суббота, 27 апреля 2024 г.
icon
444.22
icon
476.38
icon
4.82
Алматы:
icon
8oC
Астана:
icon
6oC
1xadv
×

Қостанай өңірінде денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру ісі қарқынды

Ақпарат заманында еліміздің апыл-тапыл басқан, азды-көпті жетістіктері бар. Цифрландырудың басты діттері – қай салада болмасын қалың бұқараның қолайына жағар тұстарды арттыру, әлбетте тұрғындардың уақытын үнемдеу. Қостанай облысында денсаулық сақтау саласына электронды қызмет түрлерін енгізу қарқыны тұрақты. Әсте, емханалардың дәліздерінде ұзын-сонар кезекті әлі де кездестіруге болады, деп хабарлайды NewТimes.kz тілшісі.

Мамандардың айтуынша, дәрігерлердің қабылдауына жазылуды, тіпті кез келген сынаманың қорытындысын біліп, басқа да шаруаларды интернет арқылы тындыруды тұрғындардың басым көпшілігі әлі біле қоймайды. Тұтастай Қостанай облысындағы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру хақында рет-ретімен баяндап өтсек.

Қостанай облысындағы емханалар мен ауруханалардың қызметкерлері қағасбастылықтан біртіндеп арылып келеді. Жуық арада барлық емдеу мекемелерінде тіркеу орны мен әдеттегі медициналық кітапшалар мүлдем болмайды. Оның орнына саІІ-орталықтардың қызметі іске қосылып, электронды денсаулық паспорттары енгізіледі. Бұл қам, мамандардың пайымынша, кезек мәселесін түбегейлі шешпек.

Қостанай облысының медициналық мекемелері алдағы уақытта қағазбастылықтан түпкілікті арылады. Әрбір емханада электрондық медициналық паспорт енгізіледі. Қазір электрондық түрдегі медициналық карталар саны 38 мың. Жылдың соңына дейін денсаулық сақтау басқармасы облыстың тұрғындарының 50 пайызының базасын енгізуді жоспарлап отыр.

«Денсаулық паспорты - Қазақстанның әрбір тұрғынының электрондық құжаты. Ол адамның барлық мәліметі енгізілетін амбулаторлық карта болып табылады. Жеке басының мәліметтері мен аурулары жазылады. Бұл паспортта тексеріс нәтижелері де қамтылады. Ол құжатты емдейтін дәрігері және өзі қарай алады, яғни жеке электронды кабинет науқастың өзіне және дәрігеріне ғана қолжетімді», — дейді Қостанайдағы №3 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлнәр Үмбетпаева.

Электронды паспорттың игілігі айтарлықтай. Мәселен, әлдебір азамат Қостанай облысының аумағынан басқа өңірге қоныс аударғанның өзінде барлық медициналық деректері, яғни туған күнінен бастап қазіргі уақытқа дейінгі қабылдаған дәрілік заттары, екпелер жайлы есептер, дәрігерлердің шығарған қорытындылары, бәрі-бәрі сол көшіп барған өңірдегі дәрігердің компьютерінен көруге болады.  Бұл арқылы қабылдауға жазылып, тіпті туысқандарды да жаздыру мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін отбасы туралы мәліметтерді енгізу керек. Аталмыш қызмет түрі ата-ана мен бала-шағасына ғана көрсетіледі. Алдағы уақытта қағаз карточкалары мен тіркеу орны қызметтерін тоқтатады. Дәрігердің қабылдауына жеке кабинет арқылы немесе саІІ-орталыққа қоңырау шалып жазылуға болады. Бұл да қазіргі тіркеу орындарын алмастырады. Барлық мәліметтер электрондық форматқа көшкенде қағаз амбулаторлық картадан бас тартамыз. Барлық емханалардың өту мерзімі әртүрлі. Бірқатары шілде айында көшеді.

Қазірдің өзінде Қостанайдың емханаларында қағаз бастылықтан арылу басталды. Қостанайдағы әр емхана күн санап ілгерілеген жаңашылдықтарға ілесіп бағады. Қаңтар айынан бастап Қостанай облысы бойынша денсаулық сақтау саласын қағазбастылықтан арылту үшін қам-қарекет қызу. Денсаулық сақтау мекемелерін компьютерлік жабдықтармен қамту мақсатында биыл 390 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Нәтижесінде, жабдықтау көрсеткіші 95 пайызға жетуі тиіс. Алайда, кемшін тұстар да жоқ емес.

«Денсаулық сақтау саласының мамандарына жаңа жабдық тілін үйретуді 2017 жылы маусым айында бастадық. Топ-тобымен оқыту барысында үнемі бағдарламаға қосымша мәліметтерді де енгізіп отырамыз. Әсіресе, зейнеткерлік жасқа таяп қалған жоғары білікті мамандардың компьютер бағдарламаларын игеруі тым қиын», — дейді Бағдарламашы Рамазан Ережепов.  

Мәселен, Татьяна Зотина – 57 жаста, науқастарға еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу бөлімінде жұмыс істейді. Тіс қаққан маманның айтуынша, бұл шаруаны қағаз, қаламның көмегімен рәсімдеген сәттен бастап, бүгінгі электронды қалыбына дейінгі кезең көз алдынан өткен.

«Бұрындары еңбекке жарамсыздық парақшаларын сиямен жазып толтырғанымызда, әрине, уақыт көп кететін. Қазір компьютердің арқасында бұл шаруа әлдеқайда жеңілдеген. Әрі ұзын-сонар кезек жоқ. Барлығы оңтайландырылған», — дейді Қостанай қалалық №3 емханасының қызметкері Татьяна Зотина.

№3 емхана бас дәрігерінің орынбасары Аманжол Сейілхановтың айтуынша, еңбекке жарамсыздық парақшасын рәсімдетуге электронды кезектің арқасында бар болғаны бес минуттай уақыт кетеді. Бүгінде науқастың жұмысқа жарамсыздығын растайтын парақша емханаларда берілсе, келешекте үйлерінен басып шығару мүмкіндігі туады.  Ол үшін сіз тіркелген емхананың электронды парақшасында өзіңіздің жеке кабинетіңізге кіріп, еңбекке жарамсыздықты рәсімдеу бөліміне енсеңіз жеткілікті. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау басқармасынан белгілі болғандай, үстіміздегі жылы Қостанайдағы 143 нысанды жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосу үшін 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондай-ақ, 167 нысан мобильді интернет желісімен қамтылады.   
Қазіргі ақпараттық технологиялардың мүмкіндігінде шек жоқ. Мәселен, кез келген денсаулық сақтау мекемесінің қызмет көрсету сапасын баға беруді, дәрігердің қабылдауына жазылуды интернет арқылы тындыруға болады, тіпті тапсырған сынамалардың нәтижесін үйден шықпай-ақ біле аласыз. Смартфондарға арналған қосымшаны жасақтаушылар оның мазмұнына жедел жәрдемді SOS дабылды хабарламасы арқылы шақыруды енгізбек.

Қостанай облысында «Даму-мед» мобильді қосымшасы ашылды. Мамандар қазірдің өзінде электронды  қосымша науқастардың өмірін айтарлықтай жеңілдеткенін айтады. Қазір 40-тан астам медициналық мекемеге кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілуде. «Даму-мед» мобильді бағдарламасы осы жүйенің бір бөлігі. Пайдаланушылар үшн қосымшаның бірқатар артықшылығы бар. Айталық, санаулы минутта смартфонның көмегімен дәрігердің қабылдауына жазылуға немесе оны үйге шақыруға болады. Ол үшін жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсе, бірден сіздің қай емханада бекітілгеніңіз және емдеу дәрігерінің аты-жөні шығады. Содан кейін өзіңіз үшін ыңғайлы күнді таңдап қабылдауға жазыласыз. Дәрігерге ата-ананы және балаларды да жазуға болады. Сайтты ашқанда функциялар тізімі кеңейеді. Бұл жерде сырқат парағын, зертхана нәтижелері мен дәрілер рұқсатнамасын алуға болады. SOS командасы бар. Аталмыш электронды батырма  белгілі бір санаттағы адамдарға қажет. Мәселен,  жүкті әйелдер, кішкентай баласы бар ата-аналар немесе диспансерлік есепте тұрған науқастар үшін. Егер науқасқа шұғыл көмек қажет болса ол осы батырманы басады.

«Сіз аталмыш электронды батырманы бассаңыз медициналық мекемеге хабарлама түседі. Интернет арқылы түскен дабылды хабарламаны тіркеу орны мен емдейтін дәрігер көреді. Емдеу бригадасын науқастың мекен-жайына жөнелту және тағы басқа сұрақтарды медициналық мекеме шешеді», — дейді Қостанай облыстық электрондық денсаулық сақтау орталығының директоры Андрей Соловьев.

Қазір мобильді қосымшаны өз смартфондарына елу мыңнан астам қазақстандық жүктеп алды. Қостанай облысында «Даму-мед» сайтының жеке кабинетіне екі жарым мыңдай адам тіркелген. Облыстық электрондық денсаулық сақтау орталығы атап кеткендей, енді пайдаланушылардың саны артады. Сонымен қатар, қостанайлықтардың емханалардың жұмысын бағалап, қызмет түрлері туралы пікірлерін қалдыруға мүмкіндіктері бар. Ол үшін «Халық бақылауы: медициналық сақтандыру қоры» атты басқа мобильдік қосымшасын  жүктеу қажет. Осы пікірлердің негізінде ауруханалардың рейтингісі жасалады. Бағдарламаны әзірлеушілер бұл адамдарға үздік медициналық мекемені таңдауға көмектесетінін айтады.

Нұрқанат Нүсіпхан

Қостанай

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0