Джакарта қаласында Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері жиналып, фан-клубтың 5 жылдығын атап өтті. Оның қатарында 10 мыңдай адам бар, деп хабарлайды «Newtimes.kz» ақпарат агенттігі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Бұл кездесуді Индонезияның ұлттық кітапханасы мен Қазақстан елшілігі ұйымдастырды. Димаш жанкүйерлері оның әндерін орындап, Қазақстан мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Индонезия астанасында Димаш Құдайбергеннің әндері шырқалды. Олардың кейбіреуі бахаса тілінде орындалды. Джакартада Димаш өнерінің жанкүйерлері өз фан-клубының мерейтойын атап өтті.
«Димаш Қазақстанның алтын дауысы» атты шара Ұлттық кітапханада ұйымдастырылды. 2017 жылдың мамыр айында құрылған фан-клуб қатарында 10 мыңға жуық адам бар. Кейбіреуі қазақ тілін үйреніп алған. Жанкүйерлерінің бірі «Еңлік-Кебек» поэмасының қысқа нұсқасын оқып беріп, оны Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арнады.
«Менің жасым 62-де. Қазақ тілін үйренгеніме алты ай болды. Димаштың дауысын естігеннен кейін қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім ашылды. Бара-бара қазақ жазушылары мен ақындары туралы зерттей бастадым», — дейді фан-клуб мүшесі Тита Сривахуни Коссатита.
DID фан-клубының төрағасы Дестри Ариананың айтуынша, бастапқы кезде небәрі 5-10 адам жиналған.
«Әлеуметтік желілерде белсенді науқан өткізіп, кафелерде кездесіп жүрдік. Біртіндеп қатысушылар саны 10 мыңнан асты. Димаш Құдайбергенге сүйіспешілігіміздің арқасында қазақ мәдениетімен жақынырақ таныстық», — деді ол.