суббота, 23 ноября 2024 г.
icon
494.87
icon
520.65
icon
4.91
Алматы:
icon
-0oC
Астана:
icon
-5oC
×

Ринат Зайытов: «Халық бір күні нан мен сүтті несиеге алып жатса, таңғалмаймын»

Ulysmedia.kz порталына сұхбат берген ақын Ринат Зайытов үкімет қымбатшылықты еңсермесе, тағы бір қаңтар оқиғасы болуы мүмкін екенін ескертті.

«Қымбатшылықты сезесің ғой. Қазір балалар сабаққа дайындалып жатыр. Бір үйден төрт оқушы барады. Қымбатшылық деген де өзіміздің кебіміз. Осы 30 жылдың ішінде қазақ не ашты? Ресторан мен сауна аштық. Басқа түк ашқан жоқпыз. Өндіріс жоқ. Қымбаттамағанда қайда барады? Мына жақтан Қытайға, анау жақтан орысқа, анау жақтан Түркияға қараймыз. Осылар не бере қояды екен деп. Өзімізде қаншама зауыт болды. Бәрі қаңырап тұр мысалы. Әйтпесе, қазірдің өзінде жоқ емес, бар. Қазақша аяқ киім, сөмке шығаратын адамдар бар. Бірақ оның ауқымы түгел Қазақстанды қамтамасыз етуге қайдан жетсін?! Қазақстан түгілі бір ауданды қамтамасыз ете алмайды олар, толық», - дейді ол.

Ринат Зайытовтың айтуынша, мемлекеттен ешқандай қолдау болмайтын болса, ол аяғы бұл қымбатшылық тағы да бірдеңеге апарып соғады. Ақын сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде тіл үшін шықпағанын, бүкіл Қазақстанды «ГАЗ-50» деген әңгіме төңкеріп тастағанын еске алды.

«Менің ойымша, бұдан да қымбаттайтын сияқты. Мемлекеттен бағдарламалар болған жоқ емес, болды. Бірақ оны қалай қолданды? Соның қызығын санаулы адамдар көрген шығар. Мынау Есімовтікі, мынау анаудікі болды. Бір керемет егін де егіліп жатқан жоқ. Мал да ұсталып жатқан жоқ. Субсидиялар мысалы бәләмбай миллиардап беріледі. Ауылдың адамдарына «мал өсірсеңдерші, бірдеңе істесеңдерші» десең, «қайда жаясың?» дейді. Жер жоқ қайда жаямыз деп қиналады. Қиын ғой оның бәрі», - дейді ол.

Ақын бір жылдары Еуразия арнасында жұмыс істеп жүргенде журналистер зерттеу жүргізіп, несие туралы бағдарлама жасалғанын айтады. Сол кезде Қазақстанның 96 пайызы, бір сөзбен 100-ден 96 бөлігі тұтынушылық несие алғаны белгілі болған.

«Оны не үшін алады? Той жасау үшін. Ремонт жасау үшін, баласын оқыту үшін алады. Халықтың жағдайы не болды? Енді ойлаңыз. Биыл бала-шағасына мектепке бару үшін киім-кешек, дәптер-рюкзакты несиемен алып жатқан адамдар бар. Бұл қымбатшылықтың кері. Ешқандай алға ілгерілеу жоқ. Керісінше, төмендеу бар. Енді алдағы уақытта құдай бетін ары қылсын, бірақ күнделікті тамақтың өзін, нанды, май мен сүтті осылай алып жатсақ, мен таңғалмаймын», - дейді ол.

Ринат Зайытов сонымен қатар карантин кезінде үйлерге тамақ таратқанын еске алды. Сонда бір үйге барып, тамақты қораппен апарып берген екен. Бір бөлме жалдап тұрып жатқан отбасы апарған тауық етіне қарап, «ойбай, ет жемегенімізге 6 айдай болып еді» деп айтқанын еске алады ақын.

«Қасымдағылардың бәрі таңғалады. Неменеге таңғаласыңдар дедім. Біз 2000 жылдардың басында екі кандитаттың Төлен Тоқтасынов пен Нұртай Сәбиляновпен бірге жүрген кезде бір ауылға барсақ, балалар футбол ойнап жүр екен. Аяғына пакет киіп алып, орап қойыпты. Алыстан қарасаң, бір әдемі кроссовка сияқты. Бірақ екі түрлі. Аяқ киімі жоқ. Мектепке әке-шешесі әперсе әперді, әпере алмаса ол да жоқ. Екі мыңыншы жылдардың басында болған жағдай. Ал қазір қант таба алмай жатыр», - дейді Ринат Зайытов.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 1
Сочувствую 0
Возмутительно 0