Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Бүгінде аймақта 400 шақырымға құбыр салынып, оған бөлінген қаржының 60 пайызы игерілді. Маусым айында Арал ауданы, Жақсықылыш кентінің газдандыру жұмыстары толығымен аяқталып, 57 шақырымға газ құбыры салынды. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы Қазалы ауданының Мұратбаев ауылында және Шиелі ауданының Байсын елді мекенінде ішкі газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Ерлан Ералыұлы.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында облыста жылу жүйелерін жаңғыртуға қаржы бөлінді. Осы орайда 11 жобаның жұмысы басталып, қазандықтар мен газотурбиналық қондырғылар және жылу жүйелерінің жөнделетінін жеткізді сала маманы. Жөндеу жұмыстарына алты мердігер компания тартылды. Қызылорда қаласындағы бірқатар құбырлар жаңартылып, жылумен қамтамасыз етілетін болады. Бүгінде Қарағанды қаласынан изоляцияланған құбырлар әкелініп, аталған жұмыстардың 15-20 пайызы орындалған. Сонымен қатар, биыл сумен қамтамасыз ету бойынша 13 жоба іске асырылады. Ерлан Ералыұлы коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарының өтелуі бойынша да мәлімет берді.
«Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу қағидаларына сәйкес Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінде арнайы call-орталықтар жұмыс істеді. Мамыр-маусым айларында 1 млрд 631 млн теңге бөлініп, оның 93 пайызы игерілді. Коммуналдық шығындарды өтеу бойынша бекітілген жетi қағидаға сәйкес 92 419 адамнан өтініш түсті», — деп атап өтті Ерлан Жоламанов.