Алматы облысында педофилдің құрбаны болған төрт жастағы өрімдей қыздың беті бері қарады. Дәрігерлер әбден шошынып қалған бүлдіршінге тиісті медициналық көмек көрсетілгенін жеткізді. Қазір кішкентай қызбен психологтар жұмыс істеуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Ал айуан әрекет жасаған азғын алыстан келмеген – бірге тұрып жатқан 43 жастағы нағашы ағасы екен. Қазір ол қамауда. Күдікті мұндай сұмдықты ішімдікке сылқия тойып алып іске асырған.Сол сәтте қыздың анасы дүкенде, әкесі үйдің ауласында жүрген. Сұмдық оқиға үш күн бұрын Есік қаласындағы жер үйлердің бірінде болған. Полицияның мәліметінше, өрімдей қызды ішімдікке сылқия тойып алған туыс ағасы зорлаған. Ал көршілер арам ойын азғын тал түсте іске асырғанын жеткізді. Олардың айтуынша, сол сәтте анасы дүкенге шығып кетсе, әкесі үйдің ауласында жүрген. Жергілікті жұрт апталдай азаматтың қаршадай жиен қарындасына қорлық көрсеткені нағыз айуандық деп бетін шымшыды. Олар әкесі қызының жанұшыра шыққан дауысын естімеген шығар деп топшылайды. Ауыр қылмыс болған үйді жас отбасы бірнеше айдан бері жалдап тұрады екен. Көршілері аядай ғана баспанадан адам қарасы үзілмейді деп ашулы. Өйткені мұнда келіп-кетушілер ащы су ұрттап алып, түні бойы ырду-дырду думанмен айналаға тыныштық бермейді екен.
«Мұндай сұмдық біздің көшемізде бірінші рет болды. Жас отбасы. Қателеспесем, үш баласы бар. Анасы да жапжас. Бірақ олар ешкіммен араласпайды. Үйіне көп адам келеді. Ішіп жүретіні де жетеді. Қорқып қалғанымыз рас. Адам қасиетінен жұрдай қаскөйлер көбейгені қынжылтады», ― дейді Есік қаласының тұрғыны Ольга Семенцова.
Бұл үйге біз де бас сұқтық. Аулада бір топ жігіт жүр. Екеуі камераны көре сала, «қонақпыз» деп басын ала қашты.
«Бұл үйде тұрмаймыз. Қонаққа келгенбіз. Ештеңе білмейміз». Жартылай жалаңаш жуынып тұрған тағы екі азамат тілдесуге құлық танытпады.
Көп ұзамай үйдің ішінен шыққан келіншек кетуімізді өтінді.
Ауыр халде ауруханаға жеткізілген қыздың беті бері қарапты. Дәрігерлер бүлдіршіннің денесінде көгерген іздер болғанын жасырмайды. Сондықтан ақ халаттылар қатты шошыған бала мен оның анасы ұдайы психологтың бақылауында болатынын айтады.
«Ота жасалмады. Гинеколог пен хирург көріп, тиісті медициналық көмек көрсетті. Денесінде көгерген жерлері болды. Қазір қыздың жағдайы тұрақты. Өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Бөлімшеде анасымен бірге жатыр. Біздің психологтар да жұмысын атқарып жатыр. Қыз шок алған. Одан айығуға ұзақ уақыт керек», ― деді Еңбекшіқазақ орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Сиезбаев.
Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, «Қыз зорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.
«Аса ауыр қылмыс жасаған азамат Қызылорда облысының тумасы. Алдын ала мәлімет бойынша ол бірнеше күн бұрын қонаққа келіп, мас күйде болған. Қазір қамауға алынып, ҚР ҚК 120 бабы бойынша тергеу жүргізілуде», ― деп көрсетті Алматы облысы ПД ресми өкілі Әбілтай Әбенов.
43 жастағы күдіктінің бұрын-соңды істі болғаны мен психикалық диспансерде есепте тұрғаны туралы әзірге ақпарат жоқ.
Жалпы Алматы облысында жыл басынан бері кәмелетке толмаған 10 жасөспірім педофилдің құрбаны болыпты. Полиция қызметкерлері ата-аналарға кішкентай баласын қараусыз қалдырмауды сұрайды.