Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Медеу және Бостандық аудандарындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап шықты. Алдымен «Таулы қырат» ықшам ауданында қала басшысына спорт алаңының жұмысы таныстырылды.
Нысанды аралау кезінде қала әкімі Алматыдағы емен аллеясы сияқты ғажап дүниелерді сақтап қалуға шақырды.
Тұрғындардың шағымы бойынша Медеу ауданына барған Бақытжан Сағынтаев жергілікті әкімдерге мұндағы абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын жетілдіруді тапсырды. Әсіресе, Есентай жағалауына оңай түсудің құрылысын қарастыру ерекше назарға алынды.
Одан бөлек, қала басшысы музыкалық орталықтың құрылысымен танысты. Нысанды аралау кезінде қала әкімі Алматыдағы емен аллеясы сияқты ғажап дүниелерді сақтап қалуға шақырды.
Бұдан кейін, ол «Сакура» және «Ремизовка» тұрғын үй кешенінің құрылыс барысымен де танысты. Халықаралық трамплин кешенінде шаһар басшысына құрылыс нысанын дамыту жұмысы көрсетілді.
Осы тұста Алматыдағы Ботаника бағына да соққан әкімге мамандар оның құрылысы келер жылдың көктемінде аяқталып, халық игілігіне берілетінін айтты. Бүгінде тиісті жұмыстар уақытылы жүргізіліп жатса керек.
«Алматылықтар үшін маңызды жерде жаяу жүргіншілер жолы экологиялық талапқа сай оңтайландырылып, жарықтандырудың инженерлік желілері мен суару жүйесі салынады. Сондай-ақ үш кіру аймағы болады. Жаңартылған Ботаника бағы өзінің ғылыми-зерттеу және табиғатты қорғау қызметін жалғастыра отырып, қаланың ерекше көрікті жеріне және мегаполис тұрғындарының демалыс аймағы болып қала береді. Қайта жөндеу жүргізудің басты мақсаты – экологиялық тепе-теңдікті құру арқылы бақшаның табиғи ортасын сақтау», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Одан бөлек, шаһар басшысы бұрынғы Саяси ағарту үйін қайта жөндеуден өткізіп, Достық пен Абай даңғылының, Пушкин мен Құрманғазы көшелерінің шаршысын да қайта жаңғырту керектігіне назар аударды. Мердігерлердің назарына аталған тарихи ғимараттың сәулеттік келбетін қалпына келтіру қажеттігін ескертті.
«Бұл – Алматының тарихи және мәдени орталығы. Ескі Алматының қайталанбас келбеті сақталуы тиіс», – деді әкім өз сөзінде. Солайша ол мердігерлерге тарихи ғимараттың сәулеттік келбетін қалпына келтіруді ескертті.