среда, 1 мая 2024 г.
icon
442.05
icon
474.14
icon
4.74
Алматы:
icon
14oC
Астана:
icon
10oC
1xadv
×

Жемқорлықты отанды сату деген ұғыммен қатар қоюымыз қажет

Жеңі ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына түбегейлі балта шабуға бола ма? Болса оның жолдары қандай? Дәл осы сұрақтар қазіргі таңда кез-келген ел тұрғынын алаңдатпай қомайтыны сөзсіз. Өйткені, Қазақстандағы жемқорлық көрсеткіші әлі де болса жоғары деңгейде. Тек былтыр Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданғалы бері оң бұл салада өзгерістер көзге анық көріне бастады.

Ал, мамандар болса жемқорлықтың салдарымен күресудің нәтиже бермейтінін айтып отыр. Сыбайластыққа жол бермеу үшін қазір алдын алудың кешенді жолдары әзірленіп, жүзеге аса бастапты. Ол да сол аталған Стратегияның аясында.

Астана қалалық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне қарасты Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Роман Кимнің айтуынша, пара алушыны да, пара берушіні де тоқтатуға болады. Тек санамызда жемқорлыққа қарсы иәдениетті қалыптастырумыз керек. Адам жемқорлықты «отанды сату» деген ұғыммен қатар қойған кезде ғана бұл індеттің тамырына балта шабуға болады екен.

«Сингапур, Швеция, Дания, Финляндия сынды дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, егер бізде де әлеуметтік институт дұрыс қалыптасса жемқорлықты қоғамның өзі-ақ шетке ысырып тастайды, халық оған үрке қарайтын болады. Сондықтан, жемқорлық деген сөз біздің санамызда сатқындық, отанды сату сынды кереғар ұғымдармен қатар тұруы керек. Ол үшін балаға тәрбие берген ерте кезден бастап оның бойына патриоттықты сезім ұрығын дұрыс себуіміз қажет», - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, адамға оның айналасы да үлкен ықпалын тигізеді. Мәселен, «жұрттың бәрі алып жатыр немесе беріп жатыр, не үшін мен алмаймын немесе бермеймін» деген пікір қалыптасып қалған. Дамушы елдердің ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей, адамның психологиясы әлеуметтік институттарға тәуелді. Ал, дамыған қоғамда керісінше болуы керек.

«Сіздерге бір мысал келтірейін, жемқорлық деңгейі жоғары елден жемқорлығы жоқ дамыған елге көшіп барған адам жемқорлық жайында тез ұмытады, яғни ешкімге пара бермейтін болады. Алайда, біршама уақыттан кейін өз еліне қайтқанда ол адам бұрынғы әдетіне қайта басып, пара беруін немесе алуын жалғастыра береді. Яғни, қоршаған ортасы, әлеуметтік институт оған тез ықпал етеді», - дейді Р.Ким.

Маманның пікірінше, жемқорлықпен күрестің ең қарапайым жолы – ешкімге пара бермеу, шенеуніктерді пара алуға үйретпеу. Қандай жағдай болмасын, істі парасыз шешу қажет.

«Тек сол кезде ғана біз жемқорлықтың сатқындық екенін түсінеміз. Ол біздің санамызды құлдың санасына айналдыратын күш екенін түсінгенде ғана дамыған елге айнала аламыз», - деп сөзін түйді Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын былтыр желтоқсан айында Мемлекет басшысының өзі бекітті. Содан бері еліміздегі жемқорлықпен күрес жұмыстары жаңа деңгейге шығып отыр.

«Бұл құжаттың негізгі мақсаты – мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатын күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тек құзырлы органдарды ғана емес, бүкіл қоғамды тарту. Яғни, коррупцияның қандай түріне болмасын «нөлдік төзімділік» таныту. Бұл елдегі жемқорлық деңгейін әлдеқайда төмендетеді. Біздің мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес екені белгілі. Стратегия осы бағытты жүзеге асыратын негізгі құрал болмақ», - дейді Роман Ким.

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы ең маңызды факторлардың бірі – өскелең ұрпақтың тәрбиесі. Сондықтан, биылдан бастап білім беру мекемелерінде тәрбие жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, «Жемқорлыққа қарсы мәдениет» деп аталатын модельді оқу бағдарламасы әзірленді. Аталған бағдарлама ҚР Білім және білім министрлігі тарапынан еліміздегі барлық 126 ЖОО-ға ұсынылып отыр. Жастар жемқорлықтың қалай пайда болатынын, онымен қалай күресу керектігін осы бағдарлама арқылы үйреніп шығуы тиіс.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0