29 жастағы Дәлел Қуанышбекова Алматы қаласының тұрғыны. Қазақи тәрбиені сіңіріп өскен ару бойында афроамерикалық және арабтың қаны бар. Өзін нағыз Шымкенттің қызымын деген ару Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында қазақ тілінің мәртебесін көтеру, Шымкент менталитеті және отбасы туралы айтып берді, деп хабарлайды «NewTimes.kz».
Дәлел әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін филология факультетіне түсіп, оқуды екі шет тілі мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі таңда толық меңгеріп шыққан тілдердің ішінде қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдері бар.
«Шымкент қаласында ауылды жерде қазақи тәлім-тәрбие алып өстім. Өзімді ауылдан шыққан қазақтың қара домалақ қызымын деп айта аламын. Сол жерде оқып, білім алдым. Ауылдың тұрмыс-тіршілігіне толықтай бейімделдім. Отбасым туралы айтсам, анам ― қазақ, руы ― найман. Биологиялық әкемнің ұлты ― жартылай араб, жартылай афроамерикалық. Ол кісіні туғаннан бері көрген емеспін. Сол себепті ол туралы ешқандай ақпаратым жоқ», ― дейді Дәлел.
Бала кезінде анасы Оңтүстік өңірге тұрмысқа шықты. Сол себепті Шымкентке көшті. Отбасында екі қыз, сіңілі бар. Ербол есімді ер азаматты әкесі деп есептейді. Ол Дәлелді бағып өсірген, әке орнына әке бола білген.
Айтуынша, қазақша сөйлегеніне таңғалып жататын адамдар көп.
«Бәрінің реакциясы бірдей. Ойланып, таңғалып, қарап қалады. Қай тілде сөйлесем екен деп ойланып тұрады. Өзім үшін бұл жат нәрсе емес. Ана тілім ― қазақ тілі. Себебі мен балабақшада да, мектепте, университетте де қазақ тілінде оқып, білім алдым. Қазақтар басқа тілде сөйлеп жатса, ешкім таңғалмайды ғой. Сондықтан аса таңырқайтын дүние деп ойламаймын. Көбіне маған қарап, адамдар орыс тілінде сөйлейді», ― дейді Дәлел.
Бүгінде отбасылы, қазақ азаматына тұрмысқа шыққан. Екі ұлы, бір қызы бар. Келешекте балалары домбырада ойнаса деген арманы бар.
«Қазіргі уақытта назарымның барлығы бала-шағамда. Бірақ осы уақытқа дейін бала кезден диплом алған шағыма дейін домбырамен айналысатынмын. Нағыз қазақ ― қазақ емес, нағыз қазақ ― домбыра. Қазақтың қаны бойымда бар болғандықтан шығар домбыра үйірмесіне баратынмын. Қазір қарап отырсам, 21 күй тарта алады екенмін. Ал қазір отбасылық жағдайға байланысты соңғы төрт жылда домбыраны қолға алған жоқпын», ― дейді ол.
Ал қазақ тілін енді үйреніп жүргендерге Дәлел тілдің өзін ғана меңгеру жеткіліксіз екенін айтады.
«Әр адам отбасынан бастау керек. Тілді толық меңгеру баланың тілі шығып, табалдырықты аттағанынан басталады. Өз тілінің қадір-қасиетін білсе және отбасы оны сақтай білсе, одан тарайтын ұрпақтың тілі мәңгі сақталар еді деп ойлаймын. Одан кейін адам балабақшадан бастап, мектеп, университет қабырғасына дейін қазақ тобына түсіп, білім алса, өз тілін, өздігін сатпайды деп есептеймін. Сол елдің тұрмысы, мәдениеті, ұлттық тағамы, ата-бабадан келе жатқан тарихын зерттей келе қазақ тілін толықтай меңгеру мүмкін болады», ― деп бөлісті ойын Дәлел.