Қарағанды облысы Шет ауданы Ақадыр кентінде 73 жасында зілтемір көтеруден әлемдік рекордын қайталаған Дәрібай Оспанов есімді қария тұрады. Ол 180 келі зілтемірді көтереді. Мұндай көрсеткішті әлемде осы жастағылар арасында басқа ешкім көтермеген. Жақында президент оның спорттағы жетістіктеріне тәнті болып, алғыс хат, сағат және Бурабай шипайжайына жолдама түрінде сыйлақ жасады, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
56 жасынан бастап пауэрлифтингке ден қойған ақсақал Азия біріншілігінде Гонконг, Филиппин, Үндістанда, әлем біріншілігінде АҚШ, Прага, Чехия, Жапонияда өнер көрсеткен. Әлемдік деңгейде 5 алтын, 5 күміс медалі бар. Ол - екі дүркін Азия, үш дүркін Әлем чемпионы.
Рекорд ретіндегі көрсеткіші 180 келі болғанымен, жаттығуларда 200 келіге дейін күші жететін чемпион әулетімен жат жерде 31 рет жеңіс туын желбіретіпті. Оның ішінде Әнұран 18 рет шырқалған.
Ақсақалдың үш ұлы да осы пауэрлифтингтен зор жетістіктерге жеткен.
Екі үлкен ұлы және немересі - әлем чемпионы. Ал кенже ұлы Әдулкарим Қараман - әлемнің төрт дүркін, Азияның алты дүркін чемпионы, алты рет Азияның күміс жүлдесінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.
«Инженер-геодезист болып жұмыс істедім. Құбыр тартып, айдалада жүргенде бос пластмасса құтыларға құмды толтырып, көтеріп жаттығатын едім. Содан әлемдік деңгейге шықтым. Алғаш рет 2008 жылы Гонконгтегі Азия біріншілігінде күміс жүлдегер атандым. Одан кейін Филиппинде алтын алдым. Америкада 2012 жылы күміс иеленіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормасын орындадым. Қазіргі дәрежем - халықаралық дәрежедегі спорт шебері», — дейді Дәрібай Оспанов.
Бұдан соң ол Литвада екі дүркін Әлем чемпионы атанған. Ақсақал жапондарды таңғалдырып, Әлем чемпионы атағын жеңіп алған. Ал былтыр Алматыда өткен Әлем біріншілігінде абсолют әлем чемпионы ретінде мойындалды.
«Үш дүркін әлем чемпионы атанған соң балама - Еңбек сіңірген спорт шебері, жаттықтырушысы маған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. Балам қазір классикалық түрден әлемдік рейтингте бірінші орында тұр. 175,5 келі көтерген рекордын 4 жылдан бері ешкім жаңарта алған жоқ. Бұл - Қазақстанда болмаған нәтиже. Қазақстанда бір спортшы әлемдік рейтингте 4 жыл қатарынан бірінші тұрған емес. Қазір ол Ақадырда балаларды жаттықтырады. Чемпиондарды дайындап жатыр», — дейді ақсақал.
Дәрібай Оспанов аптасына бес рет жаттығады. Үш ұлымен биылғы халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға дайындық үстінде.
«Қазанда Моңғолиядағы Әлем біріншілігіне қатысуды жоспарлап отырмыз, ал маусымда Үндістанға барамыз», — дейді спорт ардагері.