пятница, 22 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
1oC
Астана:
icon
-3oC
×

Алматылық келіншектің шетінеп кеткен қызы 17 жылдан кейін АҚШ-тан табылды

Алматылық Ирина Ким 17 жылдан кейін қызының тірі екенін білді. 17 жастағы бойжеткен анасын іздеп, АҚШ-тан хат жазып жіберген. Осыдан 16 жыл бұрын оны шетелдік отбасы асырап алған. Ал бойжеткеннің туған анасы Иринаға дәрігерлер сәбиі шетінеп кеткенін айтқан, деп хабарлайды Аikyn.kz.

Фото: caravan.kz
Фото: caravan.kz

Иринаның айтуынша, 25 ақпанда астанада волонтермін деп бейтаныс әйел хабарласқан.

«Волонтердің сөзінше, почтасына қызымнан хат түсіпті. Маған іздеу салып жатыр екен. Бір қызым негізі шетелде тұрады. Іздеп жатқан сол шығар деген ой сап ете қалды. Артынан біреудің әзілі шығар деп ойладым. «Қай қызымнан?» дегеніме «Рая» деп белгісіз есімді атады. Неге екенін білмеймін, бірден «туған жылын айтыңызшы» дедім. «2004 жылдың 2 шілдесі» дегенде айтарға сөз таппай, абдырап қалдым.

«Мүмкін емес, ол балам қайтыс болған» деп қайталай бердім. Шошытып алмайын деді ме, телефонның ар жағындағы дауыс бетпе-бет кездесуді сұрады. Бірден мекенжайымды беріп, үйге келуін өтіндім», — дейді Ирина Ким.

Сөйтіп Қазақстан аналар қозғалысының белсендісі Ирина заңгер құрбысына хабарласып, мән-жайды айтып, ақыл сұраған. Алаяқтардың ойыны болмас үшін алдымен ДНҚ тест жасатып алуға кеңес берген.

«Волонтер қыздың суреті мен асырап алған кездегі құжаттарды көрсетті. Сол кезде күмәнім бірден сейілді. Оның үстіне, қыз әкесінен аумай қалған. Содан қызымның маған жазған хатын ұстатты. Сөйтіп, Раямен ертеңінде видеобайланысқа шығатын болдық. Сол күні үйге бүкіл балаларым жиналды. Тіпті, шетелде оқитын қызым да байланысқа қосылды», — деді ана.

Иринаның айтуынша, шетелден келген құжаттарда анасы нәрестені тастап, перзентханадан қашып кетті деп көрсетілген. Тұрмысқа да шықпаған екен. Алматы мен Алматы облысынан іздеу салғанымен оны ешкім таба алмаған.

«Мені тіпті ол жақта тұрмаған етіп көрсеткен. Бірақ ол кезде Талғарда тіркелгенмін. Өзіміз ағайынды бесеуміз, соның төртеуі Алматыда тұрады. Бауырларымның біреуін таппағаны қалай? Алтыншы балам азаматтық некедегі күйеуімнен. Ал оның әкесі ретінде бірінші күйеуімді көрсетіп қойған. Одан бес балам бар. Екеуміз ажырасып кетсек те, қарым-қатынасымыз үзілмеген. Балаларым жазғы демалыс сайын әкесінің қасында, ағайын-туғандарына барып тұрады.

Ал мына қызымды дәл 2004 жылдың 2 шілдесінде дүниеге әкелдім. Ол 6,5 айлық болып шала туылды. Үшінші күні, яғни 5 шілдеде дәрігерлер баланың шетінеп кеткенін айтты», — деген Ирина Ким баласын әдейі жетім етіп көрсеткеніне сенімді.

Содан бір айдан кейін нәрестені перзентханадан балалар үйіне өткізген. Салдарынан 2004 жылдың қазан айында Рая ҚР білім және ғылым министрлігі қамқоршылық департаментінің бала асырап алу порталына қойылған.

«Құдай оңдап, қызым жақсы отбасына түскен. Биыл ол мектебін бітіріп, оқуға түспек. 18 жасын Алматыға келіп, бізбен қарсы алмақ. Асырап алған әке-шешесі де келеді. Олар Раядан асыранды екенін жасырмаған. 9-10 жасында жағдайды анасы айтқан екен. Қызымның «әке-шешем неге тастап кетті» дегеніне «әлжуаз болғандықтан ауруханада қалдыруға тура келді» депті.

Есейе келе қызым ата-анасының көңіліне қаяу түсірмеу үшін біз туралы сұрамаған. Бірақ олардың заңы бойынша бала 16 жасқа келгенде туған ата-анасын іздестіруіне ерік береді. Содан қызым іздемек болған», — дейді ол.

Оның айтуынша, шетелдік азаматтарға біздің елден бала асырап алуға рұқсат берілгеннен бастап, яғни 1999 -2005 жылдар аралығында Алматының өзінде асыранды балалардың 40 пайызы кеткен.

Бірақ шетелге қанша баланың кеткені жайында әлі де нақты дерек жоқ. Оның үстіне осы іске жауаптыларды айыптап, сотқа берудің өзі қиын екенін заңгер ескерткен. Әрі кетсе, қызметтік міндеттеріне немқұрайлы қарау бабы бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.

Что думаете об этом?
Нравится 21
Мне все равно 223
Забавно 539
Сочувствую 398
Возмутительно 27