воскресенье, 24 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-2oC
Астана:
icon
-10oC
×

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу діни экстремизммен күрестің бір жолы

Тәуелсіздікті елімізге көктен түскен тағдырдың тартуы сияқты оңай ғана ұғынып келе жатқандар да аз емес сияқты. Ал сол тәуелсіздік жолындағы күрестер күнделікті жалғасып жатқанын сезінетін уақыт жетті. Әрбір қазақ, әрбір қазақстандық тәуелсіздікке үлес қосып келеді. Алайда кері ағымдар ықпалында қалып ел ертеңіне балта шауып жатқанын білмей келе жатқандар да жоқ емес. Күрес идеологиялық сипатта бара-бара тіпті өршіп бара жатқандай әсер қалдырады. Әсіресе діни экстремистер қаупі назардан тыс қалмауы керек. Енді онымен күресудің жолын көп болып табу бізге міндет. Біздіңше қандай да бір экстремизмді насихаттаушы ағым болмасын оның негізінде белгілі бір идеология жатыр.

Идеологиямен тек идеология арқылы тиімді күрес жүргізуге болады. Ал күштеу арқылы, яғни соттау, қамау, атып тастау сияқты т.б. зорлық сипатындағы шаралар арқылы көп жағдайда кек қайтару сияқты кері жауаптың алынатынын діни экстремизммен жүргізіліп отырған осы сипаты басым әлемдік тәжірибе үлгілері көрсетіп отыр. Олай болса күрестің өзге жолдары мен жақтарын қарастыру керек. Әсіресе, соңғы уақыттардағы ұлттық қасиеттерімізді (қазақтанулық сипатта) тану бағыттары аясында жүргізілген зерттеулерге назар аударған адам діни экстремизммен күресте ұлттық идеологияның жан-жақты насихаттаудың тиімді тұстары көп екенін көрер еді.

Ұлттық идеология деген де сол ұлтты ұлт етіп ұйытып отырған негізгі ұстындарды (тіл, дін, діл, дәстүр т.б.) қоғамның әрбір мүшесінің саналы түрде меңгеруі деп түсінген дұрыс болар. Бүгінгі күні сырттан келіп санамызға тықпаланып жатқан әрбір ой-пиғылдың астарына үңіле білетін адам болу үшін ұлттық идеологияның тәрбиелік мәні ерекше болмақ. Сондықтан экстремистік пиғылдарды танып білу үшін өзін-өзі таныған, кеше кім болғанын? Бүгін кім екенін, ертең кім боларын анық білетін саналы ұрпақтың ғана қолынан келер іс болмақ.

Қоғамда діни экстремизм құрығына түсетіндердің әлеуметтік жағдайлары әртүрлі болуы, яғни дәулетті отбасыдан шыққандар да, кедей әулеттің мүшелері де болуы бүгінгі осы мәселелермен бетпе-бет кездесіп отырған біздерді ойлантуы керек. Олар негізінен, өзін-өзі танудан қалғандармен қатар, күнделікті күйбең тірлікте өз орнын анықтай алмағандар екені анық. Бір сөзбен қоғам тарапынан шеттетулер мен әлеуметтік қағажу көргендер деп санауға болады. Алғашқылары, Абай айтқандай: «...көйлегі көктік, тамағы тоқтықтан...» ғана азғындамайды, сонымен бірге жас кезінен «барлық пен жоқтық туралы» түсінігі аздау болған олар өзге қоғам мүшелеріне менсінбеушілік, өзін жекелеп көрсетуге тырысушылықтың әсерінен де жалпы қоғамнан шеттеп, жат идеологиялар жетегінде кетіп жатады. Өз кезегінде қоғамның өзге мүшелері оларды осындай жағымсыз мінез-құлықтары үшін ғана емес, олардың иемденіп отырған дәулетіне деген қызғаныштан да жатырқап шеттете бастайтыны белгілі. Өйткені, әрбір байыған адамды кейде адал еңбегімен байығандар санатына қоса беруге көпшіліктің бәрінің бірдей өресі жете бермесі анық. Оның үстіне баю жолын мақсат еткендердің бәрі адал еңбек етіп отыр деп кесіп айту да қиын екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Ал кедейлер өздерін өзгенің алдында материалдық байлығының төмендігімен салыстырып қарайды да, орынсыз «ыңғайсыздық» жағдайын сезінеді. Шындығында өзін материалдық байлық тұрғысынан емес құдайдың құлы, бір халықтың толыққанды өкілі санайтын адам ондай ыңғайсыздықтың терең тамырларына түсіністікпен қарап, оны болдырмауға әрекет жасар еді. Ондай жандар өзгенің қамқорлығына емес құдайдың қорғауы мен өз халқына арқа сүйеуге бейім тұруды дұрыс санайды. Жалпы кез келген адам бір құдайдың ғана құлы екенін, өз халқының өкілі екенін өзгелермен байланыстар жасағанда ұмытпауы керек сияқты. «Саған қарап, сенің халқың туралы ой түйеді» деген сана бізді әрдәйім халықтық құндылықтарды білу мен сақтауға итермелейтін күш деп білген жөн. Бұл мақсатты ұлттық идеология арқылы қалыптасатын сана екені де белгілі. Сондықтан тәрбиеде осы жайттарды естен шығармау керек деп санаймыз.

Біздіңше, жоғарыда айтылғандай түйінді мәселелерді шешуде де ұлттық идеология табысты жолға бастар еді. Қасиетті дінімізде айтылатындай өзгенің мүлкіне, тірлігіне қызғанышпен қарау бар пәлекеттердің басы екенін, сол қызғаныштан Адам ата ұлдарының бірін-бірі өлімге (Абылды Қабылдың өлтіруі) қиғанын естіп, біліп отырсақ та қызғанышты бойдан аулақ сала алмай отырған пендешілігіміз мойындауымыз керек. Байыған қандасымызға бабаларымыз сияқты «елде болсын, елде болса, ерінге тиеді» - деп қараушылық тек ұлттық идеология арқасында, яғни «әрбір қазақ жалғызым» тұрғысындағы сана арқылы ғана қол жеткізуге болады.

Ұлттық идеология неден тұрады? деген сауалды жас кезінен жауабын алған, бойында қазақы қаны мен ұлтжанды санасы қалыптасқан адамның өзге идеологияларға кетуі өте қиын. Жай ғана бақылаулар арқылы қазақы ауылда тәрбие көрген бала ислам дінінің қағидаларымен ата-анасы мен туған бауырлары арқылы естіп, тәрбиеленіп өзге жат пиғылды идеологияны бойына жуытпайды. Керек болса, мәніне үңілгісі де келмейді. Ал қай күні сол адам өз туыстары тарапынан шеттетіле бастайды немесе бақылаусыз қалса оны өзге арам ойлылар шырмауы шырмайды деп санауға болады. Психологиялық тұрғыдан алғанда кез келген адамда қоғамға керек болмаудан немесе жауапсыздықтан артық қорқыныш сезім де, жат мінез де жоқ. Сондықтан өз ұлтының құндылықтарын мақтан ете алатын ұрпақ тәрбиесі басты назарда болуы керек. Ұлттық құндылық дегенде ұлттың тарихы, тілі, діні, дәстүрі мен әдет-ғұрпын меңгеру мен сақтау екенін білу керек. Көп жайттар да осы құндылықтарды аз білетіндер мен олардың бағасын түсінбегендер жат идеологиялар құрбандарына айналады. Біздің арамызда халықтық тарихы, тілі және діліміздің терең тамырларына бойламай жатып, сол халықтың ғасырлар бойы сақтап келген салттарын жоққа шығарушылардың саны біршама екенін көзіміз көре бастады. Оның арғы жағында жат пиғылдың жатпағанына кім куә?.

Қасиетті дінімізде ұлттардың, рулардың әртүрлі тілде сөйлеуі мен түрлі өмір салтының болуы «Алланың қалауымен» (қараңыз «Хужрат сүресі 13 аят») болып отырғанын байқататын аяттардың мәніне тереңірек үңіле түскен абзалырақ іс болар еді. Олай болса «біртұтас халифатты армандау» Бір Жаратушының бұйрығына қарсы келу болып шығу болмай ма?.

Ұлттық сана тарихты оқу мен оқыту арқылы жүретіні анық. Қазақ халқы тумысында тарихшы халық десе болады. Өз халқының шежіресін бесіктегі кезінен жыр арқылы естіп, өсе келе эпостарды тыңдап, өзі туралы қандастарының шежіресі арқылы қаныққан жас буын өзге идеологияны керек етпейтін. Яғни тектілік танытатын. Бүгінгі кейбір істеріміз сол тектілікті дәріптеудің кемшін түсіп жатқанынан сияқты. Болмаса халқымыздың «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген сөздерінің мәнін ұғыну мен сол халықтың ауызекі тілінде айтылатын «Есектің артын жусаңда, мал тап» деген мәтелдің Абайдың өз қара сөздері арқылы сынға алғандағы мақсаты осы тектілікті жоғалтып алмау екенін ойлана бермейміз. Жақында ғана ЖОО-ғы бір кездесуде Қытайдан келген бауырымыз Елубай Ғалымбек сол қиырда жатқан елде білім алған ұлын Қазақстанға шығарып салып тұрған әкесінің: «ұлым тек саудагер ұлттарда ғана Отан болмайды, өйткені саудасы келген күні олар оны сатып жібереді. Қазақ саудагер халық емес» - деп айқанын тілге тиек еткен еді. Әке аманатын арқалап, қазақтың жоғын түгелдеп жүрген азаматтарға қалай сүйсінбесің?. Керісінше, қазақтың барын жоққа шығарып, өзгенің қаңсығын, таңсыққа айналдырып жүргендерге қалай күйінбейсің?. Жазба тарихты зерделеу арқылы да ұлттық мақтаныш сезімдеріміз ояна түседі. Елтаңбамызға кешегі сақтардың ұрпағы екенімізді жария ететін «қанатты пырақты» белгіледік. Ал сақтар ежелгі гректер таңғалып, өнері мен ержүректігін мойындаған бірден бір халық екенін төл тарихымызды ұлттық идеологияны қалыптастыру тұрғысынан алғанда насихаты жетпей жатқан тақырыптардың бірі деп қарауға болады. Осылардың арасын ажырата қарау үшін қазақ үшін құнды саналатын алтындарды айқындауға керекті ұлттық идеология керек сияқты.

Ұлттық идеологияны дәріптеу ұлттың ішінен немесе ұлыстың ішінен шыққан өзге тілді жерлестерді, керек болса діні бірдің игілікті істерін жас ұрпақтың мақтаныш етуі арқылы да қалыптасатынын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы «Шығыстың екінші ұстазы» саналатын Әл Фараби бабамызды тек қазаққа немесе түрікке тиесілі санау оның жеткен беделіне нұқсан келтірер еді. Әлем халықтары «ұстаз ретінде» танып отырған жерлесімізді мақтаныш етіп, жалпы адамзатқа ортақ тұлға санау арқылы ғана ұлы ғұламаның шын бағасына қол жеткізе алар едік. Олардың адамзат тарихына тигізген пайдаларын жас ұрпаққа насихаттау арқылы өз ұлтын сүйуге тәрбиелеуге болар еді. Ал өз ұлтын сүйген адам жат пиғылдар жетегінде кете бермесі анық.

Қасиетті дініміз Исламның орны ұлттық идеологиямызды жүргізуде ерекше. Елбасының «Тегіміз Түрік, дініміз Ислам екенін ұмытпауымыз керек» деген сөзі баршамызға бағдаршам сияқты болуы тиіс деп санаймыз. Ислам табиғатынан бейбітшілік сүйгіш дін екенін, діни фундаментализм мен экстремизмнің шығу тарихы исламнан аулақ жатқанын ғылыми дәлелденген жағдайлар екені де белгілі. Ол ойды да мынандай алмағайып заманда «алпауыттардан» тайсалмай әлемге тұңғыш рет батылы жетіп айтқан саяси қайраткерлердің арасында Елбасы Н.Ә. Назарбаев есімі бар екенін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау керек. Нақтылау айтар болсақ, тарихта мәдениет қатынастарының дамып, өзара бірігуі һәм кірігуі (интеграция) тек Исламнан кейін ғана мүмкін болды. Оған дейін мәдениеттер арасында өшпенділік оты өршіп, болар болмас ғана байланыс болған болса, Исламмен бірге шығыс пен батыстың барша мәдениеттері жамырасып, үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Оған дейін белгілі бір мәдениетке ғана тән боп есептелген нәрселер мұсылмандардың арқасында бүкіл әлемдік мәртебеге ие болды. Мысалы, араб цифрлары деп атағы шыққан сандардың ежелгі дәуірде тек Үндістандықтарға ғана мәлім болғаны белгілі. Мұсылмандар осы цифрларды жетілдіріп қана қойған жоқ, оларды құр символдықтан шығарып, мағыналы белгілерге айналдырды. Әлем тарихында бірінші рет нөл (сыфыр) цифрін мұсылман ғалымдар тапты және еңбектерінде пайдаланды. Оның ішінде нөлді бірінші рет сан ретінде қолданған Мұхаммед Мұсаұлы әл-Хорезми (780-850) болды. Арал теңізі маңында дүниеге келген дана бабамыз сонымен қатар 1-ден төмен қарайғы сандарды белгіледі, жүздік, мыңдық және ондықтарды жүйелеп, бөліп жазуды көрсетті. Оның бұл табыстары мүмкін тарихтағы ең маңызды ғылыми жаңалықтарға жатады. Үстіміздегі информация ғасырында, телекоммуникация дәуірінде мұсылмандар ашқан осы жаңалықтың қызығын бүкіл әлем көруде. Орыс тіліндегі цифр мен батыс тілдеріндегі cipher сөздері арабша нөл дегенді білдіретін «сыфыр» сөзінен алынғанын тілге тиек еткен пікірлердің бар екенін көпшілік біле бермейді. Шындығында араб сандары рим сандарымен салыстырғанда қолданымы өте икемді һәм оңай. Әл-Хорезми ашқан бұл жаңалық Еуропаға тек X-XII ғғ. ғана мәлім болған; осы жаңалықты батысқа жеткізген Герберт есімді адамның абырой-беделінің артқаны соншалық, кейін ол Рим Папасы сайланған. Оның есімі Папа Силвестер II болып, Еуропа тарихында қалды. Әл-Хорезмидің «Китаб әл-жәбір уә-л Мұқабала» (Алгебра мен теңдіктер кітабы) латын тіліне аударылғанда (XIIғ.) әл-жәбір сөзі алгебра деп аударылғандықтан осы сөз термин боп қалыптасты. Оның екінші бір кітабы латыншаға «Algorithmi de numero Indorum» деп аударылғандықтан, алгоритм сөзі тағы да терминге айналғанын көпшілік біледі. Міне осындай тарихи жайттарды көбірек әңгімелеу арқылы өз халқымен діндестерінің жалпы адамзатқа қажетті білімдердің дамуында қалдырған іздерін танып, мақтаныш сезімі оянған жас ұрпақ өзге идеологияны санамен саралауға үйренер еді деп санаймыз.

Қорыта айтқанда, ұлттық құндылықтарды, ұлттық идеологияны насихаттау арқылы ұлттық сана үшін күресу, діни экстремизммен күрестің бір жолы деп қарастырған жөн деп есептейміз.

Г.Әуезова,

Шымкент қаласы №84 мектеп мұғалімі

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0