пятница, 22 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
1oC
Астана:
icon
-3oC
×

«Балаларды оразадан арашалаңдар!» – Қоғам белсендісі

Ұлттық өнерді дәріптеуші, қоғам белсендісі Ерлан Төлеутайдың Facebook парақшасында жастардың ораза ұстау тақырыбына қатысты жазған жазбасы көптің қызу талқысына түсті. Онда ол мектеп оқушылары мен студентеріне діни құлшылық жасауға тыйым салатын заң қабылдау керектігін жеткізген.

Фото: kznews.kz
Фото: kznews.kz

«Өткенде ватцабыма бір мұғалімнің ата-аналарға шырылдап жатқан хабарламасы келді. Байғұс мұғалім оқушылардың жаппай ораза ұстағанын, оразаны сылтауратып сабақ оқымайтынын, кейбіреулерінің аштықтан басы айналып құлап жатқанын жанұшырып айтып жатыр.

Мынау менің осыдан бірнеше жыл бұрын жазған постым еді. Бүгін парақшама тағы салуға мәжбүрмін. Жаппай оразашылдық мына жұртты қайда апара жатыр? Бүгінгі Айсұлтан Жақыповтың постысын оқыңыздар! Ел соңғы тиынын «Ауызашар» беруге салуда. «Ифтар» береміз деп, базарда әптер-тәптері шығып жүрген ел. Құрманың келісі төрт мың, өрік-мейіз бен жаңғақтың бағасы да шырқап кетті. Айдалада арап мәз, базарда өзбек мәз. Айтпақшы, Айсұлтанның жазбасының астына «Аш адам оразашыл» деген Мәшһүр Жүсіптің сөзін жазып қойдым. Басқа не деймін?

Жылда ел пітір садақасын мешіттерге төгуде. Ол пітірлер имамдар мен молдалардың хан сарайындай зәулім котедждеріне өңкиген-өңкиген «Джиптеріне» айналуда. Енді бір жиырма күннен соң қанды қасап – құрбан шалу басталады. Қой малының бағасы шырқайды әрі ол 1932-інші жылдың ашаршылығында баудай түскен қазақтай қырылады. Мал саудасы қызған жерлер қан мен жынға бөгіп сасиды.

Уа, Мүфтият, тоқтатыңдар мына сұмдықты! Тым болмаса балаларды оразадан арашалаңдар! Ораза ұстағандар емес, оқығандар озады!

БАЛА НАНҒА ТОЙМАЙДЫ...Əулие Мəшһүр Жүсіп он төрт тоймас бар дейді. Осы он төрт тоймастың бірі ― баланы ойынға тоймас деуге болар еді, бірақ аш бала ойнай ала ма?

Арқадағы отыз екінің ашаршылығын көрген көнекөздер айтушы еді: аштықта алдымен балалар баудай түседі, содан кейін ер-азаматтар қырылады, ең соңында əйелдерге кезек келеді деп. Əйелдердің жаны еркектерге қарағанда берік, сірі келеді екен, оңайшылықпен үзілмейтін көрінеді.

Ал тамақ ішпеген бала жазғы аптапта қуырып соғатын аңызақ қызыл желдің өзіне шыдас бермей, ішіне ыстық түсіп, мұрттай ұшып, өліп кетеді екен.

Сол ескіден қалған тəжірибе ме, əйтеуір бала кезімізде үлкендер бізге ораза ұстатпайтын. Əрине бала болған соң, үлкендердің ораза тұтқанына қызығасың, оның үстіне ораза кезінде жайшылықта көзден бұл-бұл ұшқан түрлі тəттілердің қайдан шығатынын білмейсің, дастарқан жайнап кетеді. Күн сайын сəресі мен ауызашар дастарқанында ауыл баласы үшін ең дефицит тəттілер ― құрма мен науат, мейіз бен мəмпəси т.б. қойылады. Таң құланиектенгенше сəресіде əжеңмен бірге отырып осының бəрінің дəмін татқан қандай рахат, кейде балалық «арам» оймен ораза ұстағың кеп кетеді. Мұндайда үлкендер «тəйт!» деп тиып тастаушы еді. Тіпті ауыл үлкендері кейбір ниет еткісі келген жастарға «ұстай алмайсыңдар, қор қыласыңдар», деп жататын. Жас жігіттердің оразаны неге қор қалатынын кейін түсіндік қой...

Ал енді қазіргімізге не жорық? Жүрген жерімізде көріп жүрміз, жаппай ауыз бекітуге көшкен əсіре науқанқұмар жұрт жас балаларына дейін ораза тұтқызып қойған. Əдетте ораза тұту ― оң солын таныған, өмірдің ащы-тұщысын татқан, бойындағы күнəсі «таудан биік, тастан қатты» күнəһəр пенделердің ісі емес пе? Он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балалар мен он үшке келіп əлі отау иесі болып үлгермеген жасөспірімдердің ораза ұстап, құлшылық қылатындай не басына күн туды.

Осы орайда өткенде жариялаған жазбамды қайта келтіргенді жөн көріп отырмын.

Жақында бір мектепке оқушылармен кездесуге бардым. Оқушыларға қазақ тарихы мен халық өнеріне байланысты біраз əңгімелер айтып, арасында Ақан сері, Біржан сал əндерінен салып беріп отырдым. Арасында оқушыларға сауалдарың бар ма деп қоямын. Бəрі бір ауыздан «Жоқ!» дейді. Содан өзім сұрақ қоя бастадым. Ақан сері, Біржан сал кім болған десем, бір ауыздан білмейміз дейді. Тіпті күні кеше ғана дүниеден өткен Ақселеу Сейдімбековтің есімін ешқашан естімепті. Бірде бір баланың ана тілінде көркем кітап оқымағаны айдан анық көрініп тұр.

Көңіл күйімнің түсіп кеткенін көріп, мектеп директоры: «Оқушылар ораза ұстайды, қарындары ашып, шаршап отыр, содан жауап бере алмай отыр» - деді.

Өлгенім-ай, сол жерде.

Таяуда бір мұғаліммен əңгімелесіп, ораза жайында сұрадым. «Не істерімізді білмейміз, – деп қынжылады мұғалима: – Оқушылар сабаққа дайындалмай келеді, ораза ұстайтынын міндет қылады, оларға бірдеңе дейін десең, ата-аналары балам ораза ұстап жүр, басын қатырмаңдар, – деп арсылдап өзіңмен ұрыссады. Ал мектептерде ораза ұстау жылдан жылға «мода» болып келеді, ораза ұстамаған бала діншіл тұрғыластарының қысымына ұшырамау үшін еріксіз ауыз бекітеді, – дейді. Мұғалиманың сөзі мені еріксіз қайран қалдырды. Иə, мектептерге «зонаның» яғни түрменің, қылмыс əлемінің жүйесі ене бастаған. Тіпті абақтыларға мектептерден «греб» жинайтын топтар бар көрінеді. Бұл енді сұмдық қой!

Көзі қарақты, əсіредіншілдіктен аулақ, діни санадан азат мұғалімдердің пікіріне сүйенсек, кейбір оқушылар оразаны сабақ оқымау, мойнына бір жауапкершілікті алмау, бір жауапкершілікті жүктейін десең, «мен оразамын» деп жеңіл құтылу үшін ұстайтын көрінеді. Осылайша жас ұрпақты өтірікке үйретіп жатқан көрінеміз. Ал керек болса!

Қысқасы жағдай осылай. Қазақ қоғамы осылайша бірте-бірте ортағасырлық діни түнекке батып барамыз. Егер осы қарқынмен кете берсек, қара жамылған Ауғанстан мен араб əлемінің діни мемлекеттерін куып жетпесімізге кім кепіл? Құдай бетін аулақ қылсын!» 

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0

В статье: