суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
498.34
icon
519.72
icon
4.85
Алматы:
icon
2oC
Астана:
icon
-6oC
×

Саясаткер: 30 жылда қазақ тілін үйрене алмаса, заңмен талап ету дұрыс болады

Жақында парламент депутаттарына мемлекеттік тілді оқытуға ел бюджетінен 27 млн теңге сомасындағы қаржы бөлінгені туралы ақпарат шығып, оның арты қызу пікірталасқа ұласқан болатын-ды. Осы және аталмыш тақырыптағы басқа сұрақтарды «Жас Алаш» газеті белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім мырзаға жолдады, деп хабарлайды «NewTimes.kz» ақпараттық агенттігі.

Фото: «Жас Алаш»
Фото: «Жас Алаш»

Дос аға, мемлекеттік тілді білуді заңмен міндетеу қаншалықты қисынды?

– Отыз жылдан кейін, әр адам бір жағына шығып, өзінің таңдауын жасау керек сияқты. Ол үшін бұл ― жеткілікті уақыт. Егер осы уақытқа дейін қазақ тілін үйрене алмаса, үйренгісі келмесе – ол да таңдау. Демек, унитарлық елдің мемлекеттің тілін нақты заң баптарымен талап етуі ― дұрыс дүние. Оның үстіне, бұл адам құқына да, халықаралық заңдарға да қайшы келмейді. Иә, көптеген өркениетті елдердің заңында мұндай талаптар жоқ та шығар, себебі мемлекеттік тілді білу ― дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сондықтан оны заңға енгізбейді. Аксиоманы заңға айналдыру ― ақымақтық. Алайда, заң арқылы ешкімді мәжбүрлемей-ақ, мемлекеттік тілге қажеттілік жасауға толық мүмкіндік бар.

Біздің заңымызда «мемлекеттік тілді білу ― парыз», деген сөз тіркесі бар, бірақ 2010 жылы қабылданған «Ел бірлігі» доктринасына сәйкес, мемлекеттік тілді білу ― қазақстанның азаматтарының міндеті. Кейбір өркениетті елдердің заңдарында мемлекеттік тілді білу талабы заңдарда нақты көрсетілген. Өз басым, демократия талабын ұстанушы ретінде, кез келген тілді білу мәселесін заң арқылы міндеттеуді дұрыс деп айта алмаймын. Бірақ белгілі бір лауазым иесінің мемлекеттік тілді білу деңгейін заңдастыру ― адам құқығына қайшы келмейді. Бұл ― қызметтік талап болып саналады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қойшы болғың келсе, қазақ тілін меңгеру деңгейін растайтын сертификаттың ешқандай қажеті жоқ, ал халықпен тікелей қарым-қатынас жасайтын қызметке кіру үшін қазақ тілін белгілі бір деңгейде білуге міндеттісің.

Америка не Англиядағы оқу орына түсу үшін ағылшын тілін TOEFL немесе IELTS деңгейінде білетініңді растап, сертификат алуды талап ететінін бәріміз білеміз және оны біздің құқымызды бұзып отыр деп айта алмаймыз. Егер француз тілін «С» не «С+» деңгейінде меңгермеген болсаңыз, Париждегі атақты Сорбонна университетіне құжатыңызды да қабылдамайды. Қысқасы, заң арқылы міндеттеу емес, тіл білуді талап ету шарттары бірінші орынға шығуы керек.

– Миллиардтаған қаржы бөлінген қазақ тілі неге өз тұғырына көтерілмеді?

– Бұның да жауабын бәріміз білеміз. Ол қаржы қазақ тіліне қажеттілік жасауға бөлініп жатқан жоқ, қазақ тілін үйретуге, оның әдістемесін дамытуға бөлініп жатыр. Егер қоғамда белгілі бір тілді үйренуге қажеттілік жоқ болса, оны ешкім үйренбейді, оқымайды. Егер сол ақшаны Қуат Ахметов пен соның тәсілін қолданушыларға берсе, тілдік ахуалды өзгертуге болар еді. Қысқасы, әңгіме қаржыда емес, оның қандай мәселеге жұмсалуында деп білемін.

– Парламент депутаттарына мемлекеттік тілді үйретуге ақша бөлу ― халық қалаулыларының арына сын емес пе?

– Сын емес, ұят. Егер мемлекеттің заң шығару органында отырған азамат өз мемлекетінің тілін білмесе, ол ― не патриот деген сөзді ұқпайтын, не Отаны, не елі жоқ қаңғыбастардың біреуі, не қазақ тілін үйренгісі келмейтін, қазақ тілін мойындамайтын шовинист. Мен осы жылдардың ішінде қазақ тілін меңгеріп алған мыңдаған басқа ұлт өкілдерін білемін. Ал олардың қасында парламент депутаттарының білмеуі ― ақылға қонбайтын, сорақылық. Мен оларды оқытуға ақша бөлуге қарсы емеспін. Тек мемлекеттік тілді үйренуге келген депутаттар арқаларына «осы уақытқа дейін қазақ тілін үйрене алмаған ақымақпын» деген жазуы бар күртеше киіп келсе, болғаны.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 1
Сочувствую 0
Возмутительно 1