Журналист Кәмшат Тасболат қазақ тілінде ақпарат беруге енжарлық танытып, тұтынушылардың құқығын бұзып жүрген сауда желісінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге құлқы жоқ дүкен жайлы журналист Facebook желісінде жазды.
«Тұранның бойындағы дүкенінің Конституцияның, тілдер туралы заңның, тіпті, әкімшілік құқық-бұзушылық кодексінің мемлекеттік тілге қатысты нормаларын бұзумен қатар, тұтынушының құқығын ескермей отырғаны осыдан бір-екі ай бұрын сауда желісінің шағым кітабына жазған едім. Өкінішке қарай, ешқандай нәтиже жоқ, бізде «Мухоряпов дауы» сияқты қоғамдық резонанс туғызбаса, тілдік заңды талаптарды кім орындап жатыр? Мәселен, тұтынушыларға ақпарат ылғи орысша айтылады. Анықтама бөліміндегі операторға ескерттік, ескертуден кейін қазақша-орысша ақпарат бере бастаған сияқты еді, бірақ қайтадан бірыңғай орысшаға өтіпті», – дейді Кәмшат Тасболат.
Журналист бұл заңбұзушылық екенін дүкен басшылығына айтыпты. Алайда тұшымды жауап ала алмаған.
«Өткенде менеджерлерінің бірінен себебін сұрағанымда, ол: «Бұрын ақпаратты қазақша және орысша бірдей беруші едік, енді тек орысша бере бастадық» дейді. «Ресейден мобилизациядан қашқандарға жасап жатқан жағдайларың ба? Бұл заң бұзу ғой» десем, сазара қарайды. Айтпақшы, мұндағы жұмысшылардың басым бөлігі қазақ, жалақысы аз болған соң ба, білмедік, көбіне өз қандастарымыз қызмет етіп жүр ғой. Онда несіне жүз рет «прадабец атдела бакалея прайдите суда-туда» деп қайталай береді екен?! Байқауымша, осындай сауда желілерінің шағым кітаптарында мемлекеттік тілге қатысты талаптардың орындалмағаны туралы арыз көп. Заң бойынша, тікелей сотқа, прокуратураға шағымдануға болады ғой», – деп ол бұл мәселеге көз жұмып жүре бермей, іске көшуге шақырды.