Қызылорда облысында коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан 14 дәрігерге 28 млн теңге көлеміндегі өтемақы берілмеген. Бұл мәселе жөнінде «NurOtan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында арнайы қаралды.
Аймақта 3438 медицина қызметкеріне індетпен күресу бағытында жәрдемақы және өтемақы қарастырылған. Бүгінде оның 3424-іне тиісті төлемдер төленді. Ал, 14 қызметкерге тиесілі қаражаттың берілмеуінің себебі эпидкартадағы ақпараттарға байланысты болып шықты. Өңірдің бас дәрігері әр қызметкердің эпидкартасындағы мәліметтердің жүйелі түрде тексерілетінін және ақпараттар сәйкес келмеген жағдайда кері қайтарылатынын жеткізді.
«22 шілдеге дейін тек коронавирус инфекциясы анықталған медицина қызметкерлеріне өтемақы қарастырылды. Одан бері қарай пневмониямен ауырған қызметкерлерге де берілетін болды. Соған байланысты бүгінгі күнге дейін 3 комиссия отырысы өткізілді. Коронавирус дертін жұқтырған 340 медицина қызметкері қаралып, оның 123-іне (115-і жұқтырған, 8-і қайтыс болған) төлем төлеу ұсынылды. Вирустық пневмония бойынша 1 отырыс өткізіп, нәтижесінде 83 медицина қызметкерінің құжаттары қаралып, оның 52-сіне төлем берілетін болды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасып жатыр», - деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов.
Қауіпті індетпен ауырған медицина қызметкерлеріне санэпидстанция мамандарымен келісе отырып эпидемиологиялық карта толтырылады. Карта арқылы инфекцияны қай жерден жұқтырғандығы есепке алынып, одан кейін комиссия арқылы қаралатынын жеткізді сала басшысы.