Алматы облысынынң әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласында салынып жатқан және қайта жаңғыртылу үстіндегі 12 нысанды аралап шықты, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Әкім атбасын тұрған алғашқы нысан әуежай. Мұнда жөндеу жұмыстары былтырғы жылы басталған. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы биылғы жылдың қыркүйек айына межеленіп отыр. Алайда әкімшілік ғимараты мен қосалқы блоктарда жасалып жатқан жұмыстар әлі баяу. Құрылысқа қарқын қосу туралы облыс басшысы қатаң ескертіп, орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовқа бұл істі бақалауға алуды тапсырды.
Қаланың шығыс бөлігіндегі скверде жүргізіліп жатқан іске де облыс әкімі А. Баталов бірқатар сын айтты. Мамырда қолданысқа берілуі тиіс нысан тек мерзімі жағынан ғана кешеуілдеп қоймай, ендігі көк шалғынға көмкеріліп тұруы тиіс орын әзірге тақыр күйде тұр. Тек сәулеттік композиция мен бірнеше жарық бағаналары ғана орнатылған. Алдағы уақытта сквер атауын «Көктем» деп ауыстырып, іске қосу мерзімін жылдамдату тапсырылды.
«Талдықорған» индустриалды аймағы ерекше назарда. Бұл аймаққа инфрақұрылым жүргізу инвестор тартудың ең тиімді жолы. Сондықтан осы істі тындырымды орындау басты мақсат болуға тиіс. Сондай-ақ, заңсыз құрылысқа мұнда да жол берілмеуі тиіс.
Күні ертең пайдалануға берілетін Қаратал жағалауы да әкімнің назарынан тыс қалған жоқ. Қалалықтар мен қала қонақтарының сүйікті орындарының біріне айналатын демалыс аллеясында тазалық пен тәртіп сақталуы қажет. Халықтың игілігіне жасалған орынды күтіп ұстау әрбір азаматтың міндеті екенін тұрғындарға түсіндіру, жеткізу де тындырымды істі қажет етеді. Облыс басшысы жағалауға қатысты тиісті сала басшыларына осындай талап-міндеттер жүктеді.
Талдықорған қалалық көп салалы аурухана қалалықтар үшін үлкен қуаныш болмақ. Заманауи талапқа сай жаңа техникамен жарақтандырылған аурухананың құрылыс жұмыстары біткенімен, құжаттандыру жұмысы ұзаққа созылып отыр. Бұл орайда тиісті лауазымды тұлғаларға ескертулер айтылды.
Облыс әкімі А. Баталов осы күні Жансүгіров көшесінің жөндеу жұмыстары, қаланың оңтүстік-батысындағы коттедж қалашығы, қаланың кіреберіс қақпасы, этноауыл, көрме павильоны, 16 қабатты қонақ үй құрылыстарының мән-жайымен танысты.