Сырым ауданында ауыл жастарына арналған «Жалын» фестивалі өтті. Шараны елімізге белгілі телепродюсер Алпамыс Шәрімов ұйымдастырды.
«Туған жер» бағдарламасы және Жастар жылы аясында болған фестивальге белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова, әнші, композитор Ұшқын Жамалбек, актер, әнші Артур Төлепов және әнші Мұхтар Рамазанов, өнертану магистрі, Х. Бөкеева атындағы БҚО қазақ драма театрының бас балетмейстері Қарлығаш Қадырбекова сияқты өнер өкілдері арнайы келді.
Айта кетейік, Алпамыс Шәрімовтың есімі қазақтың мәдени өмірінде ғана емес, әлем өнері жаңалықтарының ішінде де аталып жүр. «QAZAQSTAN» ұлттық арнасындағы «Түнгі студия», «Шетелдегі қазақ балалары», «Hello, Қазақстан!», «Намыс дода», «Ұлттық шоу» сияқты жобалары ТМД елдері көрермендеріне де танымал. Ол продюсерлік жасайтын «Бастау» домбырашылар тобы АҚШ-тың Hollywood қаласында өткен «World Championship» атты әлемдік өнер байқауында 72 мемлекеттің арасынан бас жүлдеге ие болды. Алпамыстың Қазақстан қалаларында жыл сайын өтетін дәстүрлі қайырымдылық гранд балдарының ұйымдастырушысы екендігін, оның командасымен бірге екі жылда 220 жанұяға қолдау көрсеткенін айтпай кетуге болмас.
Алпамыстың туған ауылы Аралтөбеде болған шараға ауданның барлық ауылынан жиналған жастар өнер байқауында сынға түсті. Әрбір ауыл тарихын, табиғатын, өңірлік ерекшелігін театрландырылған қойылыммен, әнмен, өлеңмен таныстырды. Кейін Сырым еліне белгілі спортшы, ауыл спортын дамытуға үлес қосқан азамат Жанбота Нұрғалиевті еске алуға арналған аудандық волейбол турнирі өтті. Жастар сондай-ақ Алпамыс Шәрімовтың шеберлік сыныбына да қатысты.
Фестивальдың қорытынды гала-концертіне арнайы келген Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев бұл шара ауыл жастарына тың серпіліс бергенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы