+7 (7172) 30 85 71

Написать нам в WhatsApp: +7 (700) 402 32 92
29.08.2019 в 19:22

2024 жылға дейін ауызсу мәселесі толық шешіледі: Сағынтаев Бостандық ауданы тұрғындарына уәде берді

Атаулы әлеуметтік көмекті тұрмысы жоғары отбасылар табысын жасырып алған. Алматыда заңсыз жолмен әлеуметтік төлемге ілігіп, қалтасын қампайтып отырған алаяқ кәсіпкерлер әшкереленді. Қала әкімдігі сондай 1350 отбасыны анықтап, оларға жәрдемақы беруді тоқтатыпты. Бұл туралы бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты.

2024 жылға дейін ауызсу мәселесі толық шешіледі: Сағынтаев Бостандық ауданы тұрғындарына уәде берді

Аз қамтылған азаматтар мен табысы төмен көпбалалы отбасылардың жәрдемақысына қол сұғатындар азаймай тұр. Алматыда осындай жанұяларға тағайындалған атаулы әлеуметтік көмекті қалтасы қалың кәсіпкерлердің заңсыз алып отырғаны анықталды. Айласын асырғандар табыс көзін жасырып, өздерін жәрдемге мұқтаж ретінде көрсеткен екен. Қала әкімдігі осындай 1350 отбасының әккі әрекетін әшкерлеп, оларға төлем жасауды бірден тоқтатқан. Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, бірқатар жанұя уақытша тіркеуге тұру арқылы да көмекке қол жеткізген.

«Біз қалаға уақытша тіркеуге тұрып, балаларын өзге өңірлердегі ата-әжелерімен қалдырған отбасыларды анықтадық. Егер бізде 9350 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, олардың 20 пайызға жуығының тұрақты тіркеуі жоқ. Сөйтіп Алматы, Түркістан және Жамбыл облысының тұрғындары біздің қаладан жәрдемақы алып жүрген. Осындай заңсыз жолмен төлем алып жүргендерді анықтау арқылы 83 миллион теңге үнемделді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бақытжан Сағынтаев атаулы әлеуметтік көмек үшін республикалық бюджеттен алматылықтарға қосымша 3 миллиард 450 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеді. Ал төлемді кешіктірмеу үшін жергілікті қазынадан да қаражат қосылады. Бірақ жәрдемақының шын мұқтаждарға берілуі енді қатаң қадағаланады. Шаһар басшысы жыл соңына дейін тексеріс жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Егер көмекті заңсыз алғандар анықталса, оларға төлем бірден тоқтатылады. Өйткені осындай айлакерлердің кесірінен, бірқатар жанұя ақшадан қағылыпты.

«Атаулы әлеуметтік көмек алуда түсініксіз бір жағдайға тап болдым.  Мен осы 2 ай жүріп құжат өткізіп, 3 ай ғана көмек алдым. Содан соң еш ебепсіз менің АӘК-ті тоқтатып тастады. Менің 4 балам бар, үйде мүгедек атам бар, пәтерде тұрамыз. Себебін сұрап барып едім,  нақты ештеңе айта алмай отыр. «Бас тартыңыз, болмаса прокуратура арқылы сізден екі есе етіп өндіріп аламыз, сотқа береміз» деп отыр», – деді бір тұрғын.

Осындай аналардың арызын тыңдаған әкім, бірден комиссия құрып тексеріс жүргізуді тапсырды. Әлеуметтік-әл ауқат басқармасының басшысы қарап отырмай, тұрмыс тауқыметін  тарқандардың мәселесін шешуге кірісіп кетті. Бүгінгі жиында әлеуметтік-тұрмыстық проблемалардан тыс, монополистердің баға саясаты мен мердігерлердің сапасыз жұмыстарына қатысты шағым көп түсті. Тұрғындар қызмет көрсетушілердің желілерге қосылу тарифтерін өздері белгілейтінін айтып, наразылықтарын білдірді. Әрі үй аулаларын жөндеп ретке келтірмеген олақ мердігерлерді жауапқа тартуды өтінді. Әкім бұл істі жүйелеп, ретке келтіруді алға тартты.

«Біздің үйіміздің ауласын «Алатау констракшн» компаниясы абаттандырып берді. Бірақ жұмыстарын өте сапасыз істеді. Футбол алаңының қоршауы тесіліп, жердегі жабындысы жан-жақта жыртылып жатыр. Қазір мердігер компания банкрот болып қалды. Мамыр айында аудан әкімі ол ұйымның орнына басқа мердігерлермен келісіп, аулаларыңызды қайта жөндеп береміз деген. Алайда тек сөз жүзінде қалды», – деді келесі бір тұрғын мұңын шағып. 

«Былтыр «Қазақфильм» ықшамауданындағы біздің үйдің ауласы көріктендірілген болатын. Бірақ құрылыс өте сапасыз жасалды. Төсеген бордюрлері 3 айдан соң үгітіліп кетті. Соған қарағанда құрылысшылар технологияны мүлдем ескермеген. Мердігер «Асат құрылыс» компаниясы. Сізден сұраймын, сол компанияның атүсті қызметіне тексеріс жүргізіп, ауланың ақауларын өз қаржысына қайта жөндетіп берсеңіз?», – деді келесі бірі ашынып.

«Тұрғындармен кездескен сайын осы жауапсыз мердігерлердің мәселесі алдымыздан шығады. Жобаларға жақсы ақша бөлінеді, бірақ мердігерлер жұмыстарын сапасыз орындайды. Кесірінен шағым да көп. Сондықтан, бұдан былай атқарылған жұмысқа тұрғындар оң баға беріп, өздері ризашылығын білдірмейінше құрылысты қабылдау актісіне қол қоймауды ұсынамын. Егер халықтың көңілінен шықпаса, мердігер кем-кетігін қайтадан түзейтін болсын. Сіздер айтып отырған аулаларды көреміз. Құрылыстың кепілдік мерзімі болса, мердігер қайта қалпына келтіреді», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бостандық тұрғындары кей көшелерде қоғамдық көлік аз жүретінін де айтты. Ал тіршілік нәрінен тарыққандар ауыз мәселесін шешуді сұрады.

«Мен «Табиғат» тұрғын үй кешені тұрғындарының атынан келіп отырмын. Мамыр айының соңында біздің кешенге  су беретін мекеме өздерінің ұсынып отырған тарифтерінің тым арзандығын, қаржылық қиындық көріп отырғанын айтып бізді ауыз судан ажыратып тастады. Салдарынан 100 отбасы тіршілік нәрінен тарығып отырмыз. Осы мәселені шешіп берсеңіз», – деді тағы бір тұрғын.

«Бізде қазір 25 ықшамаудан ауызсумен қамтамасыз етілмеген. Олар қалаға кейін қосылған аумақтар, бұрыннан бері мүлдем суы болмаған. Бұл мәселені бірден шеше алмаймыз. Бірақ қаражат бөлінсе, 2024 жылға дейін ауыз су мәселесін шешеміз деп үміттенемін. Су құбырларын тартып қана қоймай, су көзін де жөндеуіміз керек. Қазір тіршілік нәрі Ақсай өзенінен алынып отыр. Бірақ кеңес кезінде тұрғызылған бұл су қойманың қуаттылығы халықты түгел ауыз сумен қамтуға қауқарсыз. Сондықтан құны 17 млрд тұратын «Ақсай» және «Қарғалы» су қоймасын салу жобасын жасаймыз», – деді әкім.

Осылайша Бақытжан Сағынтаев Алматының әр ауданына барып, халықпен бетпе-бет жүздесудің алғашқы циклін аяқтады. Кездесу кезінде тұрғындар өздерін толғандырған  сұрақтарын қойды. Олардың барлығына міндетті түрде жауап берілмек. Ал алдағы уақытта шаһар басшысы осындай жиынды дәстүрлі етіп, барлық аудандарда тоқсан сайын бір рет өткізбек.


Редакция

Новости Казахстана

Полное воспроизведение или частичное цитирование материалов агентства допускаются только при наличии гиперссылки на ИА «NewTimes.kz» в первом абзаце. Фото- и видеоматериалы агентства могут быть использованы только с указанием авторства «NewTimes.kz». Использование материалов ИА «NewTimes.kz» в коммерческих целях без письменного разрешения агентства не допускается.

© 2013-2019, «NewTimes.kz». Все права защищены.
Об агентстве. Правила комментирования. Реклама на сайте

Республика Казахстан, 010000
г. Нур-Султан (Астана), К. Сатпаева, 13А
Тел.: 8 (7172) 308571
Email: n.times@mail.ru

Мы в соцсетях

       

Приложения Newtimes для:
iPhoneAndroid

  Яндекс.Метрика