Таяуда теректілік жастар Елбасының Жолдауына байланысты аудандық пікірсайыс турнирінде басқосты.
Ауданның 8 ауылынан келген жастар «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы жаңа бағыттар, оларды тиімді жүзеге асыру туралы ойларын білдіріп, өз пікірлерін қорғау бойынша өзара сынға түсті. Нәтижесінде Покатилов ауылынан келген жастар өзгелерден оқ бойы озық деп танылды.
Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық жетекшісі Нұрсәуле Аткееваның сөзіне қарағанда, енді теректілік жастар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына байланысты осындай пікірталас алаңында жиналмақшы. Айта кету керек, мұнда осы бағыттағы интеллектуалдық шаралар жүйелі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, соңғы екі-үш ай ішінде жас мамандар, мемқызметкер, оқушылар мен студент жастар арасында түрлі тақырыпты қамтыған байқаулар өткен. Жалпы жыл басынан бері жастар арасында аудандық деңгейде 160-тай шара ұйымдастырылып, оған 8 мыңнан астам жас тартылды. Бұл шаралардың 20-дан астамы спорттық бағытта. Осы жереде тоқтала кетер жайт, теректіліктер облыста бірінші болып жастар арасында футбол лигасын ұйымдастырды. Ауданның әрбір округінен 16 команда қатысқан сайыс нәтижесінде Подстпейное ауылының жастары жеңімпаз атанды.
Мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігі жанынан арнайы кеңесші орган да құрылғанын айта кеткен жөн. Биыл бұл құрылым үш жиын өткізіпті. Онда Ақжайық, Аңқаты, Ақсуат, Новопавлов, Покатилов, Шаған ауылдарындағы жастардың жағдайы, оларды жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Соның нәтижесінде орын алған мәселелер өз шешімін табуда.