суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-1oC
Астана:
icon
-5oC
×

Елімізде болған терактілерге дін саласының өкілдерін кінәлауға болмайды – маман

ҚР МСМ Дін істері комитеті Ғылыми-зерттеу және сараптамалық орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызының айтуынша, кешегі Ақтөбе мен Алматыда орын алған лаңкестік оқиғаларға тек дін саласының өкілдерін айыптай беруге болмайды, деп хабарлайды NewTimes.kz. Қайта өзге өңірлерге қарағанда ақтөбелік мамандар әлдеқайда белсенді дейді ол.

Естеріңізге салайық, биыл Ақтөбе мен Алматыда бірінен соң бірі теракт орын алып, салдарынан оннан астам адам қаза тапқан болатын. Қос оқиғаға да салафилік ағым өкілдерінің қатысы бар екені анықталды. Осыдан кейін билік өкілдері болсын, қарапайым халық болсын дін өкілдеріне кінә арта бастады.

«Кемшіліксіз қызмет тарихта болмаған. Әр саланың күрделілік деңгейіне сәйкес өз қиындықтары, тұрақты түрде туындап отыратын күрмеулі мәселелері болады. Ол – мемлекет тіршілігінің ажырамас заңды үдерісі. Ал, Ақтөбедегі оқиғаны сала мамандарының тиісті деңгейде жұмыс жүргізбеуінің салдары деген пікірмен мүлде келіспеймін. Әдетте сол саланың тыныс-тіршілігінен бейхабар адамдар ғана осындай үстірт әңгімеге әуес келеді. Әділеттілік үшін айтайын, тек дін саласына тоқталар болсам, еліміздегі он алты өңірдің ішінде қызмет белсенділігі жөнінен ақтөбелік әріптестеріміз оқ бойы озық тұр дер едім. Бұл өңірде жергілікті әкімдік құрамындағы Дін істері басқармасы, оның бастамасымен ашылған «Ансар» оңалту орталығы, жергілікті құқықтық бақылау органдары және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы филиалдарының бірлескен жұмысы жақсы жолға қойылған. Соңғы төрт жылда өңірдегі діни ахуалдың тұрақтануы – осы құрылымдардың орасан зор күш-жігерінің нәтижесі. Елімізде теріс пиғылды және радикалды ағымға арбалғандарды райынан қайтару жөніндегі алғашқы әдістемелік құралды жасақтаған және оны тәжірибе жүзінде қолданып, елеулі нәтижеге қол жеткізген де ақтөбелік мамандар болатын» дейді А.Әбдірәсілқызы.

Ендеше, неге дәл осы өңірде лаңкестік қайта бас көтерді?

«Ол өңірдің тұтастай алғандағы ахуалына байланысты мәселе. 2011-2012 жылдардағы лаңкестіктің ең жиі орын алған өңірі – Ақтөбе екенін көпшілік әлі ұмыта қоймаған болар. Ақтөбенің ғана емес, жалпы батыс өңірінің діни ахуалы ширығысты болып қалыптасты. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақстанның батыс өңірі – шекаралық аймақ, оның Ресеймен шектесуінің діни ахуалға өзіндік әсері болды. 2000-2011 жылдар аралығында Дағыстанда өткен толассыз террористік актілердің жаңғырығы бірінші кезекте батыс өңіріне жетті. Дағыстанға жарылыс жасау үшін кеткен қазақстандықтардың батыс өңірінің тумалары болғаны белгілі. Яғни көрші елдегі дүмпулер мен лаңкестік идеялар белгілі бір дәрежеде батыстықтар санасына әсер етті. Екіншіден, мұнайлы-өндірісті батыс өңірі – стратегиялық маңызы зор аймақ. Геосаяси мүдделерді көздеген сыртқы күйретуші күштердің Қазақстанның осы өңірінің ішкі тұрақтылығын әлсіретуге және сол жерде тұғырларын орнықтыруға көбірек назар аударатыны айқын. Сондықтан кезінде батыс өңірлеріне сырт елдерден қолдау тапқан дәстүрлі емес діни ағым өкілдері көбірек шоғырланып, белсене жұмыс жүргізді. Оларға қарсы тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және қажет жағдайда шұғыл шаралар да жүргізілгенімен, «ұсталмаған ұры емес» – құрықталмаған талайлар ел арасына сіңіп кетті. Уақыт өте келе оның сілемі қайта айқындалуда. Үшіншіден, өндірісті өңірлерге тән топтасу мен ұйысуға бейімділік сипаты тұрғын халық бойында белсенді идеологиялық бағдарларға деген қажеттілікті оятады. Бұл қажеттілікті де дәстүрлі ағым өкілдері өз мақсаттарына пайдаланып, агрессияшыл идеяларын таңып үлгерді. Төртіншіден, әр өңірдің менталитетінің ерекшеліктеріне қарай дінге құлшынысы мен діни құндылықтарға қатынасы әртүрлі болатыны белгілі. Бұл мәселеде оңтүстік өңірінде салыстырмалы белсенді, орталық өлкелерде байсалды, солтүстікте салқынқандылау қатынас орныққан болса, батыстық азаматтарда құндылықтарға қалтқысыз берілу мінезі басым. Дін құндылықтарын қызғыштай қоритын жауынгерлік мінезді басқа бағытқа бейімдеп алуға да болатынын дәстүрлі емес ағымдар әрекеті айғақтап отыр» дейді А.Әбдірәсілқызы.

Айта кетейік, осынау лаңкестік оқиғалардан кейін елімізде дін саласының мамандарынан құралған ақпараттық топ өңірлерді аралауға кірісіп кетті. Мамандардың жолы жуырда Оңтүстік Қазақстан облысына да түспек. Өңірде шамамен 3 мыңдай дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылар бар дейді имам-молдалар. Дегенмен, діни ахуал тұрақты.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0