четверг, 28 марта 2024 г.
icon
449.58
icon
486.94
icon
4.86
Алматы:
icon
14oC
Астана:
icon
5oC
1xadv
×

«Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 39 жоба жүзеге аспақ

Ақ Жайық өңірі ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамту жағынан республикада көштің соңғы жағында келе жатыр. Облыстағы 443 елді мекеннің 37 пайызы ғана орталықтандырылған таза сумен қамтылған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жыл басында өткен есептік кездесуі кезінде мәлімдеген болатын, деп хабарлайды NewTimes.kz.

«Таза су ана мен баланың, жастардың, орта және аға буынның денсаулығымен тығыз байланысты. Аудан-ауылдарда болған кезімізде бұл мәселе жиі көтеріледі. Әсіресе ол оңтүстік аудандарда өзекті. Әріптестеріммен бірге облысымыздағы ең шалғай аудан - Бөкей ордасына барғанда бір ақсақалдар «Балам, бізге су қашан келеді? Қазіргідей техника мен технология дамыған заманда әлі бөшкемізді сүйреп жүрміз ғой» деп сауал тастағаны бар. Өткен жылдың соңында Елбасының қабылдауында болған кезде осы мәселемен қатар, ауылдарға жол, газ тарту жайттарын айттым. Нұрсұлтан Әбішұлы ауылдағы ағайынға мемлекет тарапынан тиісті көмек болатынын жеткізді. Ауылдардағы бұл жағдайдан Үкімет мүшелері де, Парламент депутаттары да хабардар. Елбасының тікелей қолдауының арқасында ағымдағы жылы облысымыздың барлық аудандағы 54 елді мекенді таза сумен қамту бағытындағы жұмыстар қолға алынады», — деген еді Алтай Сейдірұлы.

Сол ауқымды жұмыстардың алды көктем шығып, жер кепкен бойда басталды. «Су мәселесі шешіледі» деп қуанғандардың бірі - Жаңақала ауданы тұрғындары. Себебі жаңақалалықтардың 70 пайызы сапасыз су ішіп отыр. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан біраз іс-шаралар қолға алынғанын айта кеткен жөн. Тиісті сала мамандары ауданы аумағында жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізді. Алайда жеткілікті қоры бар су көзі табылған жоқ. Ал ауданның көрші Бөкей ордасымен шекарадағы Құлшық деген жерден анықталған су көзінің 27 жылға дейін жететін қоры бар. Бірақ ол жерден аудан орталығына дейінгі арақашықтық 151 шақырымды құрайды. Оған қомақты қаржы керек. Миллиардтаған қаржы сұраған бойда бөліне қоймасы анық. Сол себепті бұл жоба Үкіметте, тиісті министрлік, салалық құрылымдарда біраз қаралды. Нәтижесінде ол қолдау тапты. Жобалық құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын бұл іс ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы іске аспақшы. Биыл су құбырын тарту жұмыстары басталады.

Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасынан алынған мәліметке қарағанда «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясындағы «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге аса бастағаннан бері өңірде 67 нысан пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта олардың бәрі қалыпты жұмыс жасап тұр. Ауылдық елді мекендерге тартылған су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырымға жуықтайды.

Биыл 39 жобаны жүзеге асыруға 7 млрд. теңге қаржы бөлініп отыр. Оның жартысынан астамы республикалық бюджеттің еншісінде болса, 1,9 млрд. теңге Ұлттық қордан, қалған 1,4 млрд. теңге облыстық қазынадан қаралмақшы. Егер осы жобаның бәрі сәтті жүзеге асса, облыстағы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген ауылдық елді мекендер саны 186-ға (42 пайыз) жетеді. Сөйтіп республика бойынша орташа көрсеткішке (52,3 пайыз) айтарлықтай жақындай түседі.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0