Қызылорда облысында индустрияландыру бағдарламасының І және ІІ бесжылдығында құны 150,0 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 1,7 мың жұмыс орны ашылды. Есепті кезең бойынша 17,5 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Экспорт көлемі 6,4 млрд теңгені құрап отыр. Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында осы тақырып аясында тарқатып айтты.
«Мемлекет Басшысы ауыл шаруашылығын дамытып, жеңіл өнеркәсіпті, құрылыс материалдарын шығаруды және басқа да секторларды ілгерілету қажеттігін атап өтті. Осы орайда өңірде құны 100 млрд теңгені құрайтын 4 жобаның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ал, тамақ өнеркәсібі саласында 2 құрылысы басталды. Соның бірі – жылына 130 тоннаға дейін түйе сүтінің ұнтағын өндіретін «Казах Кэмел» серіктестігінің зауыты. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қызылорда облысының таңдап алынуы да бекер емес. Өйткені, Республика бойынша түйе саны жағынан біздің аймақ Маңғыстау облысынан кейінгі орында. Бүгінде өңірімізде 45 мыңнан аса түйе басы бар. Оның 60 пайызы Арал ауданына және 21 пайызы Қазалы ауданына тиесілі. Арал ауданы халқының табыс көзін негізінен түйе шаруашылығы құрайды. 2019 жылы Арал түйелері алғаш рет Араб еліне экспортталды. Әрине, малдарды тірілей экспорттаумен шектелмей, олардың өнімін өңдеп, экспорттаған әлдеқайда тиімді», — деді Жанар Серікқызы.
Өңірде жыл соңына дейін кальциленген сода және шыны-пластикалық құбырлар шығаратын 2 зауыттың құрылысын басталмақ. Ал, бағдарлама аясында «Аралтұз» акционерлік қоғамы тұз өндіретін 2 испан цехын іске қосты. Бұл жоба арқылы 1200-ден астам тұрғын жұмыспен қамтамасыз етілді. Өндірілген өнім мен сатылған өнім көлемі 3 есеге артып, экспорттық өнім үлесі 75% құрағанын жеткізді сала маманы. Оған қоса Арал ауданында қуаттылығы 4 мың тонналық балық өңдеу цехын іске қосу жоспарлануда.
«Қызылорда облысының металлургия саласында «Шалқия» қорғасын-мырыш, «Баласауысқандық» ваннадий, «Ақ-Еспе» титан-цирконий кен орындарында тау-кен және кварц құмын байыту комбинаты жобалары бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар, биыл өнеркәсіп саласында индустрияландыру картасынан тыс құны 2,7 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылатын болады. Бұл жобалар пайдалануға берілгеннен кейін 231 жаңа жұмыс орны ашылады. Аймақтағы жобаларды жүзеге асыру кезінде 680 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде», — деді Жанар Берденова.
Қызылорда облысының құрылыс индустриясында ірі кәсіпорындардың бірі – «Компания Гежуба Шиелі цемент» ЖШС-нің қуаттылығы 1 млн тонна болатын тампонажды цемент зауыты. Биылғы пандемия жағдайы зауыт жұмысына біршама кедергілер келтірген. Алайда қазіргі уақытта зауыт жұмысы реттеліп келеді. Бұл кәсіпорын былтыр 380 мың тонна цемент шығарды. Биыл жыл соңына дейін сол межеге жету мақсат етілуде.