суббота, 20 апреля 2024 г.
icon
447.4
icon
477.55
icon
4.76
Алматы:
icon
13oC
Астана:
icon
14oC
1xadv
×

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шығыс Қазақстанда ерекше монумент орнатылады

Тұғырлы Тəуелсіздіктің 30 жылдығына орай қойылатын композиция Өскемен қаласының қақ төрінен орын алмақ. Аталмыш монумент қазақтың әйгілі Керей, Жəнібек хандары мен Төле, Қазыбек, Əйтеке билерінің құрметіне арналады. 

Облыс әкімінің хабарлауынша, 30 метрлік көп фигуралы "Тәуелсіздік монументі" мүсіндік композициясы Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихын бейнелейді. Композицияның орталығы – биіктігі 12,6 және диаметрі 11,3 метр болатын алтыбұрышты негіздегі тік ескерткіш. Оның төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бедерленген рельеф орналасқан. Монументтің орталық бөлігінде қазақ халқының бірлігі мен елдігін бейнелейтін үш биіміз - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би қойылған. Монументтің екі жағында Қазақ хандығында қабылданған "Жеті жарғы" заңдар жинағының үзінділері жазылған. Монументтің басында Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек бейнелері орналасқан. Мүсіндер қоладан, ал монументтің қабырғалары ақ мәрмәрден жасалады. Аумағы – 6756 м2.

«Аталған кешеннің логикалық жалғасы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы жаңа аллея болмақ. Мұнда Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, еліміздің бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлының құрметіне ескерткіш қойылады», – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Алдағы уақытта жүзеге асатын істі аймақ басшысы зиялы қауым өкілдерімен кездесуі барысында да таныстырған.

«Жоба біздердің көңілімізден шықты! Композиция Қазыбек би даңғылының бас жағындағы биікке қойылатын болып шешілді! Ел тарихын еңселі ескерткішпен нақыштап, тасқа қашап, кітапқа қаттап отыру болашақ ұрпақ үшін маңызды. Төріңде тарихың таңбаланып тұрса ұрпаққа рух, жауға сес болмақ. Ордалы отыз жылды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның тарихының осылай таңбалануы заңдылық. Тəуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз Мəңгілік болсын! Осындай жарқын істеріміз көп болсын деп тілейік!» – деді қоғам белсендісі Түсіпхан Түсіпбеков.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0