пятница, 17 мая 2024 г.
icon
441.58
icon
480
icon
4.86
Алматы:
icon
18oC
Астана:
icon
16oC
1xadv
×

Тиран-күйеуіне үш баласын тастап қашқан алматылық келіншек оларды қайтарып алуға ниетті

Алматылық Әлия Маратқызы күйеуінің қорлығына шыдамай үш баласын тастап, үйден қашып кеткен. Айтуынша, тиран-күйеуі оны ұрып-соғып, мәжбүрлеп ішімдік ішкізіп, есірткімен улайтын көрінеді. Көңіл қосқан адамымен тұрақты мекен тапқан ол енді үш баласын қайтарып алмақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап.

2022 жылдың 2 қарашасында әжетханаға кеткен Әлияны күйеуі Жақсылық Абдалиев таппай қалды. Ер адам бір ай хабар-ошарсыз жоғалып кеткен әйелінің мұндай қадамға баруына екеуара болған жанжал себеп болды деп ойлайды.

«Мас еді. Соған ашуланып, айқайладым. Бұл бірінші рет ұрысқанымыз емес. Жанжал бұған дейін де болған. Сөйтіп ол әжетханаға сұранды, жібердім. Арада 10 минут уақыт өтті. Кешіккен соң көріп келсін деп қызымды жібердім. Қызым да таппай келді. Артынша жүгіріп көше-көшені аралап іздедім. Сол күйі таба алмадым», – деген Жақсылық өзі де арам судан алыс емес екенін мойындады.

Тұрып жатқан үйде еш жағдай жасалмаған. Ішерге тамақ, киерге киім, үйді жылытар отын жоқ. Ер адам күнделікті күнкөріс тіршілігіне ең қажетті заттарды қайыр сұрап табады.

«Өткенде мешітке жұма-намаз кезінде бардым. Әйелім жоғалып кетті деп едім, адамдар көмектесті. Тапқан 20 мың теңгеге азық-түлік алдым. Бір аптаға жетті. Үлкен қызды сабаққа жіберіп, екеуін алып мешіт жаққа барамын. Үшеуіміз қаз-қатар отырған қайыршылардың жанына барып отырамыз», – дейді ер адам.

Сондай-ақ Әлиямен отасқанына 8 жыл болған Жақсылық үйдің жұмыстарына үйреніп қалғанын және балаларсыз өмірін елестете алмайтынын жеткізді.

Редакцияға отбасындағы үш баланың адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқаны туралы хабарды жедел жәрдем қызметкерлері жеткізген. Балаларын жәудіретіп тастап кеткен келіншек араға бір ай уақыт салып, Талдықорған қаласынан табылды. Онда да жалғыз емес болып шықты. Үш баласына қарайламастан кетіп қалған келіншек Сағындық есімді ер азаматпен көңіл қосқан.

Сағындықтың айтуынша, ол Әлиямен бір ай бұрын танысқан. Ол келіншектің күйеуінен зорлық көргенін, денесінің сау тамтығы жоғын айтады.

Әлия 8 жыл отасқан күйеуінің өзін ғана емес, балаларға қол көтеретінін айтты.

«2 қараша күні 8 жыл бірге тұрған күйеуімнен кетіп қалдым. Мені ұрды, шашымды алып тастасам, басымдағы жаралардың орнын көресіздер. Балалардың басынан нұқып ұратын. Соған шыдай алмай кетіп қалдым. Жақсылықпен танысқалы ол маған мәжбүрлеп арақ ішкізетін, анаша шеккізетін, қайыр сұратып, ақша тапқызатын. Бала-шағаммен мешіт жағалап жүретінбіз. Мені көсеумен ұратын», – дейді Әлия.

Алматылық Әлия 18 жасында туған әкесі зорламақ болғанын, сол себепті үйден қашып кеткенін айтты. Кейін ата-анасы тауып алып, жындыханаға жатқызған. Әлияның айтуынша, ол бес күн жындыханада жатқан.

Сондай-ақ келіншектің үш баладан бөлек «Перзент» балалар үйіне өткізген екі баласы бар болып шықты. Екі жеткіншекті балалар үйіне Әлияның өзі табыстаған.

«Былтыр ақпан айында Әбішова Әлия деген келіншек келіп екі баланы тапсырды. Ол бірге тұрып жатқан ер азаматтың бұл балалардың әкесі емес екенін айтқан. Әлеуметтік жағдайының төмен екенін алға тартып, жұмыс істейін десе, балаларды қарайтын адамның жоғын түсіндірді. Балалардан сұрап едік, олар Жақсылықтың өздерін ұратынын, анасымен де тұрғысы келмейтінін айтты», – деді «Перзент» балалар үйінің қызметкері Санжар Үсенбаев.

Әлияның жағдайына байланысты онымен жылдар бойы жұмыс істеген «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал Басирова балаларды ата-анасына сеніп тапсыруға болмайтынын айтты.

«Сіздерге мүмкіндік берілді. Комиссия отырысында «түзелеміз» деп уәде еттіңіздер. Бізде екеуінің бірге ішімдік ішкен бейнежазбасы бар. Мен де балалардың анасының жанында болғанын қалаймын, бірақ балалар мынандай жағдайда өмір сүрмеуі тиіс. Балалар ата-анасымен тұрғысы келмейді. Анасына емделу керек», – деді Ақмарал.

Бағдарлама соңында балалардың арнаулы мекемеге, Әлияның психиатриялық орталыққа жіберілетіні туралы шешім қабылданды.

Ақмарал Басирова өзінің Facebook-тегі парақшасына осыған қатысты жазба жариялады.

«Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия көп балалы отбасының ісін қарады. Балалардың құжатында Жақсылық олардың әкесі ретінде жазылмаған. Ол заң бойынша балаларға ешкім емес. Анасы Әлияның аналық құқығы шектелді. Балаларды «Перзент» балалар үйіне Әмина апаға тапсырдық. Алла ол кісіге денсаулық берсін. Алатау шағынауданының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі қорғаншылық және қамқоршылық комиссиясы жұмыстарын жалғастыруда. Қаншама тағдыр...», – деліген хабарламада.

Что думаете об этом?
Нравится 0
Мне все равно 0
Забавно 0
Сочувствую 0
Возмутительно 0