимдегі Айша р.а. анамаздан риуаят етілген: «Алла елшісі с.а.с. намазда сәлем бергеннен кейін (шамамен) тек «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын» деген хадисті, сондай-ақ сахихул-Бухариде Умму Салама р.а. анамаздан жеткен: «Алла елшісі с.а.с. намазда сәлем бергенен кейін әйелдер тұрып кететін. Ал өзі аз ғана кідірістен кейін ғана орнынан тұратын» сынды хадистерге қайшы келмеу жағын ескеріп, зікір мен дұғаны дереу парыздан кейін емес, ақырғы сүннеттен кейін жасау қажет деген тұжырымға тоқтаған. Себебі зікір мен дұға  егер парыздан кейін дереу жасалатын болса, жоғарыда Айша анамыздан риуаят етілген  хадиске қайшы болмақ. Яғни, намаздан кейін жасалуы сүннет «Аятул-курсиді» немесе «фалақ» пен «нас» сүрелерін оқу, 33  рет «сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу  әкбар» және «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир» сынды дұғаларды айту «Аллаһумма антас-салаам уа минкас-салаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей мезгілден көп уақытты алатындығы сөзсіз. Ал Алла елшісі Айша анамыз жеткізгендей, парыз намазынан кейін шамамен тек «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын.

 Ендеше, Алла елшісі соңғы сүннеті бар парыз намаздарынан кейін «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта иа зәл-жәлаали уал-икраам» дұғаларына шамалас қысқа зікірлерді айтқаннан кейін орнынан тұратын да, мешіттің шетінде орналасқан бөлмесіне барып, намаздың соңғы сүннетін сонда оқитын. Артынан  жоғарыда келтірілген ұзағырақ зікір, дұғаларды жасайтын. Ал соңғы сүннеті жоқ «таң»  мен «екінті» намаздарында  Алла елшісі с.а.с. зікір мен дұғаны дереу парыз намаздан кейін жасайтын. Алла елшісінің: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқығаннан кейін күн шыққанша Алланы зікір етіп отыратын болса, содан кейін екі рәкат намаз оқыса, толық қажылық пен ұмраның сауабын алады. Толық, толық, толық» - деген хадисі осы айтқанымызды нақтылай түспек.

 Тарқатып түсіндірер болсақ, «Алла елшісі с.а.с. намазда сәлем бергеннен кейін тек «Аллаһумма әнтас-салаам уа минкәс-сәлаам, тәбааракта йа зәл-жәлаали уал-икраам» дейтіндей уақыт қана отыратын»  - делінген хадис ақырғы сүннеті бар парыз намаздарына байланысты болады да, ал парыздан кейін сүннеті жоқ «таң» мен «екінді» намазы бұдан тыс қалмақ.

 Яғни, «Аятул-курсиді» және 33  рет «сұбханаллаһ», 33 рет «Алхамдулиллаһ», 33 рет «Аллаһу  әкбар», «Лә иләәһа иллаллаһу уахдаһу лә шариика ләһ, ләһул-мулку уә ләһул-хамду уа һуа алаа кулли шаийн қадиир» сынды ұзағырақ зікір, дұғалардың «парыз намазынан» кейін айтылатындығын білдіріп келген кейбір риуаяттарды  ханафи ғұламалары сүннеті жоқ парыз намаздардан кейін деп түсінген. Сондай-ақ, хадистердегі «парыз намазынан кейін» деген анықтаушы сөз – зікір мен дұғаның соңғы сүннеттен кейін айтылуына мүлдем қайшы емес. Себебі парыз намаздардың бекітілген сүннеттері сол намаздардың маңызды бөлігіне жатады. Себебі  бұл сүннет намаздар «тәһажжүд», «сәске» намаздары секілді жеке басына бөлек намаз емес, парыздардың алдында немесе артында бірге орындалады. Мысалы, «бес уақыт намазымды оқыдым» деген кезде, әдетте парыз намаз бен қатар сүннетерін де оқылғандығы білдіріледі. Міне, сондықтан хадистердегі ұзағырақ дұғалардың «парыз намазынан кейін» оқылады дегенін ханафи ғалымдары сүннетімен бірге парыз намазынан кейін деп түсінген. Бұл жайлы ханафи ғалымы ибн Ъабидин «Раддул-мұхтарда» былай дейді: «Зікірлердің парыз намаздың  артынан жасалатындығына байланысты жеткен хадистер олардың сүннет намазынан бұрын жасалатындығын емес, керісінше соңғы сүннеттен кейін орындалатындығын білдіреді. Себебі сүннет намаздар парыз намаздан бөтен емес, оның ажырамас бір бөлігі һәм толықтырушысы. Сондықтан парыз намаздың соңғы сүннетінен кейін орындалған зікір, дұғаларға да парыз намаздан кейін жасалды деп айтылады»

Сонымен қатар ханафи ғалымдары ізгі амалдардың артынан жасалатын дұға-тілектерің қабыл болуға жақынырақтығын ескере отырып, парыз намазды соңғы сүннетімен бірге орындағаннан кейін барып қана дұға-тілектің жасалғанын құп көрген. Себебі парыз бен соңғы сүннет қоса атқарылғанда олардың ізгі амалдығы арта түседі.

 Байқағанымыздай зікір мен дұғаны намаздың соңғы сүннетінен кейін жасаудың ханафи мазхабында қуатты дәлелі бар. Сондықтан оған бидғат деп немесе сүннетте дәлелі жоқ деп асығыс «фәтуа» беру әсте дұрыс емес. Төрт мазхабтың бірін ұстанатындар әдетте бір-біріне әрдайым құрметпен қараған. Әр мазхабтың өзіндік шариғи көзқарасы мен дәлелі болғандықтан бір-біріне түсінікпен қараған.

 Алайда бүгінгі таңда «мазхаб ұстанбаймын» деп, өздерін салафи атап жүрген мазхабсыздар осындай ұсақ мәселелерді қайта-қайта қазбалап, жамағат арасына іріткі салып жүр. Олар өздерінің аннан-мұннан шала  оқыған немесе жарым естіген жарты ойын түгелдей  ислам деп пайымдайды. Өздері ұнатқан діни көзқарасты басқаша түсінуге болмайтын Құранның анық аяты немесе Алла елшісінің нақты сүннеті деп біледі. Міне, сондықтан олар өздерінен  өзгеше ойлайтындардың бәрін бидғатшы деп шала бүлінеді. Шын мәнінде олар діннің тармақ мәселелерінде түрлі көзқарастың болатындығын қабылдамау арқылы өздерінің нағыз бидғатшыға айналғандарын біле бермейді.

 Бүгінде мешіттерімізде имамның жетекшілігінде намаз соңында тәспі тартылып, жамағатпен бірге дұға жасалады. Мұндағы мақсат намаздан кейінгі зікір-дұғаларды әлі дұрыс біле бермейтін кейбір жандарға оларды үйрету. Сондай-ақ көп адамдар Алла елшісінің  намаз соңындағы зікір, дұғаларға қатысты маңызды сүннетін орындауға аса мән бермей, көбіне тәрк қылып жатады. Сондықтан имам дауыстап тәспі тартуды бастап бергенде жамағат та өздері әрі қарай ілесіп тартып, маңызды сүннетті орындап жүр.

 Кейбір кісілер жамағатпен зікір тартып, дұға жасауды «бидғат» деп ойлауы мүмкін. Алайда дінімізде бұған ешқандай тыйым жоқ. Себебі белгілі бір істі   бидғатқа шығару үшін жасалатын ол істің дінде ешбір негізі болмауы шарт. Ал намаздан кейін зікір айтудың және жамағатпен дұға жасаудың шариғатта қуатты негізі бар. Яғни, жалпы алғанда намаздан кейін зікір тарту шариғатта бар. Белгілі бір істі жамағатпен істеудің сауаптылығының да дінімізде  орны ерекше. Ендеше жамағатпен тәспі тартып, дұға жасау «дұға жасаңдар», «зікір айтыңдар» деп көпше түрде келген көптеген аят-хадистердың аясына кіргендіктен, шариғатқа қайшы емес. Тіпті бұл жерде жамағатпен тәспі тартылмайды, тек имамның бастап беруімен әркім өзі тартады.

 Және бір ескере кететін жайт мешітте парыз намазды  оқығаннан кейін үйге барып намаздың соңғы сүннетін оқу әрине шариғатқа қайшы емес. Алайда үйлеріміз Алла елшісінің бөлмелері тәрізді мешіттің шетінде немесе оған жақын болмағандықтан, бұған қоса көшедегі жұмысымыздың көптігін  ескерсек, сүннет намаздарды үйге барып оқу бүгінгі мына қауырт заманда қиын іске айналып отыр. Сондықтан мүмкіндігінше мешітте намаздың соңғы сүннетін қоса оқып, артынан зікір, дұғаларымызды жасап, бірақ шыққанымыз абзал.

Намазды бітірген соң намазхандар амандасып жатады. Ал сәләфилер осы іскеде қарсылық білідіріп жатады. Осы мәселеге қатысты айтарболсақ:

Намаздан кейін амандасуға шариғатымызда кесімді түрде тыйым салынбаған. Керісінше ол мұбах яки ұнамды амалдарға жатады. Жалпы мұсылмандардың амандасуы Аллаһ тағаланың ризашылығына, кешіріміне апаратын амалдардың бірі екені сөзсіз. Оған дәлел, пайғамбарымыз с.а.с.: «Егер екі мұсылман кездесіп, қол алысып амандасса, Аллаһқа мақтау айтып, кешірім тілесе, Аллаһ ол екеуіне кешірім етеді»,-деп айтқан. Ал басқа бір хадисте Аллаһ елшісі с.а.с.: «Қандай да бір екі мұсылман бір-бірімен жолығып, қол алысып амандасса, Аллаһ ол екеуінің (күнәсін) айырылыспастан бұрын кешіреді»,-деп мұсылмандардың өз-ара қол алысып амандасуының өзі Аллаһтың кешіріміне апаратынын айтқан.

 Атақты ғалым имам ән-Науауи өзінің «әл-Мәжмуғ» атты фиқһ ғылымы бойынша ауқымды еңбегінде: «Намаздан бұрын амандасқан адамның, намаздан соң амандасуы – мұбах, ал одан бұрын қол алысып амандаспаса, соңында амандасу – сүннетке жатады»,-деген.

Олай болса пайғамбарымыздың: «Егер екі мұсылман кездесіп, қол алысып амандасса...» деген хадисін негізге ала отырып, намаздан кейін де амандасуды сүннет амалға жатқызған ғалымдар намаздың соңында немесе шариғатта нақты көрсетіліп айтылмаған жерде қол алысып амандасу – ұнамсыз яки бидғат амал деп үзілді-кесілді айтудың жансақ пікір екенін көрсетеді.

Ендеше, мешіт жамағатының арасында бүлік тудырып, іріткі шығармаған жөн. Өйткені мұсылмандардың бір-бірімен қол алысып амандасуы өз-ара бауырмашылықтарын арттырады. Намаздан кейінгі жасалған осы бір әрекет мұсылмандардың арасындағы қарым-қатынасты нығайта түссе, нұр үстіне нұр емес пе?!  Дұрысын Аллаһ біледі.

Жоғарыда келтірілген мәселелерге қатысты жауаптарды бізде сахихтермен бердік. Осыдан кейін ханафи мазхабы сахих хадистен жұрдай деген сөзді айтудың өзі ұят шығар деп ойлаймын.

Бізге ең керегі, әрі ең басты мәселе болып саналатын ауызбіршілік. Ауызбіршілігі болмаған елдің берекесі болмайды. Өсіп өркендемейді. Мазхабты мойындамау бөлінуге алып барады. Ал бөлінгенді бөрі жейтіндігі айтпаса да белгілі болар.

Мақаламызда «сәләф» деген сөзге көп тоқталдық. Оның түсіндірмесі немесе олар өздерін не себепті сәләфи деп атайтындығы жайлы айтар болсақ. Сәләфилер көбіне Усайминнің, Ибн Баздың, Албанидің, Мадхалидің т.б. араб елдеріне әйгілі болған ғалымдардың пәтуаларын қолданады. Осы кісілердің пәтуаларын қолдана отырып мазхаб керек емес деп айтады. Бірақ Усаймин өз уағыздарында «Әнә ханбали» яғни мен ханбалимін, ханбали мазхабын ұстанамын деген сөздері бар. Және бұл кісі сәләфилік деген топқа, олай атануға қарсы болған. Бұл жөнінде Усаймин Имам Науауидің қырық хадисіне жасаған түсіндірмесінде айтып кеткен. Сәләфилікті ең бірінші Насируддин Албани шығарған болатын. Сол кісінің бөлінуімен қазіргі күні сәләфилік ағым пайда болды. Оларды сәләфилер дегеннен гөрі албанишілер деген дұрыс болар. Себебі олар Албанидің пәтуасымен жүрушілер.

Осы топтың ішінде Сауд Арабия азаматы Рабиғ әл-Мадхалидің соңынан ерушілер де бар. Оларда өздерін сәләфиміз дегені болмаса Мадхалидің пәтуаларымен жүрушілер. Оларды басқа топтар мадхалидтер деп атайды. Жалпы бұлар өз іштерінде көптеген топтарға бөлінеді.

Сәләфилер жайлы толық мағлұматтарды «Әлеуметтік бастамалар орталығы» МКМ жанын шыққан кітапшалардан, орталықтың ресми сайтынен және ҚМДБ-ға қарасты сайттардан қарасаңыз болады.

Қорыта келе айтарымыз бөлінбе, бір арқаннан ұстан. Мазхабсыздық масқаралыққа жол бастайды. Осы себепті ондай білімсіздіктен айтылған сөздерден аулақ болуға шақырамыз.

Ұ.Алиакбарұлы,

Дінтанушы, ОҚО.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 1