Шымкент қағазы шетел нарығына жол тартты

Қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, одан жаңа өнім өндіру – ресурсты үнемдеудің ғана емес, өңдеу өнеркәсібін дамытудың да тиімді жолы.

Фото: Shymkent Qagazy
Фото: Shymkent Qagazy

Шымкенттегі Shymkent Qagazy ЖШС осы бағытта жұмыс істеп, макулатурадан қағаз бен картон, одан әрі дайын қораптар шығаратын өндірісті жолға қойған. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Қазақстан нарығымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға жеткізіледі.

Кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыруға биыл 2,5 млрд теңге инвестиция салынды. Қаражат өндірісті кеңейтуге және гофрленген картоннан бұйымдар шығаратын жаңа цехты іске қосуға бағытталған. Бұл өндіріс құрылымын өзгертіп, қағаз бен картон дайындаумен шектелмей, олардан дайын қораптар өндіруге мүмкіндік берді. Айта кету керек, Shymkent Qagazy кәсіпорны 2021 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген.

Айына 1600 тонна өнім шығаруға есептелген қағаз жасау машинасы қазір толық қуатта жұмыс істейді. Мұнда гофрленген қағаз бен картон өндіріледі. Ал 2026 жылдың ақпанында іске қосылған екінші цех айына 5 млн шаршы метр гофрленген өнім шығаруға арналған.

Кәсіпорын картон қораптар, гофрленген парақтар мен арнайы пішінді бөлшектер дайындайды. Осылайша, өндірістің жаңа кезеңі басталып, кәсіпорынның дайын өнім ұсыну мүмкіндігі кеңейді. Кәсіпорын жеткізушілер базасын кеңейтумен қатар, Шымкентте макулатура қабылдау пунктін ашуды жоспарлап отыр. Бұл жергілікті жердегі қағаз қалдықтарын жинауға және оларды қайта өңдеуге тартуға жол ашады.

Қағаз, картон және гофрленген қораптардың көршілес елдерге жеткізілуі шымкенттік өндірістің географиялық ауқымын кеңейтіп отыр. Жаңа цехтың іске қосылуы осы бағыттағы өндірістік мүмкіндікті арттыруға негіз болады. Кәсіпорынның дамуына мемлекеттік қолдау да ықпал еткен.

Қазіргі таңда зауытта 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта бұл көркеткіш еселенуі мүмкін. Басты мақсат жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың білікті маман болуына жағдай жасау.

 

Что думаете об этом?
Нравится 1
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0