Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда автобус паркіне жаңа қоғамдық көліктерді табыстау рәсіміне қатысты. Енді Сырдың бас шаһарында Семей қаласының «СемАЗ» зауытында құрастырылған үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобустар жолаушылар тасымалын жандандыратын болады.
Жаңа автобус жылдамдық шектеу, қозғалыс интервалын бақылауға арналған GPS жүйесімен жабдықталған, жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделген, экологиялық таза газбен жүреді.
«Бүгін облыс орталығы Қызылорда қаласының транзиттік әлеуетін дамыту бағытында автобус паркі жаңа 13 автобуспен толығып, халық игілігіне беріліп отыр. Қызылорда автобус паркі құрылғаннан бастап, автопарктің техникалық базасын қалыптастыру мақсатында 122 дана жаңа автобус алынған болатын. Бүгінде қалаішілік 25 бағытқа және 8 қала маңына қатынайтын бағытқа, барлығы 636 автокөлік екі ауысыммен қызмет көрсетіп келеді. Биылғы жылдан бастап «Цифрлық Қазақстан» жобасымен қаладағы бірқатар қоғамдық көліктерге электрондық билет жүйесі енгізілді. Бүгінге дейін 212 мың адам терминал арқылы, 15 мың адам телефон немесе көлік карталары арқылы төлем жасаған. Бұл қоғамдық көліктердегі жолаушылар мен тасымалдаушылардың өзара сенімділігін, мәдениеттілігін қалыптастыруға ерекше ықпал етуде», – деді аймақ басшысы.
Бүгінде қалаішілік 25 бағытқа және 8 қала маңына қатынайтын бағытқа, барлығы 636 автокөлік екі ауысыммен қызмет көрсетіп келеді. Олардың қатарын бүгін беріліп отырған №1 бағыттағы су жаңа автобустар толықтырып, халық тасымалы қызметін жандандырмақ.