Батыс Қазақстан облысындағы ең шалғай аудан – Жәнібекте су мәселесі өте өзекті. Ресейдің үш бірдей губерниясымен шектесетін аудандағы бұл мәселе кеңес заманы кезінде негізінен Волград пен Саратов облыстарындағы су көздері арқылы шешіліп келді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көрші орыс ағайындар суды тегін беруді тоқтатты, деп хабарлайды NewTimes.kz.
Екі елдің үкіметаралық деңгейдегі келісімдері негізінде су жеңілдетілген бағамен босталып жүрді. Соған орай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында су Жәнібекке Волгоград облысынан вагонмен тасымалданып келді. Кейін көршілес Бөкей ордасы ауданы аумағынан құбыр тартылып, ауыз су мәселесі шешімін тапты. Ал былтырдан бастап «Ақ бұлақ» бағдарламасы ауқымында ордалық топтық су құбырының аудан орталығындағы бөлігін жаңғыртып-жаңалау жұмыстары қолға алынды.
Жәнібек аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев тартылатын су құбырының жалпы ұзындығы 55 шақырымды құрайтынын айтады. Күні бүгін соның 20 шақырымнан астамы тартылған. Сондай-ақ осы шілде-тамыз айларында қысымды реттеуші құрылым алаңында жаңадан 50 текше метрлік су қысымды мұнара, қосымша 500 текше метрлік резервуар, насосты станса салынып, ескі резервуар жөнделмек. Құбыр тарту барысында аудан орталығының барлық тұрғыны таза сумен қамтылады. Сол сияқты бұрынғы су құбырларына құдықтар қойылады. Ескірген су құралдары жаңартылып, трансформатор орнатылады.
«Биыл құрылыс жұмыстарын 8 сәуірден бастадық. Бұйыртса, қыркүйек айының соңына дейін аяқтамақпыз. Бүгінгі күнге дейін құрылысшыларымыздың күшімен 15 шақырым су құбыры жүргізіліп, 84 тұрғын үй ауыз сумен қамтылды. Алдағы уақытта 800 үйге ауыз су құбыры тартылып, ондағы тұрғындар таза сумен қамтамасыз етілмек. Ауыз су құбырын қайта құру жұмыстарына 19 адам тартылса, соның төртеуі жергілікті тұрғын», — дейді мердігер компания - «Қазқұрылыссервис» ЖШС басшысы Жандос Ақжігітов.
Биыл сондай-ақ осы аудандағы Қамысты ауылында да ауыз су құбырын қайта құру жұмыстары жүруде. Тартылатын су құбырының жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайды. Құбыр тартылып болған соң 316 тұрғын үй таза ауыз сумен қамтылмақ. Қазіргі кезде аталған ауылдың 8 шақырымына су құбыры жүргізілген.
Өткен жылы Ақоба, Талов ауылдарын таза сумен қамту мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген еді. Соған орай Ақоба ауылындағы ауыз су құбырының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Қазіргі уақытта ол мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Ал Талов ауылының ауыз су құбырын қайта құру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама дайындылып, ол да мемлекеттік сараптамадан өтуде. Егер осы жобалар сәтті жүзеге асса, аудан тұрғындарының көпшілігі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберіндегі «Ақ бұлақтың» игілігін көрмекші.