четверг, 28 марта 2024 г.
icon
449.58
icon
486.94
icon
4.86
Алматы:
icon
14oC
Астана:
icon
5oC
1xadv
×

Батысқазақстандық жастар ауылды абаттандыруда

Таяуда Тасқала ауданында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек жасағы өз жұмыстарын бастады. Биыл екінші мәрте қолға алынып отырған бұл жоба аясында аудан орталығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды NewTimes.kz тілшісі.

Бірінші кезеңде 21 жас жұмысқа тартылса, келесінде 23 адам еңбек етеді. Қазір ауылдың ішін тазалау, әктеу, көгалдандырумен айналысып жүргендердің 11-і студент екен. Солардың бірі – Мұрадым Алғабасов. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың І курстын тәмамдаған ол аудандағы «Жасыл ел» қатарында былтырдан бері жүр.

«Мен университеттің қоршаған ортаны және адам өмірі қауіпсіздігін қорғаушы мамандығы бойынша оқып жатырмын, — дейді ол. — Сол себепті мұндай жұмыстар мен үшін маңызды. Қоршаған ортаны қорғауға біз жете мән беруіміз керек. Сонда ғана адамның дені сау болып, ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі артады. Қазір еліміз экологияға, жасыл экономикаға назар аударып жатқандығы қуантады. Бүгінде «жасылелдіктер» облысымыздың көптеген аудандарында еңбек етуде. Біздің қатарымызда жоғары сынып оқушылары да бар. Негізі экологияға деген мәдениет үйде, мектепте қалыптасуы керек. Сонда жас ұрпақ Қазақстанның экологиясы таза, экономикасы мықты ел болуына көп үлес қосатын болады».

Ал Дана Мұхамбетжанова болса Тасқаладағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 11-сыныбына көшкен оқушы. Еңбекке араласып, өзіне азын-шоғын қаражат табу мақсатында биыл бірінші рет жасақ сабына қосылып отыр. Ол да Тасқаланың көктеп, әдемі кейіпке енуіне септігін тигізіп жүргенін мақтан тұтады.

«Ауданда орман алқабы жоқ болуы себепті «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша еңбек жасағын ұйымдастыру бізге қиынға соқты. Сол себепті өткен жылы БҚО орман және аңшылық шаруашылығы басқармасымен келісіп аудан аумағындағы Ешкітау деген тауымызға тазарту жұмыстарын жүргізу мақсатында жастар жасағын ұйымдастырдық. Құжаттарды реттеуге біраз уақыттың кетуіне орай және таудағы жұмыс ауқымына байланысты бұл жоба былтыр тек бір ай көлемінде болды. Ал биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының БҚО филиалы мен Тасқала ауылдық округі әкімдігі арасында жергілікті жерді абаттандыру бағытындағы келісімге сәйкес жүзеге асып отыр. Жастарының былтырғы және биылғы жұмыстарын көрген замандастары олардың қатарына қосылып, туған ауылдарын көркейтуге ниет танытып жүргендердің қатары күн санап көбейіп келеді», — дейді Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Рауан Сатыбалдиев.

Ернар ХАЙДАР,

Батыс Қазақстан облысы

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0