Республикалық деңгейде медициналық авиация нысанындағы медициналық көмек Қазақстан халқына 2011 жылғы сәуірден бастап көрсетіле бастады. Медициналық авиация жұмысы пациенттерді тасымалдау, бетпе-бет консультациялар, операциялар жүргізу, қашықтықтан медициналық қызметтер жүргізу, донорлық органдар мен биоматериалды тасымалдау сияқты бағыттарда жүргізіледі. Бүгінгі таңда орта есеппен медициналық авиация тәулігіне 3-тен 15-ке дейін ұшуды жүзеге асырады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық өңірлерінде медициналық авиация желісі бойынша жұмыс ұйымдастырылған. Әуе көлігімен жаппай қамту елдің шалғай және қатынауы қиын аудандарының халқына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ҰШМҮО мамандары 2021 жылы 2586 ұшуды орындады, 3950 пациентке, оның ішінде: 947 (24%) патологиясы бар балаларға, 679 (17%) жарақаттары, жазатайым оқиғалары және уланулары бар пациенттерге, 966 (24%)акушерлік практикадағы шұғыл жағдайлар бойынша пациенттерге, 505 (13%)қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттерге, 493 (13%) жаңа туған пациенттерге, 360 (9%) басқа аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетті. Жалпы пациенттің 563-і COVID-19 ауырған пациенттер болды.
2021 жылдың қорытындысы бойынша 4960 медициналық қызмет орындалды, оның ішінде: медициналық ұйымдарға 2615 (53%) пациент тасымалданды, 254 (5%) консультация, 176 (4%) операция жүргізілді, 1915 (38%) қашықтықтан медициналық қызмет ұйымдастырылды. Донорлық органдарды алу және тасымалдау үшін мамандар 4 ұшу жүзеге асырды.
Республика шегіндегі медициналық авиация рейстерінен басқа, шетелде ауыр халде жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары мен қандастарды халықаралық тасымалдау жүзеге асырылады. 2021 жылы медициналық авиация отандық медициналық ұйымдарда емделуді жалғастыру үшін шетелдік клиникалардан Қазақстан Республикасының 8 азаматын тасымалдады.
Осылайша, 2021 жылғы 28 қыркүйекте медициналық авиацияның мобильдік бригадасы жол-көлік оқиғасынан кейін шетелдік клиникада ауыр халде стационарлық емделуде болған еліміздің азаматын тасымалдау үшін Тбилиси қаласындағы (Грузия) «New hospitals» клиникасына ұшуды жүзеге асырды.
Белгіленген процедуралар аясында отанында одан әрі емдеу үшін ер адамның жалпы ауыр жай-күйін және өкпені жасанды желдетуде үнемі болуын ескере отырып, пациент Академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына жеткізілді. Бүгінгі күні пациент жай-күйі жақсарып, ауруханадан шығарылды.
ҰШМҮО Оқыту-тренингтік орталығы Қазақстан Республикасының медицина қызметкерлерінің шұғыл көмек көрсетудің халықаралық стандарттары саласындағы біліктілігін арттыруға үлкен үлес қосуда. Сертификатталған нұсқаушылар 2021 жылы «BLS, ACLS, РLS» – 903, «Қауіпсіз көлік жүргізу. Қиын жағдайларда қауіпсіз жүргізу» бағдарламасы бойынша – 396 тыңдаушыларды оқытты. Емдеуге жатқызуға дейінгі кезеңде акушерияда шұғыл жағдайлар бойынша – 324, алғашқы көмек (First aid) – 4, кешенді семинар-тренинг (BLS, ACLS, PHTLS, PALS) – 761, ұшу физиологиясы және пациенттерді тасымалдау – 15 шеберлік кластары өткізілді.
Сондай-ақ, ҰШМҮО құрылымында Ахуал орталығы тәулік бойы белсенді жұмыс жүргізеді, оның мамандары сараптама тобымен бірлесіп, тұрақты негізде медициналық авиация желісі бойынша медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдау үшін анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіндегі ауыр халдегі пациенттерге күн сайын тәулік бойы мониторинг және талдау жүргізеді.
2021 жылдың қорытындысы бойынша Ахуал орталығы ауыр халдегі пациенттер үшін 224 583 қашықтықтан медициналық қызмет көрсетті.
Республикалық медициналық ұйымдардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылым ұйымдарының (реаниматологтар, акушер-гинекологтар, инфекционистер, пульмонологтар, кардиологтар, нефрологтар және басқалар) білікті бейінді мамандары бар сараптама тобы 2021 жылы 1915 қашықтықтан медициналық қызмет көрсетті.
Медициналық авиация денсаулық сақтау ұйымының ерекше, әлеуметтік бағдарланған түрі болып табылады. Еліміздің ұланғайыр жер қашықтығын ескере отырып, біздің орталықтың жұмыс істеген жылдары жедел медициналық мамандандырылған, оның ішінде жоғары мамандандырылған медициналық көмектің, қол жетімділігі қиын аудандарға мамандарды жеткізудің, пациенттерді тасымалдаудың, сондай-ақ кейіннен трансплантаттау үшін донорлық органдардың арқасында мыңдаған адамның өмірі құтқарылды. Халықтың шұғыл медициналық көмекке деген қажеттілігі жыл сайын артып келеді.
Шұғыл медициналық көмек Денсаулық сақтау жүйесінің маңызды буыны саналады және солай қала береді, оның жұмысының тиімділігіне халықтың денсаулығы мен өмірін сақтау айтарлықтай тәуелді.
Медициналық авиация қызметі арқылы еліміздің әрбір азаматына мемлекет әлемнің қай нүктесінде болмасын, шұғыл медициналық көмек көрсетуге кепілдік береді.