Қызылордада жылу беру маусымына дайындық жұмыстары 87%-ға орындалды. Осы тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте тарқатып айтып берді.
«Қызылорда Жылу Электр Орталығы» кәсіпорны бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Нұрлы жер» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары аясында 4 млрд.теңге қаралған.
«Жылу орталығының негізгі станциясындағы газотурбиналық қондырғылар, су жылытқыш қазандық пен турбиналық цехтың технологиялық құбырларына, Оңтүстік қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса ұзындығы 15 шақырым болатын магистралды және кварталішілік жылу желілері қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл жылу желілерінің тозуына тосқауыл болады. Яғни, тозу көрсеткіші 42 пайыздан 39 пайызға дейін төмендейді», — деді басқарма басшысы.
Алдағы жылу беру маусымына байланысты жұмыстарды «КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалының мамандары 100 пайызға орындаған. Ал, кәріз жүйелері, су құбырларындағы реттегіштерді пысықтау сынды бірқатар жұмыстар бойынша «Қызылорда Су жүйесі» МКК арқылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясындағы 8 жобаның ағымдағы және күрделі жұмыстарының 93 пайызы жүзеге асырылып отыр.
Қызылорда облысында басқа өңірлермен салыстырғанда коммуналдық қызмет тарифтерінің орташа бағасы сақталған. Жылумен және газбен жабдықтау қызметтерінің тарифтері өзгеріссіз, ал, су үшін төленетін төлем 1,5%-ға (70,22-ден 69,17 теңгеге дейін) арзандаған. Соның ішінде тұрғындар үшін — 45,61 теңгеден 44,92 теңгеге дейін төмендетілді.Осы орайда коммуналдық қызметтер тарифтерінің негізсіз өсуіне жол берілмейтіндігін жеткізді сала басшысы.