Президент съезде ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, әсіресе тұрмысы төмен, аз қамтамасыз етілген, сондай-ақ көпбалалы отбасы мүшелерінің өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы нақты шараларды жария етті. Осы мақсатқа бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінеді.
Осы орайда партияға үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Елбасы партияның жергілікті бастауыш ұйымдары тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешуге белсене атсалысатын болады деді. Бүгіннен бастап жүзеге асырыла бастайтын «Халыққа көмек» жобасы көмекке келеді. Ал, әкімдерге көмекке мұқтаж отбасыларына арналған өңірлік бағдарламаларын қайта қарап, партияның «Бақытты отбасы» жобасымен ыңғайластыруды тапсырды. Ол Қазақстандағы отбасы институтын жүйелі түрде қолдауға бағытталған.
Қазіргі таңда қоғамның өзекті мәселелеріне мемлекеттік органдардың назарын аударып, олардың жедел әрекет етуіне ықпал жасау аса маңызды. Сондықтан тұрғындармен байланыстың мықты жүйесін жасау қажеттігіне назар аударды. Бұл жүйе тұрғындарға көмек көрсетуде «осы жерде және қазір» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «бір терезенің» міндетін атқаруы тиіс. Осы мәселеде бюрократтық созбалаңдыққа салуға тіпті де жол берілмеуі керек. Бұл талап тек мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге ғана емес, сонымен бірге волонтерлер мен кәсіпкер-меценаттар көрсететін адрестік көмектерге де қатысты болмақ. Мемлекет басшысы «Нұр Отанның» барлық филиалдары осы бағытта жұмысты күшейтуі қажеттігін атап өтті. Партия халықтың барлық бөлігінің мүддесін қорғаушы ретінде мемлекет пен халық арасын жалғастыратын негізгі буынға айналуы тиіс.
Елбасы барлық мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде, әрине, әлеуметтік салаға қатыстылары да бар, тиімді жұмыс істеуі алғашқы кезектегі мәселелердің бірі екеніне баса назар аударды. Соған байланысты «Нұр Отан» мен Президент әкімшілігі бірлесіп, жұмыс істеп тұрған мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімділігі мен орындалу мониторингін бағалау орталығын құруды тапсырды. Әр тоқсан сайын партия алаңдарында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына жауапты мемлекеттік органдардың есебі өткізіліп тұратын болады. Сөз жоқ, бұның бәрі жұмыстың тиімділігін арттырады.
Мемлекет басшысы съезге қатысушылар мен барлық нұротандықтарды партияның 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Сындарлы жылдарда жанынан табылып, биік белестерді бағындыруға атсалысқан нұротандықтарға алғысын білдіре отырып, еліміздің бас партиясы ол басқару емес, елге қызмет ету партиясы екенін тағы бір мәрте еске салып өтті.
Ибадулла ҚҰТТЫҚОЖАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы
Қызылорда облыстық
филиалы төрағасының
бірінші орынбасары,
съезд делегаты.