Танымал фотограф Семен Резчиков қазақ қыздарын суретке түсіргені үшін тұрғындар тарапынан қоқан-лоқының астында қалған еді. Ол Stan.kz тілшісіне Қазақстанға не себепті келгенін және «қазақ қыздарын арбаймын» деп елді шулатқан блогер Алекс Леслиге қатысты пікір білдірді.
Бүгінде фотографқа жағымсыз пікірлер мен хабарламалар жазатындар легі әлі де толастар емес.
«Кейбір қазақстандықтардың неге дәл менің адресіме хейт айтып жатқанын өзім де түсінбеймін. Бұл өте біртүрлі жағдай. Менің ойымша, әрине бұл Алекс Леслиге байланысты. Оған қатысты жаңалықтар шыққанға дейін маған ешкім бұндай сөздер жазып, қоқан-лоқы көрсетпеген», – дейді Семен Резчиков.
Бұнымен қатар фотограф Қазақстанға не себепті келгенін айтты.
«Мен көптен бері саяхаттап, адамдардың өмірін суретке түсірудің армандайтынмын. Қазір осы іспен айналысып жүрмін. Қазақстанға да сол мақсатпен келдім. Бұл жақта қанша уақыт болатынымды әзірге білмеймін. Бірақ маған Қазақстан қатты ұнап қалды. Адамдардың сұлулығы мен ілтипаттылығы мені таң қалдырды. Мұнда өте керемет адамдар тұрады. Қыздар, жасыратыны жоқ, әдемі әрі сүйкімді, харизмалары да керемет. Тек бойжеткендер туралы ғана емес, жігіттер туралы да соны айтар едім», – дейді ол.
Сондай-ақ Семен Резчиков Алекс Леслиге қатысты ойын білдірді.
«Леслиді қолдамаймын. Оның нені көздейтіні және өмір салты маған түсініксіз», – деді блогер.
Айта кетсек, Семен Резчиков бірнеше ай бұрын Ресейден Қазақстанға көшіп келген. Ол Алматы көшелерінде жергілікті қыздарды суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген болатын. Фотосуреттері көптеген лүпілдер мен жағымды пікірлерлер жинады.
Алайда фотографтың әрекетін сынға алып, агрессияға толы хабарламалар жібергендер де болды. Оны тұрғындар қазақ қыздарын жарнамалады деп айыптап, «қазақ қыздарын арбауды үйретемін» деген ресейлік блогер Алекс Леслимен салыстырып, жолығатын болсақ «құлағын кесіп тастаймын» деп қорқытқан болатын.