Енді Үкіметке алақан жайып, арқа сүйеу артта қалады. 2018 жылдан бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмек берудің тәртібі өзгереді. Бұл жөнінде NewTimes.kz тілшісі Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаевпен әңгімелескен еді.
- Көңілқос Керейұлы, «мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мұқтаж азаматтарға ғана көрсетіледі» деп жатыр. Осыған кеңірек тоқталып өтсеңіз?
- Бұл Елбасының халыққа Жолдауында да, кейін Ұлт жоспарының 84-ші қадамында «Әлеуметтік көмекті оның атаулылығын күшейте отырып оңтайландыру» мәселесі ретінде көрініс тапқан еді. Оңтайландыру әлеуметтік көмекті мемлекет тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтарға ғана көрсетуді көздейді.
Аталған реформаны іске асыру бағытында өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды. Заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Сәйкесінше, жергілікті бюджеттен (Атырау облысында) төленіп отырған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек түрлері мен республикалық қазынадан бөлінетін мемлекеттік жәрдемақылар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тоқтатылып, Жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленетін болады.
Ондағы мақсат – аз қамтылған отбасылардағы еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту, шағын, жеке кәсіппен айналысушылар санын көбейту, жеке шаруашылықты дамыту арқылы кедейлік деңгейінен шығуға ықпал ету. Ең бастысы, әлеуметтік масылдық пиғылдың таралуына тосқауыл қою.
- Өзіңіз айтып отырған әлеуметтік көмек қалай және кімдерге төленеді?
- Жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек - шартты және шартсыз ақшалай көмек болып екі түрде тағайындалады.
Шартсыз ақшалай көмек - мүмкіндігі шектеулі немесе жалғыз тұратын табысы аз адамдарға, отбасының еңбекке қабілетті мүшелері бірінші, екінші топтағы мүгедектер болған жағдайда, жеті жасқа дейінгі жасөспірімді, мүмкіндігі шектеулі баланы, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекті, бөгде адамның күтіміне мұқтаж қарт адамдарды бағып, күтетін табысы аз отбасыларға көрсетіледі.
Ал, шартты ақшалай көмек – жалғызілікті немесе отбасы құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар, табысы аз отбасыларына жұмыспен қамту, қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда ғана көрсетілетін болады. Бұл кезде міндетті түрде отбасының белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісім-шарты жасалады. Ол бойынша, шартты ақшалай көмекті алушы отбасы өзінің әлеуметтік белсенділігін арттыруға міндеттеме алады.
Бұл көмек үміткердің өтінішіне қарай ай сайын немесе үш айда бір рет төленеді. Үш айда бір рет төленген шартты ақшалай көмектің сомасы әлеуметтік келісім-шарты бойынша міндеттерді орындауға, соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға, жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс.
- Жоғарыда көрсетілген заңдылықтарды іске асыру мақсатында өткен жылы Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында пилоттық режимде «Өрлеу» жобасы енгізілгенінен хабардармыз. Алғашқы нәтижелерге тоқталып өтсеңіз?
- Оған жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6,0 млн.теңге қаржы бөлініп, төленді. Бұл жобаға 22 отбасы, барлығы 129 адам тартылған болатын. Жобаға тартылған отбасылардағы еңбекке қабілетті 24 адамның он алтысы тұрақты жұмысқа, біреуі әлеуметтік жұмысқа орналастырылып, жетеуі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.
«Өрлеу» жобасы ағымдағы жылдан бастап, облыстың басқа аудандарына да енгізілді. Оған 789 адамнан тұратын аз қамтылған 141 отбасын тарту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа барлығы 49,7 млн.теңге қаржы қаралды.
Пилоттық жоба аясында, сәуір айында 51 отбасына 1,9 млн.теңге тағайындалып, төленді. Оның ішінде 32 адам жұмыспен қамтылды.
Сұхбаттасқан: Алина ЗИНЕЛ