Қызылорда облысының цифрлы технологиялар басқармасының басшысы Нәби Даужанов және «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Сәбит Ибадулла Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркінің жұмысымен танысып қайтты. Өңірлер ішінде Қызылорда облысы технопарк жұмысымен танысқан алғашқы облыс екендігін Astana Hub өкілдері де атап өтті. IT саласымен байланысты бұл кездесу «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында орындалып отыр.
Astana Hub технопаркінің негізгі міндеті – инновациялық жобаларды дамыта отырып, серпінді IT-компанияларды жасап шығару және әлемнің жас әрі талантты IT-мамандарын бір арнаға жинайтын орталыққа айналу болып табылады. Бұл орталықтың қызметімен танысқан қызылордалық мамандар өзара тәжірибе алмасып қайтты.
«Astana Hub технопаркіне кіре бастағаннан-ақ адамдардың бейнесін танудың интеллектуалды жүйесі жасалғанын көресіз. Бұл – цифрландырудың жемісі. Технопаркте стартап жобалардың бірнеше сатысын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жасалады. Мәселен, оның бір бөлігі жастардың жаңа идеяларын сараптап, қаншалықты маңызды жоба екенін анықтаса, келесі бағыты іріктелген жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Яғни, технопарк мамандары үздік бизнес-жобаларды инвесторларға, компанияларға ұсыну бойынша жұмыс атқарады. Ал, технопарктің үшінші қабатында IT-компаниялардың өнімдерін, қызметін сату, нарыққа шығару жұмыстары жүргізіледі. Мысал ретінде онлайн түрде төлем жасау қызметін айтуға болады. Мәселен, жақында Қызылордадағы автобустар QR-кодтар бойынша карта арқылы төлем жасауға көшеді. Осындай қызмет түрлерін біздің өңір де қолданысқа енгізіп келеді. Сондай-ақ, бұл ғимараттан атақты компаниялардың кеңселерін де көруге болады. Astana Hub – арнайы экономикалық аймақ. Оның бір ерекшелігі ол жерге тіркелген компаниялар басқа өңірлерде де өз жұмысын жасай алады. Мысалы, Қызылордада орналасқан компаниялар да Astana Hub-қа тіркеле отырып, өз аймағында жұмысын атқара береді. Біздің негізгі мақсатымыз – Елордадағы технопарктің жұмысымен таныса отырып, өз аймағымыздың дамуы үшін жаңа технологияларды игеру», — дейді қызылордалық маман Сәбит Ибадулла.
Сонымен қатар, IT саласының маманы Astana Hub технопаркіндегі заманауи мүмкіндіктерді Қызылордада іске қосылған IT-паркке енгізуді көздейтіндерін де жеткізді.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселелерді талқылау және аймақтық стартап жобаларды дамыту мен бизнес-жобаларды Қызылорда облысымен бірлесе отырып іске асыру тақырыбы қозғалды. Сонымен қатар, мамандар арасында Қызылорда қаласында Road Show бағдарламасын өткізу туралы сөз болды. Осы орайда Қызылорда қаласы 2019 жылғы Road Show бағдарламасын өткізу үшін таңдалған 5 қала тізіміне енгендігін айта кету керек. Сондай-ақ, Қызылорда облысы Astana Hub тарапынан «Digital Bridge – 2019» халықаралық форумына ресми түрде шақырту алды.