понедельник, 25 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
-1oC
Астана:
icon
-3oC
×

«Жомарт жүрек»: Атырау облысында туған өлкені дамытуға үлес қосқан жанашыр жандар марапатталды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан Атырау облысының «Жомарт жүрек» байқауының аудандық кезеңі Исатай ауданында жалғасын тапты.

«Атамекен» кіші бағдарламасының арнайы жобасы туған өлкені дамытуға үлес қосқан жанашыр жандар мен белсенді азаматтарды, білім, денсаулық, мәдениет саласына демеушілік жасаған ұжымдар мен жеке тұлғаларды, әлеуметтік мәселелерді шешуде азаматтық бастамаларымен нәтижеге жеткен еріктілерді салтанатты марапаттау рәсімі 6 қазан күні аудан орталығындағы Жалын» мәдениет үйінде өтті.

Марапатталған лауреаттардың бірі - «Ерен еріктілік» номинациясы бойынша ерікті А.Жиенғазиева Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық қатынастар мамандығында оқиды. Ақерке 2017 жылы қаңтардың 29-ы мен ақпанның 8-і аралығында Алматы қаласында өткен 28ші Дүниежүзілік қысқы универсиада мен еліміз үшін айтулы оқиға Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің алғашқы маусым айында ерікті болып қызмет атқарған. Одан бөлек, «Kazakhstan Open 2017», «Almaty Marathon 2017», «Almaty Marathon 2018», «World Snow Day» іс-шараларында ерікті ретінде қонақтарға қызмет көрсеткен. Бірнеше диплом, сертификаттармен марапатталған. Сонымен қатар аудандық түрлі қайырымдылық шараларда және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатынасып жүр.

Ал «Туған өлке» номинациясы бойынша «Сазанқұрақ» ЖШС лайықты деп танылды. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында «Сазанқұрақ» ЖШС Аққыстау ауылының тұрғындарына демалыс аллеясын сыйға тартты. Сонымен қатар «Сазанқұрақ» ЖШС ауданның әлеуметтік саласы мен инфрақұрылымына көп көңіл бөліп келеді. Аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге, бала жастан мүгедек балаларға, спортшыларға көмектесе отыра, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде аудан әкімдігімен жасақталған меморандумға сәйкес 20 млн теңгеден аса қаржылық демеушілік жасаған.

«Жыл меценаты» номинациясы бойынша кәсіпкер М.Ахметжанов жеңімпаз атанды. Мейрам Сапиұлы Зинеден ауылында тұратын ДЦП ауруымен туылған А.Нұрхановқа мүгедектік арба, бала жастан мүгедек 6 балаға смартфон-планшет, армрестлингтен мүгедектер арасында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері ағайынды М.Сұпығалиев пен Г.Сұпығалиеваға қоныс тойларына орай өз сұраныстарына сәйкес кір жуатын машина мен теледидар, ауданның ауыл шаруашылығы саласына өз үлестерін қосқан 3 еңбек ардагеріне демалыс орнына жолдама, самбодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері А.Махуоваға соңғы үлгідегі смартфон сыйлап, «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иеленген 11 оқушыға 50 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсеткен. Сондай-ақ, ауданның 90 жылдығына орай шығарылған шежіре кітаптың шығуына демеушілік жасады.

Халық арасында осындай әлеуметтік жағдайы төмен, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын беріп жүрген жомарт жүректі азаматтар мен азаматшалар қаншама. Жанашырлық таныту - қазақтың қанына сіңген қасиет.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0