Қызылордада «Kyzylorda Business Hub» стартап жобалар байқауының қалалық кезеңі өтті. Бұған дейінгі іріктеу кезеңдері Қызылорда облысының барлық ауданында жүргізілген болатын. Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бірлесе ұйымдастырған бизнес-жобалар сайысы биылғы «Жастар жылына» орай өткізілуде. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында экономикалық өсу стратегиясының принципі ретінде шағын кәсіпкерлікті дамытуды мақсат еткен ұйымдастырушылар осы жобаны жүзеге асырып келеді.
Қызылорда өңіріне жұмыс сапары барысында ҚР Ақпараттық және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин аталған жобаны ұйымдастырушы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Business Start» инновациялық жобаларды жүзеге асыру орталығының мүшелерімен кездесті. Вице-министр әлеуметтік тапсырыс арқылы облыста бірінші рет жүзеге асырылып жатқан «Kyzylorda business hub» жобасына қатысушылардың бизнес-жобалар дайындау сәтіне куә болды. Вице-министр облыста өтіп жатқан шараға оң бағасын беріп, маңызды жобаны республикалық деңгейде өткізуге ұсыныс білдірді.
«Стартап жобалар байқауы 3 кезеңнен тұрады. Іріктеу кезеңінде аудандар мен қала бойынша жобалар тыңдалды. Екінші кезеңге жолдама алған қатысушылар қарашада бизнес-лагеріне қатысады. Ол жерден үздік шыққан жобалар финалдық кезеңге қатысып, инвесторлар алдында қорғалады. Қазір бизнес-лагеріне 110 жоба іріктеліп алынды», - дейді жоба ұйымдастырушысы Жанарыс Түбекбаев.
Бизнес-идеялар байқауына 16 мен 29 жас аралығындағы жастар өз жобаларын ұсынды. Байқау кезеңдері желтоқсан айына дейін жалғасады.