Сыр өңірінде күздік бидай сорты өсіріледі

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен былтыр қазан айында Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылдық округіне қарасты «Пәзілбек Қажы» шаруа қожалығындағы Қаратау бөктерінде 80 га жерге күздік бидайдың «Казахстанская-10» сорты егілді. Бұл жоспар Қызылорда облысының агроөнеркәсіптік кешен саласына инновациялық жобаларды енгізу бағдарламасына сәйкес және Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының сүйемелдеуімен бос жерлерді тиімді игеру мақсатында жүзеге асты.

Сыр өңірінде күздік бидай сорты өсіріледі

«Казахстанская-10» сортының егуге дайындалған тұқымын сауықтыру үшін аминопул препараттарымен  өңделді. Сонымен қатар тұқым көпжылдық аквагель ылғал жинағышымен, ылғал сақтағышымен бірге себілді. Бұл – жұмсақ, күздік және жаздық бидай ретінде егуге болатын, орташа мерзімде пісетін сорт. 1000 дәннің массасы 33-43 грамм болады. Лютесценс бағалы бидай тобына жататын сорт ауруларға төзімді келеді. Мамандар бұл бидай түрінің тұзды жерге төзімділігін айтады. Оның биіктігі кем дегенде — 75 см, әлеуетті өнімділігі — 28,0-80,0 ц/га, ал дәніндегі ақуыздың мөлшері — 13%.  Алматы облысының суармалы жерінде гектарына 80 центнер өнім берген.

Сырдың Қаратау бөктеріндегі бос жатқан жерлерде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге аквагель пайдалану өте ыңғайлы. Аквагель өзінің массасынан 500 есе артық суды бойына сіңіріп, өсімдікті қажетті ылғалмен бірнеше жыл бойы қамтамасыз ететін крахмалдан дайындалатын майда түйіршіктер. Әлемде озық технология ретінде саналатын бұл тәсіл ауыл шаруашылығында, соның ішінде тәлімі жерлерде дәнді және мал азықтық дақылдардан мол өнім алуға мүмкіндік береді.

Дақыл тұқымдарымен бірге аквагель түйіршіктері белгілі тереңдікке негізделген арнайы сепкіштермен орналастырылады. Топыраққа сіңген препарат су ерітіндісін қоректі заттармен бірге бойында сақтайды. Сол арқылы өсіп жатқан дақыл қажетті ылғалдылықты «Аквагель» препараты арқылы алып отырады. Өйткені, бұл препарат резеңке тәрізді ылғалды беріп, сіңіру арқылы өнім піскенше жағдай жасайды. Өсімдікке керекті ылғал мөлшері топыраққа, сол жердің климаттық жағдайына тікелей байланысты. Қандай препарат болса да, бұл көрсеткішті өзгерту мүмкін емес, тек ылғалдың тиісті мөлшерін тиімді пайдалануға әсер ететінін айта кету керек. Осы орайда ылғалдың тарап және буланып ұшып кететін мөлшерін аквагель бойына сіңіріп (микродозаторлы), өсімдікке қажет кезінде беріп отырады.

 

Егінге арналған жер тұқымды себер алдында ПН-8-35 соқасымен жыртылып, артынша ауыр дискімен дискіленді. Содан кейін тоң кесектері майдаланып, екі қатарлы тырмамен тырмаланды.

Топырақты өңдеу жұмыстары аяқталған соң қазанның 29-30 күндері  СЗТ-3,6 сепкішімен гектарына 4,5 млн дана дән себіліп шықты. Негізі топырақтың ылғалдылығы жеткілікті болған жағдайда қыркүйек айынан бастап еге беруге болады.

Дәнді дақылдар жай қатарлы әдіспен себіледі. Ал аквагельмен бірге сепкен кезде препаратты 1:1 мөлшерінде құммен қосып, көпжылдық шөптер себетін жәшікке салады. Сол кезде ғана аквагель тұқыммен  бірге бір қатарға түседі. Аймақтағы тұқым мен аталған препарат 4-5 см тереңдікке себіліп, артынан таптағышпен тапталды.

Өңірдегі егін көп жылдар бойы егіс егілмеген жерге жүргізілгендіктен арамшөппен онша ластанған жоқ. Қыс бойы дәннің өсу жағдайына бақылау жасалып тұрды.

Наурыз айында егістік азот тыңайтқышымен және магнийлі нитратпен  қоректендіріліп, сәуірде   «Аминопул», «Экстрасол» препараттарымен, сондай-ақ аурулар мен зиянкестерге қарсы  «Колоссаль Про», «Борей» инсектофунгицидтерімен  өңделді. Аквагельдің әсері бақылау нұсқасымен салыстырмалы түрде жүргізілді. Егіс алқабындағы өнім толық піскен кезде екі нұсқа бойынша өсімдіктер алынып, биометриялық талдаулар жасалады.

Тары, қант құмайы немесе сүрлемдік жүгері дақылдары күздік бидай жиналған соң екінші дақыл ретінде егіледі.

Күздік бидайды егу үшін гектарына 117 250 теңге қаржы жұмсалды. Жоспар бойынша 15,0 центнер өнім алынады деп күтілуде. Аквагелді қолдану арқылы гектарына 130 137 теңге жұмсалды. Ол кезде өнім 25,0 центнер болса, қалыптасқан технология бойынша өсірілген күздік бидайдан гектарына 12 375 теңге шығын келсе, аквагель қолдану нәтижесі бойынша 44 662 теңге пайда түсуі керек.

Loading...

10 июля, пятница